Белгілі ғалым, балалар жазушысы Мырзатай СЕРҒАЛИЕВТІҢ туғанына 80 жыл

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиев «Кең өріс», «Көркем әдебиет тілі», «Ой өрнегі», «Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі», «Сөз сарасы», «Өнеге», «Ғ.Мүсірепов және тіл мәдениеті», т.б. кітаптары арқылы оқырман қауымға жақсы таныс.

Мырзатай аталарың ғылыммен айналыса жүріп, кішкентай балалардың ой өрісіне лайық көптеген әңгіме де жазды. Ол бүлдіршіндердің көркем әдебиетті оқып өсуі керек екенін жақсы білетін. Ғалымның мерейтойына орай оның балаларға арналған әңгімесін нназарларыңа ұсынамыз.

Жақыптың уәдесі

Жақыпты өз ата-анасы емес, көршілер де жақсы көреді. Тілі тәтті, үсті-басы тап-таза.

Сөйтсе де, бір міні бар. Балабақшаға баруға құлықсыз. Ерте тұруға ерінеді. Кейде оятса, жылайды.

Бір күні Жақып жатар алдында мамасынан:

– Ертең тағы да балабақшаға барамын ба?– деп сұрады.

– Әрине, барасың. Өзіңдей балалармен ойнайсың, сурет саласың, ән айтасың…

– Бармай-ақ қояйыншы, мама.

– Неге?

– Түстен кейін болса, барар едім, ерте тұру қиын.

– Ондай жалқаулықты қой, балам.

– Бір күн үйде болайыншы.

– Кімнің қасында қаласың? Мен де, папаң да қызметке кетеміз.

– Мама, жұмыстағы бастық ағай жақсы деп едіңіз ғой.

– Иә, жақсы кісі.

– Онда бір күнге жұмыстан сұрансаңызшы, үйде менімен бірге боласыз.

– Жақсы адам жұмыстан қалған кісіні ұнатпайды.

– Жақсы ағай балаларды да жақсы көрмей ме?

– Әрине, жақсы көреді.

– Ендеше, мен айтты деп өтінсеңізші…

– Не деп?

– Жақып ауырып қалды деп…

– Жо-о-оқ, ұлым, ол кісі өтірік айтқанды жек көреді.

– Менің ауырмағанымды қайдан біледі?

– Қалай өтірік айтамын. Мамаңды өтірікші атандырайын  деп отырсың ба? Көрші балалар сені «Жалқау Жақып», ««Өтірікші Жақып» деп атап кетеді ғой.

– Балабақшадағы Әсия апай да жек көріп кете ме?

– Апайың сені әдепті, суретті жақсы салады деп мақтап жүреді ғой, енді жақсы көрмейтін болады. Папаң да ренжиді.

– Жарайды, мама, – деді Жақып ойланып тұрып.

– Балабақшадан қалмаймын.

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз