Әлемді мойындатқан қазақстандық кәсіпқой боксшыларың арасында Жанқош Тұраровтың шоқтығы биік. Осы уақытқа дейін жеңіліп көрмеген Жанқош соңғы жекпе-жегін 2017 жылдың қыркүйегінде өткізіп, 22 жеңісіне қол жеткізген еді. Астанада өткен бокс кешіннен кейін оның жекпе-жек өткізбегеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Жанкүйерлердің басым көпшілігін «Жанқош былғары қолғабын шегеге ілді ме?» деген сұрақ алаңдатып жүр. Мәселенің мән-жайы мен Жанқоштың қал-жағдайын білу үшін спортшыға арнайы хабарласқан едік.

– Астанада өткен жекпе-жегімде қолымды сындырып, ауыр жарақат алғанмын. Соны емдеу үшін біраз үзілісіп алып, жарақатымнан толық айығуды жөн көрдім. Бірақ тағы да қолымнан жарақат алып, шаршы алаңға оралуыма кедергі болды. Сөйтіп көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты. Қазір жан-жақтан, әртүрлі үлкен компаниялардан ұсыныс түсіп жатыр. Американың Лос-Анджелес қаласынан, Арабиядан және еліміздегі ірі компаниялар келісімшарт ұсынып отыр. Барлық жағдайды өзімнің бақылауыма алғым келгендіктен, ешқайсысымен келісімшарт жасаспадым. Одан бөлек, промоутерім Нельсон Лопеспен келісімшартты үзген жоқпын, басқа ірі промоутерлік компнаниялармен бірлесе жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Жақында Америкаға жол жүремін. Сол жақта қандай компаниямен келісімшартқа отыратыным, спорттық мансабымның қалай өрбитіні белгілі болады. Шынымды айтсам, шаршы алаңды өзім де сағындым. Менің жекпе-жегімді күтіп, спорттық мансабыма алаңдаған жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Әлі талай жарқын жеңістеріммен қуантып, еліміздің мерейін үстем етемін.

Жанқош бір жылдай шаршы алаңға шықпай, жекпе-жек өткізбегендіктен әлемдік рейтингтегі үздіктер сапынан шығып қалды. Дегенмен бұл жайт спортшыны алаңдатпайды.

– Иә, бір жылдық үзілістің кесірінен әлемдік рейтингтегі жағдайым нашарлады. WBA және IBF тұжырымдарының рейтингінен мүлдем шығып қалдым. Дегенмен бір жекпе-жектен кейін рейтингтегі жағдайым орнына келеді. Сондықтан бұл жайтқа аса алаңдамаймын. Қазір WBC тұжырымының президенті Маурисио Сулейманмен келіссөздер жүріп жатыр. WBC-дің де рейтингіне кіріп, чемпиондық белбеуге таласуға мүмкіндік болады.

Боксшымыздың жекпе-жекке шықпауына жарақатынан бөлек, белгісіз біреулермен қақтығысы да әсер етті. Алматының қақ ортасында спортшыға шабуыл жасалды. Оқиғаның немен байланысты болғанын Жанқоштың өз аузынан естідік:

Алматы қаласында болған оқиғаның кесірі де шаршы алаңға тезірек оралуымды қиындатты. Жақында сол оқиғаға байланысты сот шешімі шықты. Енді оқиғаға келер болсақ, заңды түрде күзет компаниясын ашқанмын. Оқиға болған жердегі мекеменің басшысымен келісіп, күзет қызметін жүзеге асыруды мойнымызға алдық. Сол жердегі күзетте істейтін жігіттерге мән-жайды түсіндіріп, мекемені босатуын сұрадым. Жігіттер жанжал шығарып, ашуға басып, боқтық сөздер де айтты. Сыртқа шыға сала тапаншадан оқ атты. Аллаға шүкір, денсаулығыма ешқандай зақым келген жоқ», – дейді Жанқош.

Отандасымыз Қанат Исламмен біраз жыл жұмыс істеген Нельсон Лопеспен әлі де келісімшартын үзбеген. Қанаттың жағдайынан кейін америкалық промоутер тек қара басының қамын күйттеп жүрген секілді көрінді. Бірақ боксшының ойы мүлде басқаша.

– Шыны керек, Лопестің пайда көріп жатқаны шамалы. Онымен негізі ешқандай келісімшартымыз жоқ, тек ауызба-ауыз келіскенбіз. Сырт көзге бәрі оңай көрінеді. Промоутерлердің де жұмысы қиын, әрі ауыр. Сондықтан ішкі жағдайды түсінбей, сырттан тон пішетіндер көп. Толыққанды жаттығуға Америкаға барғанда кірісемін. 3-4 айда бабыма келіп, жекпе-жек өткізуге сақадай сай боламын. Қазір әртүрлі жарыстар мен қарсыластарды қарастырып жатырмыз. АҚШ-тағы белгілі Showtime телеарнасы қызығушылық танытып, ұсыныс тастады. Егер бәрі ойымыздан шықса, келісішартқа отыруымыз мүмкін.

Жанқоштың кәсіпқой бокста жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болды. Мұхит асып, кәсіпқой бокстың отаны саналатын АҚШ-қа аттанған алғашқы қазақ боксшыларының бірі. Осы уақыт аралағында басынан небір қиыншылықтар мен қызықтар өткен.

– Бейбіт Шүменов ағамыздан кейінгі АҚШ-қа аттанған алғашқылардың бірі болдым. Геннадий Головкин мен Қанат Ислам ағаларымыз Америкадағы жекпе-жектерін 2012 жылдан бастап өткізді. Америкада атақты кәсіпқой боксшылардың бірі Флойд Мейвезердің жаттығу залында үш жылдай жаттықтым. АҚШ-та кәсіпқой бокстың көрермендері өте көп және олар үшін америкалық боксшылардың үлкен жекпе-жектерге шыққаны керек. Өйткені, америкалықтар тек өздерінің спортшыларын көргісі келеді. Тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ғана өзін дәлелдеуге мүмкіндік алады. Жылдар бойы төккен терің мен еңбегің түбінде жемісін береді. АҚШ-та кәсіпқой бокс жақсы дамығаны белгілі. Жаттығуда да ерекшеліктер көп. Мысалы, біздің мамандар әуесқой боксқа машықтанған. Жаттығу барысында су ішпеу керек деген сияқты қағидалар бар. Ал Америкада жаттығу 5-6 сағатқа дейін жалғасып, кемі үш литр су ішеді. Бұның бәрін түсіну үшін АҚШ-та жаттығып, сол жақтың атмосферасын сезіну керек. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін спортшылармен бірге жаттығып, спарринг жасаймыз. Күніне 5-6 боксшымен спарринг өткізген кездер де болды. Бірде, кіші Флойд Мейвезердің ұлымен спарринг өткіздім. Екеуміз шаршы алаңда жұдырықтасып жатқандай Мейвезердің өзі бәрін бақылап, ұлына ақыл-кеңесін айтып тұрды. Баласының жағдайының мәз емес екенін көрген ол айғайға басты. Мейвезердің айқайына делебем қозып, екі есе қарқынмен жұдырықтастым. Сөйтіп Мейвезердің баласы үшінші раундтан кейін спаррингке шығудан бас тартты. Ол кезде небәрі бес жекпе-жек қана өткізгенмін, рейтингім де аса жоғары емес еді. Мейвезерің өзі қызығып, қанша жекпе-жек өткізгенімді сұрады. Бірақ рейтингтегі жағдайым мен кәсіпқой бокста өткізген кездесулерімнің санын білгеннен соң ешқандай келісімшарт ұсынған жоқ. Алайда 2014-2015 жылдары Мейвезердің командасы келісімшарт ұсынған болатын.

Жанқош «ғасыр жекпе-жегі» саналған Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу алдында пікір білдіріп, қос боксшыға да оңай болмайтынын айтқан еді. Головкиннің жеңілісі туралы да ойын айтты.

Бірінші жекпе-жекте Головкиннің жеңісі шүбәсіз еді. Бірақ екінші кездесу туралы бұлай айта алмаймын. Шыны керек, Альварестың қарқыны мықты, ұстанған тактикасы да жақсы болды. Нағыз мексикалық стильде шаршы алаңның ортасында ашық айқасты. Бір шетінен, Головкиннің жасы да рөл ойнады. Сауль шаршы алаңдағы шеберлігі мен жеңіске деген құштарлығын анық байқатты. Әрине, спорт болғаннан кейін жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Головкиннің еліміздің боксы үшін жасаған пайдасы шаш етектен. Сондықтан біз үшін әрқашан чемпион болып қалады. Головкиннің жеңілісі үшін аса қатты қайғырып, қан жұтудың қажеті жоқ. Өйткені Саульдың қолында кеткен белбеулерді қазақ еліне қайтаратын боксшыларымыз жетерлік. Алла қаласа, барлық салмақтағы чемпиондық атаққа қазақстандық кәсіпқой боксшылардың қол жеткізетіне сенімдімін. Біздің алар асуымыз бен бағындырар белестеріміз алда.

Жанқош қазақ кәсіпқой боксшыларының әлеуетінің мықты екенін айтып, бәрінің болашағы зор екенін білдірді. Сондай-ақ өзінің де мақсаты айқын, арманы асқақ.

– Кәсіпқой бокста жүрген замандастарымның ешқайсын бөліп жарғым келмейді. Бәрімен жақсы қарым-қатынастамын, бәрі бауырларым. Олар үш-төрт жылда әлемді аузына қаратып, қазақтың жұдырығының күрзі екенін, мінезінің қайсар екенін көрсетеді. Мақсатымыз – Қазақ елінің туын желбіретіп, абыройын асқақтату.  Осы жолда күн-түн демей еңбек етіп, шүмектеп тер төгуде. Егерде бәрі ойдағыдай болса, екі-үш кездесуден кейін Қазақстанда чемпиондық атақты сарапқа салатын жекпе-жек өткізуім мүмкін.

Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Жанқоштың жұдырықтасу мәнері де, шеберлігі де адамды тәнті етеді. Отандасымызға тезірек шаршы алаңға оралып, жекпе-жегін асыға күтіп жүрген қалың жанкүйерлерін кезекті жарқын жеңісімен қуантуын тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз