Жақында Алматы қаласында New era атты жаңа технология жетістіктерімен таныстыратын көрме өтті. Көрмеде AR және VR технологиялардың үздік инновациялық жобалары таныстырылды. Оның қатарында балаларға арналған Zhanuar 4D және Baksha 4D карталары, «Бірлігіміз жарасқан» жанды кітабы, «Тарихи жол» мобильді гиді, 360 градуста видео түсіретін көзілдірік сияқты адам таңқаларлық жобалар бар.

AR ағылшын тілінен аударғанда «қосалқы шындық» деген мағына береді. Түсінікті тілмен айтсақ, AR – қоршаған ортаны толықтырып жақсарту үшін ақпаратты компьютерлік бағдарламалардың көмегімен өңдеу.  Ал VR дегеніміз – виртуалды шындық. Виртуалды және толықтырылған кеңістіктегі реалды әлем туындылары әлемдегі озық технологиялардың бірі. Мұндай технологиялық жетістіктер Қазақстанда да бар.

Бүгін сендерді жаңа технологияның жетістіктерімен таныстырмақпыз. Бұл өнімдердің барлығын өзіміздің қазақстандық жастар жасаған. Бұл өнімдер еліміздің тұрғындары үшін қолжетімді.

Сонымен, қазақ жастары жаңа технологияны қалай меңгеріп, қандай жоба жасады? Шолу жасайық.

Сөйлейтін жемістер мен жанды жануарлар

Көрменің ұйымдастырушысы Sana Academy бағдарламалау мектебі жанды карталар жасап шығарды. Олар Baksha 4D және Zhanuar 4D деп аталады. Жалпы Sana Academy екі түрлі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – білім беру саласы. Мұнда 8-14 жас аралығындағы балаларға компьютер курсы оқытылып, робототехника, логика сабақтары жүргізіледі. Жұмыс істеп жатқан екінші бағыты – жаңа технологиялық өнім жасау. Zhanuar 4D мен Baksha 4D – осы бағыттың жемісі. Мұндай өнімдерді жасау туралы ой балаларға арналған 3D модельдеу анимация курсы кезінде пайда болған екен.

Zhanuar 4D карталарының көмегімен қолданушы балалар жануарлардың тек суреті мен атын ғана үйреніп қоймай, мобильді қосымшаның көмегімен карталарды сканерлеу арқылы түрлі жан-жануарлардың бейнесін көріп, дауысын естуге мүмкіндік алады.

Baksha 4D деп аталатын карталардың да қызметі Zhanuar 4D жобасына ұқсас. Сәйкесінше, картадағы көкөністер мен жемістер сөйлеп, қолданушыға қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде қызықты қосымша ақпарат береді.

Бағдарлама көмегімен балалар жан-жануарлармен, жемістермен, түрлі объектілермен 3D түрде толық таныса алады. Sana Cards өнімдерінің бағасы өнімдерінің бағасы 3000 теңге көлемінде. Әрбір жинақта бау-бақша өнімдерінің 28 түрі қамтылған.

Sana Academy бағдарламалау орталығының басшысы Нұрсұлтан Әжімұратов алдағы уақытта қазақ тілінің латын әліпбиін үйрететін жаңа жоба жасамақ ниетте екенін айтады.

«Бірлігіміз жарасқан» жанды кітабы

Қазір жастар кітап оқымайды, балалар кітапқа қызықпайды дегенді жиі естиміз. Олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек деген сауал көпшілікті мазалайтын басты сұрақтың бірі. Жақында Thousand IT компаниясының бағдарламалаушылары бұл сұрақтың жауабын тапты. Олар жанды кітап жасап шығарды.

Кітап дегенде көз алдымызға ішінде мәтіні бар немесе көрнекілік үшін суреттер салынған парақтардың жиынтығы елестейді. Ал кітап ән шырқайды, саған әңгіме айтып береді десе, мұны ертегіге балайтын едік. Ал қазір осы қиялдың бәрі шындыққа айналған.

Thousand IT компаниясы жасаған «Бірлігіміз жарасқан» атты жеті беттен тұратын AR-кітаптың әрбір бетін ашып, смартфонға жүктелген арнайы мобильді қосымшаның көмегімен іске қоссаңыз, кітаптағы әңгіме мен кейіпкерлерге жан бітіп, кітаптың мазмұнымен таныстырады. Бұрын бізге ата-әжеміз кітап оқып беретін. Кітаптың кейіпкері Сәрсенбай ата өз оқырмандарын түрлі аңыз әңгімелермен таныстырып, ән айтып, күй де шертіп бере алады. Жаңа кітап сатылымға келесі айдан бастап шығады деп жоспарланып отыр.

«Тарихи жол» гид-қосымшасы

Қазақстанда тарихи мекендер мен ескерткіштер, кесенелер мен киелі жерлер көп. Бірақ, ол жерлердің барлығы таныстырушы мамандармен қамтылмаған. Тіпті, кейбір тарихи ескерткіштердің тарихын жергілікті халықтың өзі жете біле бермейді. Соған қарамастан, Қазақстандағы ескерткіштер мен тарихи орындар зерттеушілер мен туристердің сұранысына ие. Осы орайда AVSoftware компаниясы «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары аясында «Тарихи жол» атты мобильдік қосымша жасап шығарды. Мобильді қосымшада Қазақстанның киелі аймақтары туралы мәліметтер қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде жинақталған. Бағдарламаның басты ерекшелігі – оффлайн режимде де жұмыс жасай беруінде. Себебі еліміздің барлық жерінде ұялы байланыс бірдей дамымаған. Әсіресе, тарихи орындар елді мекендерден шалғай орналасқанын ескерсек, «Тарихи жол» жобасы қолданушылар үшін тиімді.

Тағы бір ескере кететін жағдай, еліміздің көрнекі орындарын тамашалауға келген шетелдік туристер қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы ақпаратты өзіне ыңғайлы тілде ала алады. Бес тілде бірдей «сөйлейтін» бағдарлама туристер үшін ұтымды шешім болмақ. Мобильді қосымшаның құрастырушылары алдағы уақытта қосымшадағы тарихи жерлердің қатарын толықтыруды көздеп отырғандарын айтады.

«Тарихи жолдың» ерекшелігі – тарихи маңызы бар жерлерде орнатылған QR-кодты сканерлеу арқылы телефоныңызға жанды гид жасай аласыз. Жанды гид тарихи тұлға рөлінде көрініс береді және гид ретінде сізді орын туралы толық ақпаратпен қамтамасыз ете алады. Тағы бір ерекшелігі – Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының киелі аймақтарының көрінісін 360 градустағы видео және фотопанораманың көмегімен тамашалауға мүмкіндік бар», – дейді AVSoftware компаниясының мүшесі Арман Есенғожинов.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №44
30 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз