Абзал Молдабекті Фейсбук арқылы бақылап жүргеніме біраз болған. Зергер. Жасаған жұмыстары сондай нəзік. Өзінің жүзі де жарқырап тұр. Жұмыс барысын камераға түсіріп, желіге жүктеп қояды. Қызыға қарайтынмын. Тап-тұйнақтай. Жұмысында басы артық ештеңе жоқ. Шеберханасына бардық. Онда да солай екен.

Абзалды əлеуметтік желі арқылы көріп жүргендер ақшасы көп кəсіпкер деп ойлауы мүмкін. Өйткені жақында ол Алматы іргесіндегі Нұра ауылындағы 8 соттық жерін тегін беруге адам іздеген болатын. Əлеуметтік желіде «мұқтаж жанға тегін берем» деген хабары шыққаны сол еді, Абзалдың телефоны мен жеке чатына хабарласқандардың саны мыңнан асып жығылыпты. Неше түрлі тағдырлар… Былай қарасаң, қайсысына берсең де сауапты іс. Хабарласқандардың оқиғасын тыңдап болған соң, Абзал үй салатын жерді кімге беретінін бірден шешіпті. Сөйтіп Ержан-Айгүл есімді ерлі-зайыптыларға беруді ұйғарыпты. Неге?..

Ержан мен Айгүл жаңадан шаңырақ көтергенде, Айгүлдің əуелі анасы, сосын əкесі бірінен соң бірі дүние салыпты. Соңында 10 сіңлісі қалыпты. Сосын олар əке орнына əке, шеше орнына шеше болыпты. Бес қызды құтты орнына қондырып, бесеуін қазір  университет, колледждерде оқытып жатыр екен.  Өздерінің төрт баласы бар. Тапқан-таянған дары осыншама адамның күнделікті ас-суынан артылмайды. Солай Ержан ағаның отбасы пəтер жалдап тұруға мəжбүр болған. Абзалға бұл отбасының оқиғасы қатты əсер етіпті.

«Маған да жер алып берсеңіз» деушілер де болыпты. Бірақ Абзалдың өзі Алматыда пəтер жалдап тұрады.

«Студент кезімде Талғар жақтағы жерімді сатып алғам. Бірақ  үй салуға реті келмеді. Алматыға алыстау болды. Жұмыс істегеннен кейін Алматыға жақын жерден тағы бір жер сатып алдым. Фейсбукке жерді тегін беретінімді жазғанымда бір шарт ұсындым. Ол – биыл жазда үйдің іргетасын қалау. Өйткені жазда іргетасын қаламаса, жерді əкімдікке қайтарып беру керек еді», – дейді Абзал. «Жазға дейін сатып, өзіңіздің үйіңіздің іргетасын қалауға жаратпадыңыз ба?» – дейміз. «Шынын айтсам, жүрек қалауымен бір адамға болса да пайдам тисе екен дедім. Амандық болса, өз үйімді салып алуға басқа жақтан да ақша табылар. Жақсылық жасасаң, еселеніп қайтады емес пе», – дейді Абзал. Біз қайырымды жанмен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

Абзал 1993 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Бала кезден қолөнерге қызығып өсіпті. Үлкен ағасы суретшілікте оқыған. Ол да зергер. Талғар қаласында тұрады. Ағасының сурет салғанына, ағаш ойғанына қарап, кішкентайынан қызығып өсіпті. Абзал үй ішімен қолөнерге жақын. «Бала кезде журналист болуды да армандадым. Музыкаға, спортқа  қызықтым. 9-сыныпқа келгенде нақты шешім жасадым. Дизайнер болам дедім. Қабілетім сол мамандыққа жететінін білдім. Бірақ ауылда сурет салумен кəсіби тұрғыда айналыспағасын ол мамандыққа түсу қиындау болды. Емтихан шарттарын көргенде шамамның жетпейтінін білдім. Оған кем дегенде суретшілік мектепті бітіріп барып тапсырады екен. Сосын Абай атындағы университеттіңқолөнер мамандығына оқуға түстім. Ол жерде жалпылама оқытады. Ағаш, металл, керамика, аралас техникамен жұмыс істеуді үйрендік. Былайша айтқанда, мұның бəрін білу дизайнерлік қабілетіңді арттырады. Ағам зергер болғасын, көбіне соның шеберханасында жүретінмін. Солай зергер болып кеттік. Алматы қаласына келгеніме бір жыл болды. Оның алдында ағаммен бірге істейтінмін. Alash jewels деп жеке зергерлік шеберханамды былтыр күзде аштым. Бұл атауды екі ай ойланып қойдым. Көп зергерлер «Пəленше зергер» деп өз атына қояды. Маған ол ұнамайды. Болашақта бренд болғанда, Алаштың аты шықсын дедім. Мақсатым да сол – əлемге танылу», – дейді Абзал.

Зергерлер екіге бөлінеді дейді: табыс табу үшін ғана істейтіндер,сондай-ақ зергерлікке өнер деп қарайтындар. Нағыз зергерлер арзан дүниеге жоламайды. Біреудің дизайнын көшірмейді. Ерекше дүние жасағысы келеді. Абзал сол екінші топта болуды қалайды.

«Ойыма эскиздер, оюлар келгенде бірден сызып, дайындап қоям. Тапсырыс берушілер мынадай зат керек десе, бірден соны ұсынам. Негізі бұйымның бағасын жұмысына қарай есептейміз. Мысалы, кейбір сырғаларды бір-ақ күнде жасап тастайсың. Соған орай бағасы да арзан болуы мүмкін. Кейбір кішкентай дүниелер болады. Бірақ оны бір ай жасауың мүмкін. Кішкентай болса да дизайны қиын. Енді оларға қымбат баға қойылады. Мысалы, бұйым күмістен жасалса, аса қымбат болмайды. Ал алтын болса, материалын бөлек, жұмысын бөлек есептейміз», – деді еңбегінің бағасын сұрағанымызда.

АЛТЫННЫҢ САПАСЫН ҚАЛАЙ АЖЫРАТАДЫ?

«Бағалы металдар мен тастардың сапасын анықтауға көзіміз үйреніп кеткен. Көзбен көріп-ақ «мынау мынадай алтын» деп сынамасын айтып бере аламыз. Күмəнді болған жағдайда арнайы тексереміз», – дейді Абзал. Біз алтынның сапасын ажырату үшін тəжірибе жасап көрдік. Арнайы тасқа алтын мен мысты ысқыладық. Екеуінің де ізі қалды. Оның үстіне қышқыл ерітіндісін құйдық. Мыстың əп-сəтте ізі де қалмады. Ал алтын сол күйі өзгерген жоқ. 585 сынамалы алтынды анықтау үшін 14 грамм қышқылды құю керек екен. Сынамаларды анықтайтын қышқылдың түр-түрі болады. Демек, зергердің жұмысы шығармашылықпен шектелмейді. Зергер болу үшін химия мен физиканы да білу керек. Күміс 963 градус ыстықта, ал алтын 1063 градуста ериді екен. Газдағы оттың температурасы көтерілу үшін оттегі қолданады. Еріткен кезде ыстыққа шыдамды қыш ыдыстарға салып ерітеді. Абзал əр құрылғының қызметін мұқият көрсетті. Қалың-жұқалығын, жалпақ-жіңішкелігін реттейтін түр-түрі бар екен. Иненің көзіндей өте ұсақ дүниелерді жасамақ түгілі, қарап тұруға шыдамым жетпеді. Күнделікті тұтынып жүрген затымыздың физикалық, химиялық қасиетін біле бермейді екенбіз. Күміс бұйымдар туралы айтқанда, «Күміс сырға тақпайтын болдым. Құлағымның тесігін үлкейтіп жіберді. Ауыр ғой», – деп «мұң шақтым». Сөйтсем Абзал күмістен алтын ауыр болатынын еске салды. Күміс алтыннан 10 пайыз жеңіл. Күміс арзан болғандықтан одан жасалатын бұйымдар тығыз, көлемді болады.

Абзал əлеуметтік желіде жарнамасын өзі жасайды. Кəсіби тұрғыда əр заттың құрамын жазып отырайын десең, адамдар қызықпайды дейді. Суретін немесе видеосын салып, өмірге қатысты бір ауыз сөз жазса, сонда барып назар аударып жатады екен. Алтынның сынамасы туралы хабары жоқ адамдар болады. Олар бұйымды көргенде «таза алтын ба?» деп сұрайды екен. «Ондай кезде 585 сынаманың 58,5 пайызы  таза алтыннан, қалғаны мыс пен күмістен тұрады деп түсіндіріп берем. Алтынның да, күмістің те тазасы 99,9 пайыз болады. Сан төмен түскен сайын сынамасы да түсіп жатыр деген сөз. Алтынның 375 (қазір стандарттан алып тастаған), 585, 750, 850, 960 деген сынамалары бар. Жоғары сынамалар араб елдерінде. Сынамасы жоғары болған сайын қымбат болады. Неге таза алтыннан бұйым жасамайды? Өйткені ол жұмсақ болады. Майыса береді. Қаттырақ болу үшін мыс, күміс қосады. Қызыл түсті алтында мыс көбірек болады. Сары алтында күміс көп. Ақ алтында никель, күміс болады. Таза алтынның жұмсақ болатынын айттық, оның 1 грамын созсаң 3 шақырымға дейін жетеді екен. Алтынның тағы бір қасиеті жұқартып таптағанда, мөлдір болып, күн сəулесін өткізеді», – деп түсіндірді зергер.

 

Жас қыздар бижутерияға тым əуес болмаса екен дейді. Өйткені бижутерия ауыр металдан жасалады. Ол адам денсаулығына зиян. Аллергия беруі мүмкін. Сондай-ақ зергерден алтын мен күмістің не үшін қарайып кететінін сұраған едік. «Күміс күкіртке қараяды. Дəрі ішкеннен адам ағзасында күкірт көбейіп кетуі мүмкін. Дəріні көп қолданатын адамдар күміс тақса, қарайып кетеді. Сондай-ақ кремдер мен əтірлердің құрамында да күкірт кездеседі. Солардың əсерінен күміс қараюы мүмкін. Бірақ бұл күмістің сапасыздығын көрсетпейді, күміс өзін осылай қорғайды. Темірге су тисе, тот басады. Ол да темірдің қорғаныш қасиеті. Бүйрек ауырса, сыртқа шығуы керек заттар ағзаға тарайды. Содан бүйрегі ауырған адамдардың да күмісі қараюы мүмкін. Кейбір адамдарда алтын да қараяды. Мұның бəрі химиялық əрекеттесу», – дейді. Абзал бір топтағы жалғыз студент болған. Қазақ тобына үш адам грантқа түсіп, екеуі жарты жолдан оқуын тастап кетіпті.

«Өйткені қолөнерде оқитындар тəжірибе жұмысымен көп айналысады. Сондықтан əртүрлі құрал-жабдықтар алуды талап етеді. Оның бағасы да қымбат. Болмайтын бір уыс затың 20 мың теңге болуы мүмкін. Оның үстіне құрал-жабдықтың көбі шетелден келеді», – дейді Абзал құрал-жабдықтарын таныстырып жатып.

Зергер микроскоптың да сапалысын алу керек дейді. Микроскоп – зергерге ең керекті заттардың бірі. Өйткені ол көзге көп күш түсірмей жұмыс істеуге көмектеседі. Кез келген нəрсені бірнеше есеге үлкейтіп көру арқылы өнімді жұмыс істейді. Ал микроскопсыз 5 минут жұмыс істесең, көзің талып, жасаурап кететінін айтады. Сондықтан да шеберлердің арасында «Ұста ұста емес, құрал ұста» деген сөз жиі айтылады екен.

Сұқбаттың соңында суретке түспекші болдық. Əдетте телефонмен түсе береміз. Бірақ Абзал кəсіби фотоаппаратпен түсуді ұсынды. Телефонның камерасындағы сəтсіз кадрды қаламаған болу керек. Осының өзінен оның əрбір туындысына эстетикалық талғаммен қарайтынын тағы бір рет аңғардым…

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №19
8 мамыр 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз