Достар, бұл мақаланы сендердің оқығандарың дұрыс па, әлде оқымағандарың жөн бе деп көп ойландық. Өйткені, мұнда саналарыңа аздап салмақ түсіретін әңгімелер айтылады. Біз заңгерлерден жасөспірімдер мәселесі туралы сұрау үшін барғанбыз. Бірақ, біз әңгімелескен заңгер мен қорғаушының тәжірибесінде жасөсіпірімдерге қатысты қандай да бір оқиғалар болмаған екен. Дегенмен, олар айтқан әңгіме адамға ой салмай қоймайды. Жас болсаңдар да әр нәрсенің жөнін біліп жүрген артық болмас.

Жанна Шапатованың заң саласында істеп жүргеніне бес жылдан асқан. Жақында ол қасындағы қорғаушысы Талғат Маратовпен бірігіп, «Тегін заңгерлік 100 кеңес» деген акция өткізді. Бір айда 35 адам келіп кеңес алған. Көбіне алимент пен мұрагерлік мәселесі бойынша көмек сұрап келгендер. «Басқа заңгерлердің бір реттік кеңесі, жоқ дегенде, бес мың теңге тұрады. Ал біз өзі ары қарай алып кете алатын адамға бес-он минутымызды қиып, жол көрсетіп жібереміз», – дейді заңгерлер.

Біз барғанда Жанна Шапатованың алдында құлағы естімейтін әрі сөйлей алмайтын мүгедек жас жігіт аудармашысымен бірге құжат түгендеп отырды. Жас жігіт ыммен қасындағы аудармашыға түсіндіреді, ал аудармашы Жаннаға аударып береді. Арасында аудармашысы: «Маңызды мәселелерді менсіз шешпе дедім ғой», – деп жас жігітті ұрсып та алады. Жас жігіт те кеудесін ұрғылап, қарсылығын білдіреді…

Жанна ШАПАТОВА:

«Қорғансыздарды қорлап жүргендер көп»

– Соңғы кездері мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмектесіп жатырмын. Жаңа сіз келгенде отырған жігітті алдап кеткен. Бір джип үш бірдей көлікті соққан. Ортасындағы көлік осы баланікі екен. Көлігі жарамсыз  болып қалған. Жартысын сақтандыру компаниясын төлеген. Ал қалған жартысын кінәлі адам төлеуі керек болған. Бірақ, төлемей кеткен. Оқиға болған кезде бұл бала ойын жеткізе алмай, ештеңе айта алмаған. Қазір құжаттарын түгендеп, сотқа беруге дайындалып жатыр. Мен көмектесіп жүрген тағы бір осындай адам бар. Оның да құлағы естімейді, сөйлей алмайды. Жүйке жүйесі ауыратындардың орталығында есепте тұрады. Абай мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында пәтерлері болыпты. 1995 жылдары өрт болып, құжаттардың бәрі өртеніп, тек үйдің орны ғана қалады. Осы оқиғадан кейін анасы қарттар үйіне, өзі интернатқа кетеді. Әкімшілік құжаттарын қалпына келтіруге көмектескен. Бір күні бір әйел келеді де, «үйдің кезегіне тұруыңа көмектесемін» деп нотариусқа ертіп келіп, үйдің орнын сатуға қол қойдырып алады. Сөйтіп, үйдің орнын 30 мың долларға сатып жібереді. Уәдесінде тұрып, үйдің кезегіне тұрғызады. Осымен шаруа бітеді. Үкімет оған жатақхана берген. Қазір де сол жатақханада тұрады, егер ол адам тұратын жер болса…  Қазір ол өзін алдап кеткен әйелді жауапқа тартпақшы. Бұл процесс мен үшін ерекше. Өйткені, қамқорлықсыз қалған адамдарды алдап, қанау қазір көбейіп кетті. Дәл осындай жағдай болғанда БАҚ-тың араласқаны жөн. Ол кісі бізге басына түскен қиындықты айтып келгенде, шынын айтайық, түсінісе алмадық. Қасында аудармашысы жоқ. Сондықтан қасымда отырып, «уотсап» арқылы сөйлестік. Онда да ойын дұрыс жеткізе алмады. Мұндай адамдарды әдетте ешкім тыңдамайды. Ал біз барынша назар аудардық және оған өкінбейміз.

«Қол қояйын деп жатқанда, әр әріпті оқу керек»

Қ. есімді азамат пәтер сатып алмақ болып, риэлторлық компанияның көмегіне жүгінеді. Бір пәтерді көреді. Риэлторлық компания пәтерді көру актісіне 1000 теңге алып, қол қойдырып алады. Содан кейін бұл жағдайды ұмытады. Басқа пәтер іздейді. Таппаған соң, жаңағы пәтердің жарнамасын тағы да көріп, телефон соғады. Сөйтсе, пәтердің иесі тұтқаны көтереді. Сатып алушы туысқандарына көрсетеді, ұнатып, сатып алады. Бір күні риэлторлық компания Қ-ға сот арқылы іздеу салады. Жаңағы акт дегені кәдімгідей келісімшарт болып шығады. Онда былай делінген екен: «Егер ол немесе оның туысқандары сол риэлторлық компания арқылы сол пәтерді сатып алатын болса, онда сатып алмай тұрып, компанияға 400 мың теңге ақша төлеу керек», – деп жазылған екен. Сол 400 мың теңге айыппұл сияқты өсіп-өсіп, 700 мың теңге болған. Келісімшартта не жазылғанын оқу мүмкін емес. Бір парақ қағазға  кішкентай әріптермен жазылған. Пәтерді кешкі сегізде көрген, актіге дәлізде тұрып қол қойған. Олар сотта 1000 теңге алғанын және «бұл келісімшарт екенін білді, біз оған оқып бердік» деп мойындамады. Сотқа пәтердің бұрынғы иесін де шақырдық. Ол: «Мен ешқандай компанияға үйімді сатып бер деп айтқан жоқпын, ешкімге үйімді сатуға рұқсат берген де жоқпын», – деп азар да безер болды. Алғашқы отырыстан кейін судья ауысып, пәтердің бұрынғы иесін қайтадан шақыртты. Ол кісі Мәскеуге кетіп қалған еді. Процесс төрт айға созылып барады. Куәгерлердің бәрін сотқа алып бара жатқанда, жиырма минутқа  кешігіп қалдым. Сөйтіп, сот менсіз өтіп, процестен жеңілдім. Бұл іс біздің пайдамызға шешілмеді. Пәтердің иесі Қ-ға 700 мың теңгенің үстіне тағы да айыппұлдар салынды. Апелляциялық шағым жаздық. Пәтерді сатып алған Қ. Қызылордада тіркеуде тұрады екен. Сондықтан оның ісі Қызылордада қаралуы керек еді. Басында бұл жайтты ескерттік. Бірақ, судья өзгерсе, істі қайтадан басынан бастауға тура келеді. Бұл жағдайда істі қайтадан қараған жоқ. Жалғасын жасады да, шешім шығара салды. Бір қызығы, жаңағы риэлторлық компанияның акт парағына қойылған директордың қолы түсініксіз. «Біздің басқа директорларымыз бар, солар қойды» деп жауап берді. Әдетте компанияны бекіткенде бір адамның ғана қолымен бекітіледі. Сонда бір парақ келісім-шартты өздері ойлап тауып, кез келген біреуі қол қоя салғаны көрініп тұр. Экспертиза жасатайық деп те айттық. Бұл сөзімді ешкім ескермеді. Сондықтан қол қояйын деп жатқанда, әр әріпті оқу керек. Егер келіспейтін жерің болса көрсетіп, келіспейтініңді айту керек.

Мақсат МАРАТОВ:

«Жоғарыға арыз жазып, уақыт жоғалтып алады»

– Бізге бір қыз көмек сұрап келді. Ол бір қытай мейрамханасында жұмыс істеген екен. Мейрамхананың қожайыны бірнеше рет зорлапты. Өзі тұйық қыз, біреуге айтуға ұялған. Аяғының ауыр екенін де білмей жүре берген. Әбден кеш болғанда бір-ақ біледі. Ол баланы дүниеге әкеледі. Бізге келген кезде мен де оған сенбедім. Баланың әкесін көрген кезде бір-ақ сендім. Өйткені, бала әкесінің аузынан түсіп қалғандай екен. Ал әкесі «менікі емес» деп мойындамады. Алғашқы экспертизаны Алматыда жасаттық. Біз күткен нәтиже шықпаған соң, екінші рет шағым жазып, қайтадан сараптаманы Астанадағы сот-медициналық сараптама орталығында жасады. Әкесі екені расталды. Айтайын дегенім, егер арада заңды неке жоқ болса, бірақ, бір үйде тұрып, әкесі балаларына ешқандай көмектеспейтін болса, онда әйелі алимент талап етуге болады. Қазір алимент өндіру – әйелдер үшін де, сот орындаушылар үшін де өте қиын процесс. Дер кезінде заңгерлерден кеңес сұрап, әрекет етудің орнына жоғарыға шағым айтып барып, уақыттарын жоғалтып алады.

«Кінәсіз жігіт тоғыз ай түрмеде отырып шықты»

– Өткен жылдың басында болған қылмыстық істі ұмыта қойған жоқпын. Бір жерде жұмыс істеп жүрген алты жігіттің біреуі кенеттен қайтыс болады. Оқиға былай болған: Бәрі жұмыс істеп жүргенде араларындағы біреуі ішімдік ішкен. Қалған бесеуі оны үйіне апарып тастайды. Түнде оны ауруханаға алып кетіп, «омыртқасы сынған» деген себеппен қайтыс болады. Неге екені белгісіз, өлер алдында камераға «бәріне кінәлі Арман» деп айтып кетеді. Осылайша, араларындағы біреуіне кінәні мойнына алуға мәжбүрлейді. Мен кездесуге барғанда, ол бастан аяқ не болғанын айтып берді. «Оны үйіне алып барғанда сап-сау болатын. Оның әйелін де жақсы танығандықтан, жұмысқа тастамай, үйіне жеткізіп салып, кетіп қалдық. Жұмыста бірде-бір келіспеушілік болмады. Біз кіріп-шығып жүргенде, ол өз-өзімен ішіп отырған. Болса, үйінде бір жағдай болған», – деді. Қасындағы төрт адам да оны растаған. Істі амбициясы басым ізкесуші жүргізіп, бәрін реттеп қойған екен. Жігіттің кінәлі екеніне ешқандай дәлел жоқ екенін айтып бақтым. Сот болды, барлық куәгерлер мен сарапшылар да шақыртылды. Сарапшылардыңқорытындысы бойынша, қайтыс болған адаммен бір сәтке болса да оңаша қалатындай бірде-бір жағдай болмаған. Тергеу кезінде: «Қайтыс болған жігіт пен күдікті күрескен. Сонда жәбірленушіні екінші адам көтеріп, лақтырғанда баспен құлап, мойны сынған» деген нұсқа айтылыпты. Ал сотта сарапшылар: «Егер сондай жағдай болса, жарақаттың орны болар еді», – деді. Біреу мойнын күрт жұлқып қалғанда, омыртқа сынып кеткен. Барлық дәлелдер алғашқы нұсқаға қарсы болып шықты. Маған ізкесуші келіп: «Екеуміз бір салада істейміз. Қорғауыңдағы адам кінәсін мойындасын, жазасын жеңілдетеміз, сені де ренжітпейміз», – деді. Біз бұндай келісімге келе алмайтынымызды бірден айттық. Содан кейін қорқытып-үркітуге көшті. Олар, тіпті, тіркеуде тұрған үйіме барыпты. Ол жерде туысқандарым тұратын еді. Маған бір полиция қызметкерлері келіп тұрғанын айтты. «Егер әңгіме жаңағы жігіттің жағдайы туралы болса, сөйлеспеймін», – дедім. «Жоқ, басқа шаруамен тез арада кездесуіміз керек», – деп жалтарды. Содан не керек, кездестік. «Егер кінәсін мойындамаса, қаншама адам орнынан кетеді, білесің бе?» – дейді. Мен бастапқы қағидамнан қайтпадым. «Онда сен біздің «аймақта» жұмыс істей алмайсың», – деп бір-ақ кесті. Біздің жұмысымыздың жартысы, әсіресе, ауыр қылмыстық жағдайлар аудандық полиция бөлімшесінен түседі. Расында да олар менің жолымды жапты. Басқа жаққа ауысып кетуге тура келді. Жаңағы жас жігіттің үстінен «адам өлтірді» деген бапты алып тастап, үш жыл берді. Біз қайтадан апелляциялық шағым түсірдік. Соның арқасында бір жарым жыл берілді, оның тоғыз айын түрмеде, қалғанын айыппұл төлеп өтеді. Бірақ, сол жігітті айыпты деп тапты. Дегенмен, жас бала тоғыз айын бостан-босқа түрмеде өткізді. Ал қайтыс болған жігіт сол күні әйелімен ұрсысып, жұмысқа келген екен. Кешкі тоғыз-ондар шамасында үйіне апарғаннан соң, арада екі сағат өткеннен кейін қайтыс болған. Сол аралықта жігіттің екі әпкесі келген. Екі әпкесі сотта екі түрлі сөйледі. Біреуі «жұмыста төбелестім» деп айтты десе, екіншісі «маған ондай ештеңе айтқан жоқ» дейді. Видеоны психолог маман тексерді. «Соққының әсерінен болған психикалық бұзылудан сұрақты жақсы түсінгенімен, бір сөзді қайталай береді» деген қорытындыға келді. Бұл менің өмірімдегі өте қорқынышты процесс болды.

ТҮЙІН ОРНЫНА:

Олар ақыл-кеңес айтып қана қоймай, болып жатқан істі жан-жақты зерттеп, әр құжатты зерделеп, әрі алдына келген адамды жетектеп, үмітін ақтауға тырысады. Олардың әңгімесінен өмірдің боямасыз шындығын көресің. «Күйеуімен ажырасып кеткен бір әйел көмек сұрап келді. Бірақ, күйеуі ылғи аңдып жүреді екен. Қай жерден әйелін тапса, сол жерде ұрып кетеді. Арыз жазады, арты нәтижесіз қалады. Әйелдің өз ақшасына сатып алған пәтеріне күйеуі таласып, соттасуға дейін барды. Қазір ол баласымен пәтер жалдап тұрады. Алимент алмайтыны тағы бар. Өз үйінде өзі тұра алмайтын жағдайға жеткен. Білесіз бе, біз осы процестен ұтатын болсақ, әйелге ол еркектің не істейтінін білмейміз», – деп алаңдайды олар.

Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Заң білмесең, басыңды алып жүре алмайтын заман келе жатыр. Қазір заңды білген де сауаттылық. Өмірде болатын осындай келеңсіз жайттар сендерге де сабақ болсын деген мақсатпен айтып отырмыз.

Жазып алған
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз