Жұматай КӨКСУБАЙ, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті дайындық бөлімінің студенті.

Сағыншымның дауысы

Ақ, адал өмір берген,
Анашым текті ұраным.
Мен сенің құшағыңа,
Оралғым кеп тұрады.

Сәбиін жетелеген,
Көшеден ана көрсем.
Сіздегі мейірді аңсап,
Қасына бара бергем.

Бір сәби жылап тұрса,
Ешкім де жұбата алмай.
Мен сені іздеп кетем,
Сіз ғана уатардай.

Тауларға теңер едім,
Одан да биік едің.
Көктегі күннен бұрын,
Сен мені сүйіп едің.

Аядай Қапсалаңда,
Басталып бала шағым.
Алысқа жетеледі,
Арман мен болашағым.

Мен сені сағынам деп,
Қолдағы бәрін бердің.
«Соғысқа кеткемін жоқ», –
Деп сізге әзілдедім.

Отында жүрмін қазір,
Анашым,
Жыр егестің .
Бір күні ораламын,
Кететін қыз емеспін.

Топ көрсем елеңдеймін,
Елемей жай көшіңді,
Емес пе жылым жылқы,
Өмірім бәйге сынды.

Кенжемдей көремін деп,
Бірге өскен достарымды.
Көргенде мені ойлаумен,
Серік қып босқа мұңды.

Солардың жанарынан,
Мені іздеп таптың ба екен?
Бір маған бар тілекті,
Арнаумен жаттың ба екен?

Сіз барда жырым асқақ ,
Сіз барда әнім жақсы.
Біздерде бәрі күшті,
Біздерде бәрі жақсы.
Алаңдама, ана….

* * *
Мені күтіп Қапсалаңда, жан ана,
Отырсың ба, келеді деп бал ашып.
Сен келмеген, сен көрмеген қалада,
Жүрегім жүр өзіңді іздеп, адасып.

Салқын-салқын самал соққан көшеде,
Салқын сөзін естіп келем пенденің.
Шекарасыз сағыныш бар шешеме,
Жүрегіңмен жұмыр жерді тербедің.

Бар мейірім қонақтаған сөзіңнен,
Сіңіргемін ізгілік пен төзімді.
Шеше, сенің қиял тұнған көзіңнен,
Жиі-жиі көріп қалғам өзімді.

Балалығым шығар мүмкін кекілді,
Мүмкін саған арнап жазар ән шығар.
Еркелеген кезім сізге секілді,
Тәй-тәй басып талпынады тал шынар.

Сыған кемпір бал ашқанда желекті,
Бай боласың деп айтады түбінде.
Мен өзіңнен туылғаным себепті,
Айтпаса да баймын осы күнімде.

Қазақстаным

Жер тарпып өскен құлының белді,
Тұлпар ғасырдың дүбіріне ерді.
Шығысқа ағып Текес боп кеткен,
Балқаш боп қайта бір ұлың келді.

Көп көрдің елім безбен жауырды,
Соқтырған едің сөзбен дауылды.
Алатау сенің аппақ бұлтыңдай,
Мен төгіп алдым көзден жауынды.

Далаңды көріп, жұмақ па деппін,
Қалаңды көріп, жылап та кеттім.
Қазақтық бойдан жойылар сәтте,
Азаттық алып мұратқа жеттің.

Көк туың тұрса желбіреп биік,
Ұрпақ жүр ұлтын елжіреп сүйіп.
Алланың саған пейілі түсті- ау,
Беріпті жерін белгілеп қиып.

Бермеймін, – деді ер, байрақтағымды,
Желтоқсанда жауың сайрап табылды.
Шашынан сүйіреп Ләззаттарыңды,
Мұзға орап көмген Қайыраттарыңды.

Көшбасшы ұлың бар екен сенің,
Қазақтың бағы шың екен дедім.
Абылай әлі бар екен дедім,
Керей, Жәінбек тірі екен дедім.

Өтсінші ұлың өр төсін бермей,
Атағың кетсін жер төсін ендей.
Жетпіс жыл бізді желкеден басқан,
Өтейік жаттың желкесін көрмей.

Ұрпаққа беріп таза күш дарын,
Көрейік көкке балаң ұшқанын.
Тәуелді боп өт Аллаға ғана,
Тәуелсіз менің – Қазақстаным.

Арман

Шешендердің сөзінен,
Төр орнатып берейін.
Бүкіл қыздың көзінен,
Көл орнатып берейін.

Айдың әппақ нұрымен,
Айна жасап берейін.
Жұлдыздардың жүзінен,
Саған сырға терейін.

Жапырақтың тамшысын,
Алқа етіп берейін.
Ажарыңды кірлетпей,
Жанарыма бөлейін.

Найызағайдың жарқылын,
Шарпың етіп қояйын.
Бұлбұлдардың барлығын,
Әншің етіп қояйын.

Ақша бұлтты гүлімен,
Көрпең етіп қояйын.
Кемпір қосақ нілімен,
Кірпігіңді бояйын.

Сәбилердің күлкісін,
Шашып қоям жолыңа.
Мен ауадан басқасын
Ұстатпаймын қолыңа.

Мен осылай бақытты,
Қылсам деп ем өзіңді.
Сен басқамен кеттің де,
Қайран арман көз ілді.
Қар жауып тұр

Жауып тұр, қар жауып тұр,
Өлкеде мынау бүгін.
Ал жерге жазып жатыр,
Табиғат қырау жырын.

Осы қар сағынышты,
Жырымның парақтары.
Аспаннан сусып түскен,
Аққудың қанаттары.

Кірпікке қатқан тамшы,
Кетуге асығады.
Шақырып боран мені,
Амалсыз басылады.

Күздегі орман қыздың ,
Көйлегін тонағандар.
Бұлттан сыйлап жатыр,
Ақ ұлпа орамалдар.

Мезгілдің қиқымдары,
Ауаның көбелегі.
Далама уақыт әні,
Жел болып себеледі.

Үкідей ұшып келіп,
Мекендеп Ана-жерді.
Жүректей бүлкілдеп ап,
Паналар дала, белді.

Аспанда желтоқсанда,
Жұлдыздар ағады кеп.
Ал шыңдар ақ пердеден,
Тон киер жағалы көп.

Біреуді сағына мА?
Қарға үні тыншымайды.
Ол нені ойлайды екен?
Ақтөсім қыңсылайды.
Терезе әйнегінен,
Сан сурет көрінеді.
Ар жағы торғын белге,
Күміс зер төгіледі.

Жүргендей кеңестікте,
Қыдырып қалқып әлі.
Ұйқасқа тағылмаған,
Өлеңнің шарпылары.

Алмасқан маусымдарды,
Көрдім де елжіредім.
Әсілі ақын емес,
Аунаған мезгіл едім.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз