Алматыда Түркі кеңесінің туризм бойынша жұмыс тобы төрт ел өкілдерімен кездесу
өткізді. Бұл мемлекеттер 2014 жылы Бодрумда өткен Түркі кеңесі саммитінде қабылданған
шешімге сəйкес, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан мен Əзербайжанның тарихи-мəдени мұраларын əлемдік деңгейде насихаттай отырып, аталған елдердің туризм саласын дамытуды мақсат етеді. Кезекті басқосуда негізге алынған тақырып – «Заманауи
Жібек жолы» жобасы. Бұл Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы туризм саласын
дамыту үшін қолға алынған үздік жоба.

Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман: «Халықаралық туризм нарығындағы соңғы қадамдарға келсек, туристер жағажай, теңізбен шектелмей, шет елдердегі мəдени мұраларды тануға мүмкіндік береді. Оның ішінде Қазақстандағы Алматы, Тараз, Шымкент пен Түркістан қалаларындағы тарихи ескерткіштер бар. Орта Азияға тəн архитектурасымен Арыстан Баб, Ақсақ Темір, Қожа-Ахмет Яссауи сияқты əлемге танымал тұлғалар саяхатшылардың қызығушылығын тудыратынына сенімдіміз. Біз ұсынатын туристік пакеттің бағасы Еуропа мен Америка нарығындағы бағамен салыстырғанда едəуір арзан болмақ. Ал Түркия мен əріптес елдер үшін саяхатшылар қалтасына салмақ түсірмейтін баға қарастырылып жатыр», – дейді.
Өмер Коджаман туризм жобасын іске асыратын туристік операторлар Түркі кеңесіне мүше елдердің Туризм жəне мəдениет министрліктерінің ұсынуымен қабылданғанын, сондықтан əр елді танытуда кəсіби мамандар жұмыс істейтінін жеткізді. Іскерлік кездесуде Түркияның Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза күннен-күнге Түркияны көруге құштар Қазақстан азаматтарының қатары артып келе жатқанын, Түркия тарапынан да Қазақ елін тануға ниеттілер саны өскенін жеткізді. «Заманауи Жібек жолы» жобасы бауырлас түркі елдерінің бір-бірін тануы мен насихатталуына сеп болары сөзсіз. Мəселен, Түркияға жылына 40 миллионға жуық шетелдік саяхаттайды. Соңғы 2017 жылдың өзінде туризмнен мемлекеттік бюджетке 37 миллиард доллар кіріс кірген. 2018 жылды «Туризм жылы» деп атап, астанасы етіп Троя қаласын бекітіпті. Назарға алынған «Заманауи Жібек жолы» жобасы туризм саласының Түркиямен қатар Қазақстан, Əзербайжан, Қырғызстанда да қарқынды дамуына ықпал етпек. Сонымен қатар, Түркияның Қазақстандағы туризм атташесі Нури Шимшектің мəлімдеуінше, соңғы жылдары шетелдік туристер теңіз бен жағажай үшін ғана емес, денсаулық туризмі, жайлау, спорт туризміне қатты қызығушылық білдіреді екен. Аталған мемлекеттер осы орайда нақты орындарды белгілеп, қолайлы жағдай жасап онлайн сатылымдарды күшейту жағын сөз етті.

Сəуле НЫСАНБЕК

Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз