Жақында редакциямызға Әйгерім есімді оқырманнан хат келді. Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева туралы білгісі келетінін жазыпты. «Жұлдызай жұлдыздары» республикалық балалар театрына оқуға түскісі келеді екен. Біз Әйгерімнің өтінішінорындап, актрисамен әңгімелескен едік. Әңгімені бала күнгі арманынан бастадық.

– Бала кезімде заңгер болуды армандадым. Бірақ мектепте өнерге жақын болдым. Музыка мектебінде оқыдым, театр үйірмесіне қатыстым. «Алматыға барамын, әртіс боламын» деген ой қиялымда да жоқ еді. Өмірдің өзі өнерге әкелді. Заңгерлікті оқи алмадым. Сол кезде Түркістанда Райымбек ағай Сейтметов театр курсын ашты. Ағайдың арқасында әртіс боп кеттік (күліп). Мектепте «Құқықтану» пәнін жақсы көретінмін. Бүкіл бап пен заң тармақтарын жаттап, адвокат боламын деуші едім.

Бала кезіңізде театрға барып көрдіңіз бе? Мектепте өнер адамдарымен кездесу кеші өтетін бе еді? 

– Театрға барғаным есімде жоқ. 9-сыныпта Райымбек ағай мектеп оқушыларымен кездесуге келді. Алғаш рет «тірі актер» Тұңғышбай Жаманқұловты көрдім. Ағайлар мектепке келгенде домбырамен алдынан ән айтып шықтым. Тәрбие сағаты біткен соң ағай: «Колледжде бір кездесу бар еді, мына қызды соған алып кетсем қалай болады?» – деді. Осы сөзді естігенде жүрегім қатты соғып кетті. Ағайдың көлігімен мектептің алдына келіп, есігін ашып: «Отыра ғой, қызым!» –дегені әлі көз алдымда. Жақсыға жорып, көлік ішінде отырып, «Е, Құдайым, осы кісідей болсам екен» деп тіледім.

Айнұр деген апай Алматыдан оқып келіп, театрдан бізге бір жылдай сабақ берді. Алғаш рет сахнада мысық боп ойнадым. Мектепте бүкіл балаларға ертегі қоятынбыз. С.Бәйтереков атындағы музыка мектебінде домбыра, пианино сыныбында оқыдым.

Отбасында өнерге кім жақын?

– Анам жақта өнерлі кісілер бар. Қазаққа танымал Әлімхан Жүзбаев деген күйші болған. Сәрсенғали, Жанғали деген анамның бауырлары бар. Маған өнер осы кісілерден дарыған болар. Нағашы әжем өнерді оқымаса да, «Радио апа» деген аты болған. Кешке қарай малды жайғап жүргенде ән айтады екен. Екі ауылдың адамдары естіп, «Радио апа ән айтып жатыр» деп қуанады екен.

Өнер жолын таңдауыма ата-анам қарсы болған емес. Керісінше, бетімнен қақпай, таңдауды өзіме берді. Кейбір ата-ана қыздарының әртіс болғанын қаламайды. Менің осы күнге жеткенім алдымен Алланың, сосын ата-анамның арқасы.

Әзіл-сықақ театрының актрисасы екеніңізді қай кезде түсіндіңіз?

– Қай кезде түсінгенімді нақты айта алмаймын. Театр бөліміне оқуға түскенде үнемі комедия рөл келетін. Комедияға қарағанда, драмада жақсы ойнаймын. Өкініштісі, халық осы өнерімді білмейді. Мамандығым – драма актрисасы. Екіге бөліп, тек сатира актрисасымен деп айта алмаймын.

«Рөлдің бәрі жақсы болады. Жақсы адамды ойнасаң ғана жақсы шығады» деп ойлайтынмын. Халық сахнадағы жақсы адамды жақсы көреді деп түсіндім. Сахнада бәрі басқаша болды. Сүйкімсіз рөлді ойнау арқылы елдің есінде қалдым. Тентек қыз, ұрысқақ әйелдің бейнелері маған жол ашқандай болды. Сахнаға әдемі боп шығуды армандаған емеспін. Райымбек ағайдың: «Жаман адам ешқашан жаман адамның рөлін ойнамайды. Өйткені өзінің бойындағы жамандық сахнаға шығып кетеді. Ол соны шығармаймын деп, рөлді шығара алмайды. Жақсы адам ғана жаман рөлді ойнайды», – деген сөзі ойымда қалып қойған. «Мені жақсы көрмейтін болды» демей, барынша шынайы шығаруға тырысамын.

Түркістан сазды-драма театрында бір жыл жұмыс істедім. Оқып жүріп, театрда жұмыс істедік. Алғаш рет «Қарагөз» спектаклінде өсек айтатын үш кемпірдің бірі боп ойнадым. Ағай осы рөліме қатты риза болған. Қарагөз, Жібек пен Еңліктің рөлін ойнауды армандаған емеспін. Кішкентай ғана рөл алып, соны алып шықсам да жетеді.

Лидия, Қарагөз, Бақыт апайларды үлгі тұтып, ұқсағым келетін. Біздің заманымыздың гүлі Лидия апай еді.

Ұстазыңыз Райымбек Сейтметовтен не үйрендіңіз?

– Ол кісіден өнерден бұрын өмір сүруді үйрендім. Бәріміз қателік жасаймыз. Қатенің қате екенін, өзіңнің дұрыс жасамағаныңды мойындауды үйретті. Өнерде өтірік күліп, әйтеуір мансапқа жетсем болды деген нәрседен аулақ ұстайтын. «Қарапайым әрі жақсы бол. Әртіс деген осы деп, жаман әдетке үйір болма» дейтін. «Әртіс деген өмірдегі ең таза адам» деп жиі айтатын. Түркістанға жол түссе, ағайдың зиратына барып, құран бағыштаймын. Егер Райымбек ағай әсем Алматыдан сонау алыстағы Түркістанға бармаса, мен де, Нұржан Төлендиев те өнерге келмес едік…

Ұрысқақ әйелдің рөлін жиі ойнайсыз. Рөлді шығару кезінде қиналған кезіңіз болды ма?

– Ешқашан қиналып көргем жоқ. Рөлді аламын, жасауға тырысамын. Түркістанда театрда жүргенде «Жекпе-жекті» қоятын болдық. Басты рөліндегі қыз ауырып, келе алмайтын болды. Спектакль сахнада екі жарым сағат жүреді. Мәтін жаттау, рөлге ену өте қиын болды.

Мамандық ауыстыру туралы ой да болған. Сонда ағай: «Әй, сары қыз, көресің әлі сені ел танитын болады. Мен көріп тұрмын ғой», – дегені бар. Ағай көреген екен (күліп).

Кейіпкердің мінезін ашу әр кезде әртүрлі. Күнделікті жүрген кезде адамдарды зерттеп жүреміз. Рөл алғанда сол адам еске түседі. Алдымен ұқсас адамды табамыз. Костюмге ерекше мән беремін. Бірнәрсе қосуға тырысамын. Осылай құралады. «Былай бастаймын, осылай аяқтаймын» деген ұғым жоқ. Міндетті түрде біздің санамызда үш-төрт кейіпкер жүреді. Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Шебер ойнаудың қыр-сырын өзім де білмеймін.

Өміріңізге әсер еткен рөл бар ма?

– Әзірге жоқ. Ойнаған рөлің өміріңе әсер етеді дегенді еститінмін. Сахнаға, рөлге жұмыс ретінде қараймын. Сатира болғасын, қатты ойға беріліп, жүрекке салмақ салудың қажеті шамалы. Халық көргенде сенетіндей болса жетіп жатыр. Көшеде бос жүрмей, кейіпкер іздеп жүремін дедім ғой. Сахнада халықтың өзін ойнап береміз.

«Жұлдызай жұлдыздары» республикалық балалар театрын аштыңыз.   Театрдың мақсаты не? 

– Ұстазым Райымбек аға Алматыны тастап, Түркістанда бізді тәрбиеледі. Менің де ұстанымым осы болатын. Алматыны тастаған жоқпын. Бірақ өнерлі балаларға жол көрсетсем, үйретсем деген ниет болды. Балаларда өнерге деген дұрыс көзқарас болса екен деймін. Театрдың ашылғанына үш жыл. Алматыда, Шымкентте, Тараз қаласында мектептер бар. Тамыз айында театрға балаларға кастинг жариялаймыз. Өнерге икемі бар, еңбекқор балаларды таңдап аламыз.  Сахна тілі, вокал, хореография, актерлік шеберлік, гримм жағынан сабақ береміз. Қазақ және әлем театрының тарихын оқытамыз. Әр сабақта әр маман сабақ береді. «Сахна тілінен» Арман Жұмашев дәріс оқиды. Балалар театры ашылғанда үлкен кісілер келіп, риза болып, батасын берді. Балалар үйренгенше классика ойнап жатырмыз. Кәсіби маман ретінде барынша жақсы тәрбие беруге тырысып жатырмын. Соңғы екі жылдың ішінде бірінші рет тәжірибе ретінде «Өмір арена» атты киноспектакль қойдық. Балалардың спортқа құлшынысын оятайық, жігер берейік дедік. Осы күшпен кино түсірдік. Құдай қаласа, күзде экранға шығады. Туфан Миннулиннің «Диляфрузға төрт күйеу», Сая Қасымбектің «Білгіш Бұзаубек», «Алдар көсе» сынды спектаклі бар. Балаларды кастинг арқылы қабылдаймыз. Оқушыларыма тек ұстаз емес, анасындай қамқор болғым келеді. «Қызбен жүрмейсің, уақытты босқа өткізбейсің, газды су ішпейсің» деп талап қоямын. Кейде балалар: «Апай, мен қызбен жүрмеймін, тек жақсы көрсем бола ма?» – деп сұрайды. Ата-аналар балаларына сабағыңды оқымасаң, Жұлдызай апайыңа бармайсың дейді екен. Қанат, Ақдәулет, Жансая деген мықты оқушыларым бар. «Неге екінші Жұлдызай жоқ?» деген сөзді естіп қаламын. Өзімді тым жоғары бағалағаным емес. Екі жыл шыдасаңыздар мықты әртістер сахнаға шығады. Әсіресе, Жансаяның талабы, таланты керемет.

Қазір бұрынғы Жұлдызай емеспін. Ана болдым. Қызым Аянаттың тілі шығып, «Ана!» дегенін естігенде, үш күн жыладым. Қызымның мінезі салмақты, кейде ыңылдап ән салатыны бар. Балет үйірмесіне бердік. Кейде жұмыстармен басқа қалаға шығып кетеміз. Үйде әжесі қарайды. «Мама, мені тастап кетпеші», – дейді қиылып. «Өмірдің бір қызығы» ғана емес, бар қызығы бала екен…

– Әңгімеңізге рақмет!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз