Бүгін таңертең Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы көпбалалы, жағдайы нашар отбасыға жаңа үйдің кілтін табыс етті.

Бұл сауапты іс Алматы қалалық «Зекет» қорының тікелей қолдауымен жүзеге асты. Алматы облысы, Талғар ауданы, Жалқамыс ауылына Тұрмахан аға отбасымен Өзбекстаннан 9 жыл бұрын көшіп келген. Тұрмахан ағаның  мүмкіндігі щектеулі, өздігінен жүріп-тұруы қиын. Тіпті сөйлеуі де оңай емес. 9 жылдан бері аядай ескі тамды паналап келген. Отбасында 4 ұл, 1 қызы бар.

«Тұрмыстың тауқыметін көрген жанұя еді. Былтырдан бастап осы үйді салып бастағанбыз. Алматы облысының өкіл имамы Қуаныш Бақтыбекұлы мен «Зекет» қорының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерді көмекке шақырып, осы үйдің іргесі қаланды. Күннің суығына қалмай ертерек бітірсек деп едік, Құдайға шүкір, бүгін қоныстанып жатқан жайы бар.

Қазір қай ортада да тек жаман нәрселер еститін болдық. «Тонап кетті», «өлтіріп кетті» деген әңгімелерді көп естиміз. Ал бүгінгі шараны игілікті нәрсе деп журналистер қауымын да шақырып отырмыз. Ондағы мақсатымыз – кәсіпкер азаматтарға ғибрат болсын, ой салсын дегеніміз еді. Алла Тағала осы кішкентайларға ұзақ ғұмыр берсін! Елімізге, халқымызға қызмет ететін үлкен азаматтар болуды нәсіп етсін!» – деді Бас мүфти.

«Осы үйде 9 жылдан бері тұрып келеміз. Жолдасым 3-4 жылдан бері ауырып, жұмысқа жарамай қалды. Жағдайымыз келіспеді. Балаларымның алды 9-сынып оқиды. Ауыл имамы Серғазы көмектесіп тұрды. Үйіміз болса деп өтініш білдіріп едік. Көпке созбай дегенімізге жеткізді. Осы іске көмектерін қосқан барлық адамға отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Жаңа үйіміз күшті. Қуанышымызда шек жоқ», – деді отанасы Айсара Қыдырниязова.

«Жаңа үй күшті екен. Кеше қонғанбыз. Бұрынғы үйіміз тым кішкентай еді. Ағалардың бәріне рақмет айтамыз. Біз де енді сабақты жақсы оқитын боламыз», – деді қуаныштары қойнына сыймаған балақайлар.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ
13.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз