«Негізі баланың бəрі талантты. Тек ата-анасы көңіл бөліп, дұрыс тəрбие мен бағыт берсе болғаны». Бұл – Əлидің əкесі Ерлан ағаның айтқаны.

Əли деген кім деп отырған боларсыңдар? Ендеше, таныстырайын. «Еуразия» телеарнасында ресейлік шоумен Максим Галкин жүргізетін «Ең үздік!» (Лучше всех!) деген бағдарлама бар. Ерекше балаларды көрсетіп, таныстырады. Бағдарламаға біздің елден бірнеше бала қонақ болды. Соның ішінде есепке жүйрік Əли Байжігіттің талантына жұрт таңдай қақты.

Ол үштаңбалы сандарды үш таңбалыға көбейту, бөлу амалдарын орындайды. Мысалы, 345*698 немесе 922*22. Бірнеше секундтың ішінде есептеп, жауабын айта алады. Дəл осындай үш таңбадан құралған он қатарлы сандарды тез есептейді. Төрт таңбалы 5-6 қатардан тұратын мыңдықтарды көбейту, бөлу, түбір асты, түбірден шығару амалдарын қас-қағым сəтте орындайды.

Əлиді тез таптық. Алматыда тұрады екен. UCMAS-Қазақстан менталды арифметика академиясының түлегі. Академияға хабарласып, əкесі Ерлан ағамен сөйлестік. Əли сұқбатқа нағашы атасы Қасым жəне əкесімен бірге келді.

Əкесі Ерлан: Есімін Əли деп əкем қойды. Немереден бірінші ұл. Атасының есімі – Құлахмет. Түркістанда үлкен ботаника бағы бар. Сол бақтың директоры. Профессор, филология ғылымдарының докторы.

Ұлан: Əлидің есепке жүйрік екенін қалай байқадыңыздар?

Əкесі Ерлан: Ол кезде UCMAS академиясы енді таныла бастаған еді. Анасы екеуміз ақылдасып, қосымшаға бердік. Əлиге арифметика бірден ұнады. 10 деңгей бойынша оқытады екен. Келесі кезеңге өтетін кезде сынақ тапсырады. Баламның есепке қабілетті екенін сонда байқадық. Адам миының екі сыңары болады екен.  Біз оң қолмен жазсақ, сол жақ ми жұмыс істейді. Бұлар есепті шотпен екі қолы арқылы шығарады. Сол себепті екі сыңары бірдей жұмыс істейді. Есте сақтау қабілеті мықты болғандықтан, бірнеше жұмыс істеуге қабілетті. Бірде Малайзиядан Тан есімді профессор келіп, оқушылар арасында турнир ұйымдастырды. Есепті қанша уақытта шығаратынын байқады. Жиырма шақты бала қатысты. Ол кезде Əли 4-деңгейде еді. Бесінші, алтыншы деңгейдегі балалармен қатар сынға түсті. Профессор баламның алғырлығына тəнті болып, көп үміт күтетінін айтыпты.

Атасы Қасым: Ол жарысты мен көрдім. Сыныпта өңкей үлкен балалар. Менің балам кіпкішкентай. «Əй, жасқа неге қарамайсыңдар?» деуге тілім жетпеді.

Ұлан: Аға, Əли мұндай деңгейге қалай жетті?

Əкесі Ерлан: Оның ешқандай құпиясы жоқ. Алғашқыда Əлимен бірге оқыған балалардың көбі тастап кетті. Оның себебі көп. Əке-шешелерінің уақыты жоқ немесе баланың барғысы келмейді…

Ұлан: Кітап оқуға уақытың бола ма?

Әли: Əрине, болады. Классика, шытырман оқиғалы əңгімелерді, көркем əдебиетті, Шерлок Холмсты оқығанды жақсы көремін.

Əкесі Ерлан: Кітапты өзіміз таңдап беруге тырысамыз. Шыңғыс хан туралы оқыды. Енді «Абай жолын» оқып жатыр. Негізінен мектеп бағдарламасы бойынша оқиды.

Ұлан: Көп таңбалы сандарды қосып, азайту қиын емес пе?

Əкесі Ерлан: Баланың өзі қызығып тұрса, еш қиындығы жоқ.

Əли: Есеп шығарғанда қиналған емеспін. Аздап шаршайтыным болмаса.

Ұлан: Арифметикадан басқа қосымша сабақтарға барасың ба?

Əли: Каратэге барамын, суда жүземін, шахмат ойнаймын. Домбыраға барсам деймін.

Ұлан: «Ең үздік!» бағдарламасына қалай қатыстыңыздар?

Əкесі Ерлан: Ресейден UCMAS-қа хабарласып, жақсы оқушыларды шақырыпты. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ екен. Ұсынысты атаəжесімен ақылдасып шештік. Бұрын Андрей Малаховтың бағдарламасына шақырғаны бар еді. Бірақ, біз бармадық. Өйткені, бағдарлама ауыр, көрермендері үлкен кісілер. Тағы да басқа бағдарламаға шақырды. Əйтеуір, реті келмеді. «Балаларға арналған бағдарлама. Жүргізушісі – Максим Галкин» дегесін келістік. Мəскеуге барып, кастингтен өттік. Бір аптадан кейін «балаңыз кастингтен өтті» деп хабарласты.

ГАЛКИН СҰРАҚТЫ ҚҰБЫЛТЫП, ШАТАСТЫРҒЫСЫ КЕЛДІ

Əли: Қабілетімізді тексерді. Еліміздің атынан көп бала қатысты. Іріктеудегі сұрақтар қиын болған жоқ.

Ұлан: Студияда берілетін тапсырмаға алдын ала дайындалдың ба?

Əли: Иə, ұқсас тапсырмалар болды.

Əкесі Ерлан: Максим – өте жақсы жүргізуші. Балалардың тілін тауып, көңілді өткізе білді. Алдын ала дайындалады екен. Адам көп болды. Елу шақты баланы үш күнде түсірді.

Атасы Қасым: Əли əрбір қазақ баласының есепке жүйрік екенін дəлелдеді. Максим сұқбат кезінде сұрақты құбылтып, шатастырғысы келді. Бірақ, онысынан түк шықпады.

Ұлан: Сенімен дос болғысы келетіндер көп шығар?

Əли: Достарым өте көп. Бірбірімізге көмектесеміз, киноға барамыз. №165 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысымын. Сабақты жақсы оқимын. 5 жыл физикаматематика мектебінде оқыдым. Менің ойша есептеуден жүйрік екенімді ешкім білген жоқ. Жарыстарға қатысып, жеңімпаз болдым. Менталды арифметика аптасына 1 рет екі сағаттан болады. Үй тапсырмасын 7 күнге бөліп тастайды.

Əкесі Ерлан: Үй тапсырмасын бірге орындайтынбыз. Алғашқы күндері қиын болды. Ойын баласы емес пе, тыныш отырмайтын. Деңгейі жоғарылаған сайын үй тапсырмасы да қиындайды. Ол тапсырманы орындайды. Мен тексеріп, қатесін табамын. Негізі күнделікті есепті шығарып отырса, қиындық туындамайды. Əли сияқты балаларын арифметикаға берген достарым бар. 3-5 деңгейден кейін оқуды тоқтатқан. Себебін сұрасаң, «баламен отыруға уақыт жоқ» дейді. Өзім дəрігермін. Жұмысым ауыр болса да, Əлидің сабағына өзім қарадым. Мен жұмыстан келгенде, ол сабақтан шығады.

Ұлан: Əулетте математикаға кім жақын?

Əкесі Ерлан: Өткенде ауылға барғанда атасы бала күнінде математик болуды армандағанын айтып қалды. Əжесі де жай кісі емес, ұстаз. Анасының мамандығы – қаржыгер. Үлкен қызым да есепке жүйрік. Əлидің інісі Əбубəкір де арифметикаға барады. «Ағамнан озып кетемін» дейді əзілдеп. Қазір маған жеңіл болды. Інісінің оқуына Əли қарайды.

Əли: Математика, қазақ тілі, дене шынықтыру пəнін жақсы көремін. Массачусетс университеті техника саласы бойынша білім беретін ең үздік оқу орны деп ойлаймын. Осы оқу орнында оқығым келеді. Физиканы таңдайтын шығармын.

8 МИНУТТА 200 ЕСЕП ШЫҒАРАДЫ

Клавдия СЕРЕБРЕННИКОВА, ұстазы:

– Менталды арифметика 4-12 жас аралығындағы балалардың ақыл-ой қабілетін дамытады. Бұл жүйемен Малайзия, Қытай, Канада, АҚШ сынды əлемнің жүзге жуық елі жұмыс істейді.

Əли бізге алғаш келгенде 1-сыныпқа енді барған оқушы болатын. Бір таңбалы сандарды қосып-азайтуды білетін. Алғашқы күннен бастап алғыр, зерек, ақылды екенін көрсетті. Айтқаныңды тез ұғып алатын. Əр деңгейге өткенде тапсыратын тестте жоғары ұпай жинайтын. Үй тапсырмасын міндетті түрде орындап, барлығына жауапкершілікпен қарайтын. Олимпиада кезінде 8 минуттың ішінде 150-200 есеп беріледі. Əли қосу, азайту, бөлу, түбір асты, пайыз, бөлшек сандар, барлығын ойша жақсы шығарады. Академияда ойша есептеу курсын толық бітіріп, үлкен жетістікке жетуіне ана-анасының да ықпалы зор. Өйткені, əрқашан балаларының тыңғылықты үй жұмысын орындағанын жəне сабақтан қалмауын қадағалап отыратын. Ол оқып жүрген кезде республикалық, халықаралық жарыстарға қатысты. Мəскеуде өткен «Балаларға арналған математика» фестиваліне қатысып, жеңімпаз болды. Болгарияда өткен «Шекарасыз математика» халықаралық турниріне қатысып, жүлдегер атанды. Бұл оқушымның алғашқы жеңістері. Оны əлі талай биіктерден көретінімізге сенеміз.

Ұлан: Лайым солай болсын!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №45
07.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз