Айдын Айымбетов Астанадағы жас ғарышкерлер мектебінде сабақ береді. Ол 2013 жылдан бері «Ғарыш және балалар» шығармашылық конкурсын ұйымдастырып жүр.

Дәмді тамақ жеу үшін оны пісіру керек, жақсы ән тыңдау үшін оны шығару керек қой. Аспан әлемін игеру үшін, оны толық зерттеу үшін, әуеге ғарышкерлерді аттандыру үшін алдымен әуе кеңістігіне ыңғайлы техника дайындау керек. Аспан әлемін зерттеп, ғарышқа жер серігін ұшырып жатқан қазақ жастары туралы, ғарыш техникасын дайындайтын мамандар туралы не білеміз?

Қазақстанда «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан деп мақтанышпен айтамыз. Алайда бұл мекен «Ғарышкерлердің Меккесіне» айнала алмай отыр. «Байқоңырдың» мүмкіндіктерін толық меңгеру үшін білікті мамандар керек-ақ. Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орнына «Ғарыштық технологияларды дайындау» дейтін мамандықты оқыту бағдарламасы енгізілгелі 8 жыл болды. Мұнда білім алып жатқан жастар аспан әлемі туралы оқып қана қоймай, ғылыми зерттеулермен де айналысады. Оларға арнайы зертхана, тіпті жер серігімен байланысқа шығатын құрылғы да берілген. Бұл қадамдардың барлығы білікті кадр дайындау мәселесін шешуге бағытталған шаралар. Мұның бағасын аталған мамандықты меңгерген және білім алып жатқан жас техниктердің аяқ алысына қарап беруге болады.

«Ғарыштық техника және технология» мамандығын үйрететін мамандар алдымен шетел көріп, сол елден тәжірибе жинап келуі керек. Ғарыш саласындағы білікті мамандардың аздығы сондай, «Қызыл кітапқа» енгізуге болады. Осындай саусақпен санарлықтай мамандар Қазақ Ұлттық университетінде (ҚазҰУ), Алматы энергетика және байланыс университетінде (АЭжБ) және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеттерінде (политех) дәріс береді. Жаңа мамандықтың Қазақстандағы оқу орындарында пайда болғанына 8 жылға жуық уақыт қана өткенін жоғарыда айтып өттік. Төрт жылдық бакалаврды тәмамдау ғарыш техникасын толық меңгеруге мүмкіндік бермейді. Осы мамандықтың магистратура мен докторантурасын аяқтаған, шетелге барып тәжірибе жинап қайтқан жас мамандарды түгендейтін болсақ, олар енді ғана ғалымдар легіне қосылып жатыр. Солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәріс беретін Нұрсұлтан Досжан. Ғарыш күні қарсаңында Нұрсұлтанмен жүздесіп, жаңа ғасыр жастарының ғарышты игеруге қандай әрекет жасап жатқанын сұрап білдік.

Ғарыш техникасына деген махаббатым Жапонияда пайда болды

Ұлан: Аспан әлеміне деген қызығушылық қалай басталды?

Нұрсұлтан Досжан: Оқушы күнімде ғарышкер, болмаса ұшқыш болам дейтінмін. Мектеп бітірген соң Алматыдағы ҚазҰУ-ға техникалық физика мамандығы бойынша грантқа түстім. Магистратурада астрономияны меңгеріп, тәжірибені Жапониядан өттім. Магистратураға түскен жылы факультетімізге көптеген жаңа құрылғылар әкелінді. Оқу процесінен тыс уақытта түрлі бағдарламалар жасап көрдім. Оқытушыларымыз осы кезде бес магистрантты таңдап Жапонияға оқуға жіберетін болды. Менің ғарыш техникасына деген махаббатым осы кезде пайда болды. Ол жақта жаңа ғарыштық аппараттармен танысып, оны құрастырып, әр түрлі сынақтардан өткіздік. Елге оралған соң ҚазҰУ-дың Механика кафедрасының «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша докторантураға түстім.

Ұлан: «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы студенттерге не үйретеді? Болашақта мамандар қандай қызмет түрлерін көрсете алады?

Нұрсұлтан Досжан: Ғарыш саласы қоғамның тіршілік әрекетінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Ғарыштық бағдарламаларды дамыту мемлекеттің экономикалық, ғылыми-техникалық, қорғаныс қуатын анықтайды. Біздің түлектер ғарыш бағытындағы зымыранды ұшыру және ғарыш қызметі мен технологияларының негіздерін, ғарыш аппараттарының навигация мен баллистика негіздерін, жерді қашықтықтан зондтау жүйесінің негіздерін, кіші ғарыштық аппараттарды жобалауды және оларды сынақтан өткізуді, сонымен қатар халықаралық стандарттарды біліп шығады. Ғарышта материалдар мен басқа өнімдер өндіруді, ғарышқа ұшыруға арналған құрылғыларды дайындауды меңгереді.

Ғарышты меңгеру үшін ағылшын тілін білу маңызды

Ұлан: Ғарышты зерттеуге қызығатын оқушыларға қандай ақыл-кеңес бересіз? Аспан әлемін толық меңгеру үшін қай жағынан мықты болуы керек?

Нұрсұлтан Досжан: Әрине, ең бірінші физикалық заңдылықтар мен математикалық есептеулерді жақсы білу керек. Теория мен практиканы ұштастыра білу аса маңызды. Себебі, ғарыш деген күнделікті көріп-біліп, ұстап көріп жүрген нәрсе емес. Ол құпиялар мен тосынсыйларға толы әлем. Маман алдағы уақытта не болатынын алдын ала зерттеп біліп отыруы керек. Ғарышты меңгеру үшін алдымен ағылшын тілін жақсы біліп алған абзал. Танымымды кеңейтемін, әлемдік тәжірибе туралы оқимын дегендерге қазақ және орыс тілдерінде ақпарат аз. Ғылыми зерттеулердің барлығы дерлік ағылшын тілінде жазылған.

Ұлан: Аспан әлеміне қызығатын мектеп оқушыларына дәріс бересіздер ме? Мысалы, «Ұланның» оқырмандары оқу орнындағы зертханамен таныса ала ма?

Нұрсұлтан Досжан: Әрине, біз үнемі ашық есік саясатын ұстанамыз. Зерттеуге, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен айналысуға арналған арнайы аудитория мен зертханалар бар. Жердің магниттік өрісін имитациялайтын имитатор-стенд, ғарыштық аппараттармен байланыс орнатуға арналған Жер стансасы арқылы да хабар алмасу әдістерін көрсете аламыз. Механика кафедрасы бірнеше мектеппен келісімшартқа отырған. Қазір біз оқушыларға ғарыштық аппаратты қалай құрастыру керек екенін үйретеміз. Оқушыларға үйретуге арналған CanSat деген қарапайым қаңылтыр банкадан жасалған құрылғы бар. Осы қаңылтыр банканың ішіне оқушылармен бірге шынайы ғарыштық аппараттардың құрылымын салып, ондағы байланыс жүйесі, энергиясы сынды барлық қызметін үйретеміз. Кейбір мектептерде робототехниканы үйрететін сабақтар бар ғой. Біз де бағдарламалау сабағын мектептерге енгізсек деп жатырмыз.

Негебек ғарыш туралы не білгісі келеді?

Ғарыш әлемі әркез адамдарды қызықтырып, таңғалдырып келеді. Балалардың аспан әлемі туралы білгісі келетін сұрақтарға ересектердің өзі жауап бере алмай жататыны жасырын емес. Нұрсұлтанға да «Ұландағы» Негебектің сұрақтарын қойып көрген едік. Жас ғалым ғылыми маңызды сауалдардан қарағанда, Негебектің сұрақтарына жауап беруге қиналғанын жасырмады.

Негебек: Неге ғарышта салмақсыздық болады?

Нұрсұлтан Досжан: Ғарышта Жердің тартылыс күшінің әсері өте әлсіз, сол себепті ол жерде салмақсыздық орын алады. Бұлт шарт физикалық заңдылыққа сүйенеді.

Негебек: Неге біз Марста өмір сүрмейміз?

Нұрсұлтан Досжан: Неге өмір сүрмеске? Марста да өмір сүруге болады. Илон Маск тіршілікті Марсқа көшіру туралы бастама бастап жүр. Өзім адамдарды басқа планетаға көшіру керектігі туралы көп ойламаппын. Болашақта адам баласы басқа планетада өмір сүруі әбден мүмкін.

Негебек: Неге ғарышкерлер скафандр киеді?

Нұрсұлтан Досжан: Адам спортпен айналысқанда спорттық киім киеді, мектепке барғанда мектеп формасын киеді. Ғарышкерлер ғарышқа көтерілгенде скафандр киеді. Скафандр ғарышкердің қорғаныс қабаты сияқты. Ол сыртқы ортадан оқшаулап, ғарышкерлердің тыныс алуын қамтамасыз етеді.

Дана Қанатқызы

«Ұлан» (№15, 10 cәуір 2018 )

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз