Жақында ғана Қытайдың Шэньчжэнь қаласына үлкен теннистен халықаралық дода өз мәресіне жетті. 32 мемлекеттің ең үздік спортшылары бағын сынаған додаға Зарина Дияс та қатысты. Жүлде қоры 626 750 АҚШ долларын құраған Шэньчжэнь турнирі отандасымыздың Токиодағы жеңісінен кейінгі қатысқан жарысы. Зарина бірінші айналымда әлемдік рейтингте 79-орында тұрған француз Полин Пармантьенің мысын басты. Екінші айналымда байырғы қарсыласы, 2013 жылы Гуанжоуда өткен WTA турнирінің жеңімпазы, әлемдік рейтингте 35-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті. Токиода өткен додада Заринаға екі партияға ғана төтеп берген қытайлық спортшының өз еліндегі қарқыны қатты болды. Дегенмен әр ойында барын салатын Заринаны Чжан Шуай тоқтата алған жоқ. Үш партия қорытындысы бойынша отандасымыз қарсыласын 6:3, 6:7, 6:4 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Зарина жартылай финалда ресейлік Мария Шараповамен кездесті. Әр жылдары әлемнің бірінші ракеткасы болған Шараповамен отандасымыз осы уақытқа дейін екі рет сайысқан еді. Зарина ресейлік спортшыдан 2015 жылы Австралия ашық чемпионатының үшінші айналымында және сол жылы Уимблдон турнирінде ұтылып қалған. Сөйтсе де 21 жастағы Зарина Шараповаға әжептеуір тегеурін көрсетіп, көрерменнің көзайымы болған. Осы жолы отандасымыз кеткен еселерін қайтаруға бар ерік-жігерін салып, соңғы ұпайға дейін таласып бақты. Алайда 30 жастағы тәжірибелі, тісқаққан Мария Заринаны жиі қателік жасауға мәжбүр етіп, сол қателіктерді ұтымды пайдаланып отырды. Зарина Диясқа агрессия жетіспей, көбіне қарсыласының қателіктерін күтумен шектелді. Ал Шарапова әлдеқайда агрессивті ойын үлгісін көрсетті. Зарина мұндай агрессивті ойынға дайын еместей көрінді. Мамандар бұл ойында Шарапованың жеңіске жететінін айтып, осы турнирдің фавориті ретінде болжаған. Рас, отандасымыз қалпақпен ұрып алатын оңай қарсылас емес екенін біршама дәлелдеді. Алайда бізге бір намысымыз кем тұрған секілді елестеді де тұрды. Шарапова болса, ойыннан кейінгі баспасөз конференциясында: «Мен бұл ойында барымды салып өнер көрсете алмадым. Маған қателіктермен жұмыс істеу керек», – деді. Мұнысы өзін қамшылау үшін айтылған сөз сияқты естілді. Қазір Зарина 24 жаста, Ал Шарапова 30 жаста. Шарапова Зарина Диястың жасында Лондон Олимпиадасының ақтық сынына шығып, финалда Серене Уильямске есе жіберген. Марияның кәсіпқой спортта жүргеніне 20 жылға жуық уақыт болса, Заринаға әлі 10 жыл толған жоқ. Демек, Заринаның болашағынан әлі де үлкен үміт күтуге болады. Тек бір айтарымыз, қандай жарыста болса да, қазақты намыс алып шығады. «Намысың биік болсын, Зарина» дегіміз келеді.

 

 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз