Күз түні

Оранып жылымыққа өскен шыбық,
Мұздайды ерке көктем естен шығып.
Қабыршық мұз қалдырды көл бетіне,
Жорғалап қара түнде көшкен суық.

Үздігіп үзбегенмен аңсап күтер,
Жаз таңы жас қайыңнан алшақ түнер.
Тоғайға тұнған шықты кептіріп жүр,
Қыдырып өрлі-қырлы салт атты жел.

Қара жел сайдан өрлеп құлаш ұрып,
(Ажалға жасайтындай бір асылық)
Естіртпей еш пендеге байғыз үнін,
Алысқа айдап кетті қыр асырып.

Қынжылып, қимайтұғын досы бар ма?!
Қайрылып қайта келді сосын ол да.
Көшке ерген жапырақты үркітіп жүр,
Қалдырып кетпек пе екен осы маңға.

Алыстап қара түннен қырға қоған,
Жылыстап, жол аяңдап жылға жоннан.
Жел кетті жар жағалап жалғыз өзі,
Өмірден іздей ме екен ол да қорған.

Дегендей мен баратын бар ма тұрақ,
Келеді күреңітіп таңғы атырап.
Бауырын қара жерден көтере алмай,
Өкініп, өксіп үнсіз сары жапырақ.

Санамнан айықтырып түнекті шын,
Сен қашан ораласың тілек құсым?!
Сары жапырақ дегенім сағыныш ғой,
Шым еттің неге тосын жүрек тұсым?
Білмеймін…

Қараша сапары

Қайтқан құстар қағады қанатын жай,
Дүбірлейді, дүрлігіп дала тынбай.
Елегізіп келемін, дене қызып,
Қарсы алдымнан сен күтіп алатындай.

Қала міне, сабылған күнделікті ел,
(Күмілжумен жүремін күрмеліп мен).
Тұрағыңды айтардай түнде келіп,
Құлағыма күбірлеп бір көріпкел.

Арман жебеп жанымды асқақ тұнық,
Жолға шықсам жүйрік ат баптап мініп.
Жолымды ашып жіберсе жортар түні,
От айналып бақсылар сақ-сақ күліп.

Ай алқалы аруым күн сырғалы,
Құлазыған көңілге күлкің дәрі.
Тұман басқан жолдармен жөнелсем бір,
Арғымақтың астымда сусып жалы.

Ұрасы көп жолдардан жырасы көп,
Аман өтсем түндерде қара түнек.
Қыр басында көк бөрі ұлып қалса,
Сапарыма тәңірден дұға тілеп.

Күзгі шықтай мөлдіреп жерге сіңген,
Кетсем кезіп таулардың кеудесін кең.
Қарашада аттансам бір сапарға,
Келерім де белгісіз, келмесім де…

Көңіл

Көз салып сағым жортқан қырға байсал,
Кеудесі зарға толып жырлап айтар.
Жүрегін мұң кемірген мен бейбаққа,
Төбемнен ұшқан тырна бір қарай сал.

Жатсынба, туысыңмын, жақын бауыр.
Сезе алсаң сағыныш бар басымда ауыр.
Күз келсе көкірегін күйік жайлап,
Осылай ауырамыз ақын қауым.

Боз жусан оянғанда басын сілкіп,
Төгілер мөлдір өлең асыл шіркін.
Біз кейде жапыраққа жоқтау айтып,
Жүректің отырамыз жасын сүртіп.

Жолығар бізге де әлі нелер қоныс,
Ашылар алдан талай өлеңге өріс.
Айтайын тағы біраз жан сырымды,
Жақын кел кәне, бері төмендеп ұш.

Үзіліп бір кездері күзден хабар,
Сойдақтап соңымызда іздер қалар.
Ақынның жүрек сырын ақтаратын,
Осы өлең аман болсын бізден де адал.

Кеш батып күреңіткен ендала бұл,
Еншімнен мен емеспін кем қалар ұл.
Жай ғана көңіл босап кеткені ғой,
Түк етпес, ешкімге айтпа сен ғана біл,
Ей, тырна!

Тамшы мұңы

Шарық ұрып, көкіректе шағала жыр,
Санамды жарқыратып самала нұр.
Отырмын жауған күнге құлақ түріп,
Құлаған тамшыларды санап әрбір.

Сұрамас жайын оның елеп ешкім,
Қайыр жоқ бұдан да рас келер ешбір.
Тебініп қара жерді төпештейсің,
Ей, тамшы, не айтпақсың, не демексің.

Бұл өмір менен де өтер, сенен де өтер,
Қайда бар дейсің қарғам кемел мекен?!
Меңзейсің әлде нені мылқау тамшы,
Ағызып ағыл-тегіл төбемнен сел.

Алқынып тарпаң арман кеудемде ұлып,
Талпынып көкжиекте тербелді үміт.
Барады жүрегімді шытынатып,
Түнеріп төбемнен келіп төнген бұлт.

Деуші едім «бұл тірлікті кештім ұлық»
Көрмеп ем қиын сәтте еш бүгіліп.
Жүзінен наркескеннің тамған қандай,
Жанардан жалғыз тамшы кетті үзіліп.

Жалғанда дүрмекке ермей шұбырған құр,
Жылыттым жүрекке орап жырымды әр күн.
«Қозғадың қатып қалған іштің дертін»
Сүйекті сырқыратып суық жаңбыр.

Күн қайда, жолым даңғыл, көшем жарық,
Нелер сәт басымыздан өтер ғарып.
Құдай-ау сағыныштан өлсін дей ме?
Жауын тұр еш басылмай төпеп жауып.

Бір шумақ өлең

Жалған сөйлеп көрмеген маған ешбір,
Жаңғырады беймезгіл санада ескі үн.
Өткен өмір қасымда қалғып отыр,
Қамытына оранып қара кештің.

Алқынады кеудемде жүрек абат,
(Қадамымды басқамын білем ағат)
Түні бойы бір елес тыным бермей,
Тереземнен тұрады күле қарап.

Қандай мұңлы мынау түн қандай ғарып,
(Жаңылысып тағдырды жарға айдадық)
Бір қыз жайлы айтады маған келіп,
Жетімек жел жүгірген талды айналып.

Өткенді ойлау апыр-ау, неткен ауыр,
Сүйек қақсап езілді өкпе-бауыр.
Жүрегімде тұр әлі дүрсіл қағып,
Алматыны қия алмай кеткен ару.

Өтті кетті, ол шақтар басымнан дүр.
… Қалмайтұғын сол ару қасымнан бір,
Көктем сайын қыдырып жүретінбіз,
Көре қалсақ қуанып ашылған гүл.

Көз алдымда көлбеңдеп сыйқыр жарық,
Беймаза түн ұрлады ұйқымды анық.
Жырға бөлеп құшағын Алматының,
Құс келгенде қуанып қиқуладық.

Бітпесе де тірліктің жарығы шын,
(Бәрін сезіп тұр енді танып ішім).
Алматыдан сол ару кеткен шығар,
Өлең болып бір шумақ қалу үшін.

Алматының жауыны

Көтеріп ауыр ойдан еңсемді анық,
Өлеңмен үміт отын берсем жағып.
Түсірді сені есіме, неге есіме,
Жылаған аспан анау кемсең қағып?!

Жүрегім айықпады-ау жегі мұңнан,
(Демеймін жан сырымды кел ұғыңдар)
Келеді ағыл-тегіл ақтарылғым,
Білмеймін, жауын көрсем не жыным бар?

Тіршілік осы екен ғой бес күн дүрмек,
Қане айтшы, қай байлауын шештің күрмек.
Жүгірдім жауын асты жан ұшырып,
Жол іздеп Алматыдан ешкім жүрмес.

Басылып тамырда ыстық қан шарпуың,
Жақсы еді алақызбай алсам тыным.
Айта алмай әлде нені қыстығамын,
Көзіне қимай қарап әр тамшының.

Өзіңсіз келер әлі қанша көктем,
(Араны уақыт емес алшақ еткен)
Не айтам жауынына Алматының,
Тұсынан жүрегімнің ән сап өткен.

Бақыт жыры

Енді маған дүние туыс дәйім,
Бақытымды құшайын, уыстайын.
Құлағыңа сырымды сыбырлайын,
Ай астында мүлгіген күміс қайың.

Уыз шаттық ұйыды ұртқа бірден,
(Ұмыт енді қайғыны құлыпта мүлдем).
Ақ жауын боп төбемнен сібірлеп тұр,
Менің аппақ арманым бұлтқа мінген.

Жұрт аңырап таба алмай сенер себеп,
Маңдайымнан сүйеді жел еркелеп.
Табаныма төсейді жапырағын,
Есі шығып шулаған емен, терек.

Қосып бір сәт уақыттың көшіне дем,
Жыр өргіздім даламның төсіне кең.
Шын бақыттың дұғасын күбірледім,
Дүниеге дем салып есінеген.

Көзден қуып қайғының нұрын шаңыт,
Кісінейді кеудемде құлын – шабыт.
Сүю жайлы ақ жарма сыр айтайын,
Былдырлаған бұлақтың тілін табып.

Жаратылған сезіммен мүлдем ардан,
Көңілімде қуаныш бүрлер алуан.
Бақытымның шырынын бөліп берем,
Көбелекті ұстап ап гүлге қонған.

Түсінбеймін себебін өзім де ешбір,
Өтті қанша үдеріп көз ілмес түн.
Алматыға сен қайтып келген күні,
Дәл осындай алапат сезім кештім…
Түсінбеймін себебін өзім де ешбір…

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз