«ЖҮГІРІП ЖҮРІП СУРЕТ САЛАТЫНДАР ДА БАР»

Ренат Елубаев – суретші. Торғай өңірінің тумасы. Ресейлік «Удивительные люди» бағдарламасына қатысып, әлемді таңғалдырған адамдардың ондығына кірген. Үш жыл бұрын Беларусь мемлекетіндегі өнер бәйгесінде лауреат атанса, АҚШ-та өткен халықаралық байқауда «Алтын қыран» медалін жеңіп алған. Ең басты ерекшелігі – Ренат ағаларың суретті көзін жұмып отырып салады.  Ерекше суретшіні әңгімеге тартқан едік.

Ұлан: «Удивительные люди» бағдарламасына қалай шақырылдыңыз?

Ренат Елубаев: Қатысушылар кастингпен іріктелді. Әлемнің әр түкпірінен келген ерекше қабілеті бар 56 өнерпаз бақ сынады. Жүзден жүйрік шыққан он адам финалға өтеді. Он қатысушының арасынан біреуі ғана жеңіске жетеді. Бас жүлдеге кубок пен 1 миллион рубль береді. Ұйымдастырушылардың талабы бойынша, жеңімпазды студиядағы көрермен таңдайды. Жарыста француз суретшісі Паскаль Праттың картинасын салу тапсырылды. Мозаика түрінде жасырылған тапсырмадан картинаның түпнұсқасын салып шығу керек. Екі минуттың ішінде салып, көрерменді таңғалдырдым. Финалда мүсін жасау тапсырылды. Бейнелеу өнерімен айналысатын адам сол өнердің барлық тармағын меңгеру керек. Негізгі бағытым – кескіндеме өнері. Мүсін жасау да қолымнан келеді. Онымен айналысқанда да рухани демаламын.

Ұлан: Көзді жұмып сурет салу әдісін өзіңіз ойлап таптыңыз ба? Әлде бұл басқалардан ерекшеленудің бір түрі ме?

Ренат Елубаев: Қызық сұрақ екен. Кімдерден ерекшеленуім мүмкін?!. Қазақстандық суретшілердің барлығымен жақсы араласамын. Олармен бәсекелеспеймін. Әркімнің бағыты мен жолы бар. Біреумен бәсекеге түсіп, басып озуды көздемеймін. Көзді жұмып салудың бір ерекшелігі – ми қыртысыңның барлығы жұмыс істеп, көз алдыңа анық картинаның сұлбасын келтіре аласың. Тек кішкентай балалар ғана салатынын білемін. Себебі олардың сезімдері таза болады. Әлемге әйгілі футболшы Роналдиньо көзін жұмып тұрып доп тебе алады. Бірақ алаңда көзін жұмып ойнамайды. Көзі жұмулы болса да, қақпаға допты дәлдей алатын қабілеті бар. Суретшілерде де сондай қабілет болады. Еңбек еткен сайын адам шарықтау шегіне жетеді. Мықты суретшілер мың метрге жүгіріп бара жатып та сурет салады. Біз бір орында тұрып саламыз. Бұл әдіс өнердің ең биік шыңына көтерілгенмен пара-пар. Жапондар бір өнердің бірнеше әдісін біледі, мәселен.

Ұлан: «Мәңгі елес» тақырыбымен өткен көрмеңіз көптің көңілінен шығып, жақсы пікірлер айтылды. Жалғасын ұйымдастыру жоспарда бар ма?

Ренат Елубаев: «Мәңгі елесті» көктемде ұйымдастырдым. Қазан айынан бастап, «Мәңгілік ел» монументінде екінші көрмем ашылды. Келушілер көп.

Ұлан: Шәкірт тәрбиелеп, суретшілер мектебін қалыптастыру ісі қалай болып жатыр?

Ренат Елубаев: Осы уақытқа дейін көркемсурет мектебінде сабақ бердім. Өнер әлемінде екі мақсатпен өмір сүремін. Бірі – ғұмыры ұзақ картиналарды дүниеге әкелу, екіншісі – шығармашылық мектеп қалыптастыру. Өнерімді жалғастырып, өнердің қыр-сырын үйренетін жеткіншектерді тәрбиелегім келеді. Ол әр өнер адамының міндеті. Алдыңа келген балаға өнердің не екенін түсіндіру маңызды. Суретшілік қабілет әуесқойлықпен де, тұқым қуалау жолымен де дамиды. Суретші болғысы келетін балалар қылқаламды ұстап үйренуден бастау керек. Мамандығыңды жақсы көруді айтпаса да түсінікті. Кезінде қоғамның суретшілерге деген көзқарасы түзу болмады. Біз сол жылдарға тап келдік. Тұрмыс-тіршілік те қиындады. Осының барлығы суретшілік кәсіптен алыстатты. Жақсы көрсем де, суретшіліктен алыстап жүрдім. Өнермен алысып жүріп, ақын болдым. Поэзия әлеміне кірдім. Біраз әнге сөз жаздым. Біразы сөзіме жазылған әндерді айтып жүр. Философия саласына да қызықтым. Оны зерттей бастадым да, тастап кеттім. Кино саласын дамытайын деген оймен «Көлеңке» деген толықметрлі фильм түсірдім. Барлығына кәсіби тұрғыда білім жетпегендіктен аяқсыз қалды. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетедінің» күйін кештім. Содан суретшілік кәсібіме қайта оралдым. Балаларға айтар ақылым – өздерің таңдаған саланың кәсіби шыңына жетуді мақсат етіңдер! Кәсіби мамандар ғана елдің көркеюіне үлес қоса алады. Батырлықты біліммен өлшейтін заманда өмір сүреміз.

Ұлан: Болашақта тағы қандай байқауларда бақ сынайсыз? Шақыртулар болып жатыр ма?

Ренат Елубаев: Байқауларға қатысудан бас тартпаймын. Кейде бас жүлдені қанжығаңа байлайсың. Үшінші орынды қанағат тұтқан кездер болды. Ресейдегі жарыста финалға жетіп, лауреат атандым. Басқа жеңістерім бір төбе, бұл жеңісім бір төбе. Әлем алдында еліңнің намысын қорғау оңай емес. Шетелден шақыртулар да түсіп жатыр. Барлығы уақыттың еншісінде.

Əңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз