Кішкентай Луи өзге балалардай ойынға жүгіруден гөрі ат әбзелдерін, аяқ киім тігетін шеберханадағы әкесінің әрекетін бақылағанды ұнататын. Алайда оған әкесі үнемі «Тиіспе!», «Бұл қауіпті!», «Байқа!», «Өскен соң ұстайсың!» деп ескертіп отыратын. Сол себепті ол ешбір затқа қолын тигізе алмады. Бір күні әкесінің сырттан хабар айтып келген қызына бұрылып, тысқа беттегенін пайдаланған қызыққұмар бала өткір бізді қолына алып әкесінен көргенін қайталай бастады. Аулаға алаңдаған әке бір кезде ұлының шыңғырып жіберген даусына жалт қарады. Жүгіріп жеткенде баласының көзін басып жылап жатқанын көрді. Ол қатты материалды тесемін деп біздің үшкір ұшымен көзін жаралап алған еді. 3 жасар балақай осылайша бір көзінің жанарынан айырылды. Баласын бауырына басып, алып-ұшқан әке сол сәбиінің кейін қаншама жанның жүрегі мен жанарына жарық сыйлай аларын білмеген болатын.

–14 жасында институт шеберханасының басшысы болған;

–15 жасында зағиптарға арналған оқу жүйесін ойлап тапқан;

–16 жасында органист болып қызметке тұрған тағдырлы талант.

Ол 1809 жылы 4 қаңтарда Франция астанасы Парижге жақын жердегі Купвре (Coupvray) деген кішкентай қалада төрт баланың кенжесі болып дүниеге келген. 3 жасында бір көзін зақымдап алған тынымсыз бала инфекцияның екінші көзіне тарауы салдарынан 5 жасында зағип болып қалды.

Күн қайда?

Луи Брайл туралы балаларға арнап «6 нүкте» атты иллюстрациялы кітап шығарған жазушы Джен Бриант (Jen Bryant) кішкентай балақайдың сол сәттегі бейнесін, әрекетін, сезімін ерекше бейнелеген: «Менің әлемім қараңғы әрі қорқынышты болды. Мен қабырғаны, есікті, орындықты тарсылдатып, үй ішінде сүрініп-қабынып жүретін күйге түстім. Денемді ауыртып алам. Мен «Күн қайда?» деп жыладым. Бірақ күн бәрібір шықпады… Сонан соң көзім көрмейтін нәрселерді құлағыммен естуге жаттығу үшін терезенің жақтауына отырдым: лаң-баң, киш-киш – әкем шеберханасында жұмыс істеп отыр; кломп-кломп – сарбаздар көшеде адымдап жатыр; суиш-суиш, суош-суиш – биік өкшедегі әйелдер дүкенге асығып барады; бррр-грр, раф-рраф – көршінің қатты шынжырлап байланған ызалы иті. Жалғыз, қараңғыда. Мен оның қандай сезімде екенін білемін».

Әкесі ұлын соқыр болса да еңбекке баулып өсірді, ол шеберханада көмекші болып жұмыс істейтін. Луи үйге киетін аяқ киімдерді өзі тіге алатын. Ал анасы оны дастарқан дайындауға, өзіне қолғабыс етуге міндеттеген. Таңертең су тасу да оның құзырындағы тірлік еді, төмпешік тастарға толы көшеде құлап, сүрініп, суын төгіп алатын. Сосын құдыққа қайта кететін. Әпкелері оған үнемі әртүрлі кітаптар оқып беретін. Луи көзі көрмегенмен, отбасы мүшелерінің талабы арқасында өз қатарымен бірдей кәдімгі мектепке барды. Ол есту қабілеті арқылы білім алды, оқу мен жазудан өзге барлық сабақта алда болды. Бірде сабақтан келген соң, әдеттегідей әкесінің шеберханасында оған көмектесіп отырған. Әңгімені әкесі бастады:

–Бүгін сабағың қалай болды?

–Іш пыстырады.

–Сабақ деген іш пыстырушы ма еді?

–Өзгелер есепті қағазға жазып шығарамын дегенше, мен басыммен-ақ жауабын тауып қоямын. Әлдеқашан сыныптың алды болып алғам.

–Бұл сен үшін сондай оңай ма?

–Иә, бірақ бір кездері олай болмауы мүмкін…

–Қашан?

–Олар оқу мен жазуды үйренген кезде.

–Сен оқып-жазуды үйренгің келеді ғой?…

–Алайда директор менің қолымнан бұл келмейтінін айтты. Онда көзі көрмейтіндерге ешбір кітап жоқ екен.

–Менде саған бір нәрсе бар, – деп, әкесі басы бедерлі шегелерден тақтайға қағып жазылған бейнені баласының саусағымен сипап көрсетіп, оның «А» әрпі екенін айтты. Бұған ол ерекше шаттанып қуанды. «Мынау «А» ма, мәссаған! Енді маған «Б»-ны көрсетші», – деді. Шебер әке оған барлық әріпті осылай танытты.

 

10 жасар студент

Бір күні Брайл отбасына, анығында Луидің өміріне өзгеріс әкелген тосын оқиға болды. Луидің алғырлығы мен талабына тәнті болған Маркиз де Олвилерс (Мarquise d’Оrvilliers) атты бай әрі беделді әйел зағиптарға арналған Париждегі Роял институты Францияның әр аймағынан тек бір баладан оқуға қабылдап жатқанын, бұл мүмкіндік екінші рет тумайтынын айтады. Әкесі Луиді Парижге апара алмайтынын жеткізеді. Сол сәтте сөзге Луи араласып: «Мадам, ол жерде оқу-жазуға үйрете ме?» – деп сұрайды. Бұған мүмкіндіктің бар екенін естігенде: «Онда көзі көрмейтіндерге арналған кітап бар ма?» – деп бірден екінші сауалын қояды. Бар екенін айтқанда Луи: «Өтінемін, әке, мені сонда жіберші…» – деп әкесіне жата кеп жабысады. Ал әкесі бұл туралы ойланатынын айтады. Ол кезде шынымен де ақша болмаған. Саймон (Луидің әкесі) 10 жасар әрі көзі көрмейтін баласын алысқа қалай жіберетінін ойлап уайымдайды. Сөйтсе де ұлын тапсыруға келеді, оларды интститут директоры Месье Дюфау (Monsieur Dufau) қарсы алады. Ал директор өзінің ассистенті доктор Пиниемен (Dr. Pignier) таныстырады. Әке ұлын қимай қоштасады. Луи оны құшақтап тұрып: «Алаңдама, әке! Мен оқып, жазуды үйренемін», – деп қол бұлғап қала береді.

Луи бір түні барлық балалар ұйықтап жатқанда ақырын ғана тінтуге шығады. Ұзын қабырғаны сипалап жүріп бір тақтайшаны тауып алады, ондағы әріптерді саусақ ұшымен оқи бастағанда кітапхана екенін біліп қатты қуанады. Есікті ашып кіреді де бірден кітаптарды іздейді. Ол небәрі үш-ақ кітап табады. Бір кезде есік қайта ашылып, ішке директор мен доктор Пиние кіріп келеді. Директор бірден айғайға салады. Еркін өскен Луи директорға: «Мұнда 3-ақ кітап бар…» – дейді. Доктор Пиние мұның рас екенін айтады. Сонда өтірікке жаны қас бала: «14 кітап бар дегенсіз. Сіз мені алдадыңыз!» – дейді. Директор «Кітаптарды ұмыт!» – деп айғайлайды. Қайсар Луи қайтпай: «Мен осы кітаптарды оқуға келемін!» – дейді. Сонда директор: «Бұл бөлмеге кіруге саған рұқсат жоқ!» – деп жекиді.

Франция әскерінің отставкадағы капитаны Чарлз Барбье (Charles Barbier) Роял институтына келіп, зағип балалармен кездеседі. Ол сарбаздарға арнап жарық пен дауыстаусыз сөйлесудің жолын тапқан. Бұл еңбегін ол «Түнгі жазу» (nocturnal writing) деп атаған. Бірақ оның оқылуы сарбаздар үшін тым қиынға соқты, ал капитан оны зағип балаларға ұсынды. Капитанның балалармен кездесуінде доктор Пиние балалардың ішіндегі біреуі оның жүйесін жақсылап қарап, өз ойын айту қажеттігін ұсынады. «Балалар маған өзінің ойын айта ма?» деп, капитан менсінбей қарайды. Сонда Пиние бұл әдісті ең алдымен балаларға қолдану үшін алып келгенін, соларға арналуы тиіс екенін есіне салады. «Луи, қалай? Луи Брайл, сен қалайсың ба?» – дейді. Сөйтіп Луи бірнеше күн осы әдіс арқылы оқып көреді. Нәтижесін айтатын күн жетіп, капитанның алдына Луи мен доктор Пиние келеді. Луи капитанға жүйесінің зағиптар үшін аса қажетті екенін, алайда бір әріпте 8-10 нүктенің болуы оны жаттауға және саусақтың сезінуіне қиындық тудыратынын, онда пунктуациялық белгілер мен сандардың жоғын, мұның соңы жазуда қателікке ұшырауға алып келуі мүмкін екенін айтады. Ал сын көтере алмаған капитан соқырларға орфографияны білудің қажеті жоғын алға тартып, өз жүйесіне өзгеріс енгізуден түбегейлі бас тартады.

Капитанды жеңген жасөспірім

Қызуқанды қапитан көнбеген соң, 12 жасар Луи оны қалай жетілдіріп, тиімді жүйе жасауға болатынын күні-түні ойлап, тәжірибе жасаумен болады. Ол сол уақыттарда институт шеберханасында басшылық қызметті қоса атқаратын, арасында музыкадан сабақ алуға жүгіретін, оған өзінің күнделікті үй тапсырмасы қосылатын. Бірақ ол өз жобасын жүзеге асыру үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланатын. Әрбір сәтті алтындай бағалайтын бала тамақтанып бола сала жобасын ойластыруға отыратын. Өз қатарындағы оқушылар ұйықтап қалғанда Луи қатты қағазды тесіп, тықылдатып жататын. Луи жылдар бойы жаттығады. Осылай зерттеу мен өз шаруаларының арасында арпалысып жүргенде жазғы демалыс та жетіп, Купвредегі үйіне қайтады. Кішігірім қаладағы диқаншылар оның жол бойында қағазды тесіп отыратынын көрген. Бір күні әкесі қағаз бен бізден қолы босамай отырған ұлына анасының уайымдап жатқанын, азырақ үзіліс жасау керектігін айтуға келеді. Ол әкесіне өзінің жұмысын көрсетеді. Кезінде әріптердің бейнесін шегелерді қағып үйреткен әкесіне нүктелер арқылы жасап шыққан өз жүйесін көрсетеді. «Мынау А, мынау Б, С, Д» деп танытады. Әкесі таңғалады.

Әне-міне оқу басталып, Парижге қайта келеді. Барлық баланың алдында өз еңбегі туралы айтады. Оны доктор Пиние сынап көреді. Доктор Пиние газетті алып оқиды, Луи біз құралының көмегімен бедерлі нүктелерді сала бастайды. Қағазды төңкеріп, жазғанын судыратып оқи жөнелгенде газетке қайта шұқшиған доктор Пиние сөйлемнің айна-қатесіз екеніне қайран қалады. Еңбекқор Луи 15 жасында екі бағанда үш-үштен орналасқан бедерлі нүктелерден зағиптарға арналған әліпби ойлап табады. Бірақ институт директоры бұл жаңалыққа қуана қоймады. Ол Луидің қағаздарын өртеп жіберді. Ал Луи берілмеді. Тоқтамады. Керісінше, алапат сенім мен күш оны үлкен істер атқаруға жетеледі. Ол 1726 жылы жарыққа шыққан Джонатан Свифттің (Jonathan Swift – Gulliver’s Travels) сатиро-фантастикалық «Гуливердің саяхаты» атты атақты романын өз әліпбиіне салып транскрипциялайды. Түнде тыныштық бермегенінен көңілі қалған бір досы оған бұл жұмысын директор біліп қойса, көресіні көрсететінін айтады. Оған қайта қоятын Луи ма! Директор Луиді жеке шақырып көндіруге тырыспақ болады, алайда 10 жасында оны институтқа шақырған баяғы беделді әйелдің қатысуымен болған отырыс директордың үнжырғасын түсіреді. Онда Луи өз жұмысын көрсетіп, өзі жасаған әліпбиімен траснкрипцияланған мәтін оқиды. Оған бәрі қол шапалақтап, ризашылығын білдіреді. Мұны капитанның айғайы бұзады, ол оқып отырған баланы алдын ала мәтінді жаттап алған деп айыптайды. Луи оған өзі қалаған балаға оқытуын сұрайды. Капитан екі баланы таңдайды. Капитан мен Луи қарсы отырып әрқайсысы өз әліпбиі бойынша транскрипциялайды. Луи бірінші бітіреді. Алдымен капитанның жұмысын оқиды. Ежелеп қалған қыз сөйлемнің соңына жете алмай, нүктелердің тым көптігінен қиналып тұрғанын айтып кешірім сұрайды. Екінші қыз жүргізіп оқып, Луидің сөйлемін толық айтып береді. Барлығы Луиді құттықтап қайта қол соғады. Ал капитан болса, өз тақтайшасын алып сыртқа шығып кетеді. Доктор Пиние шәкіртін сол жерде көпшіліктің көзінше мұғалім, курстастары мен барлық зағип адамдардың құрметіне бөленген ғажап еңбектің иесі ретінде атап, құттықтайды.

6 нүктедегі 63 белгі

Луи әрдайым достарының арасында сондай сыйлы болған, құрдастарына сабағын оқуға көмектесетін және өз жүйесін тәжірибеден өткізіп жүргенде олардың ойларып, пікірлерін, тіпті сынын ескеріп отырған.

Ол осы жетістігімен тоқтап қалмады. Музыканы ерекше жақсы көретін. Мектептегі музыкалық қабілетін институтта да қажымай жалғастырып жүрді. 16 жасында шіркеуге органист болып қызметке тұрған. Луи бірде Париж консерваториясы профессорының көзіне түсіп, соның арқасында тегін музыкалық білім алу мүмкіндігіне ие болды. Музыкаға асқан сүйіспеншілігі оған тыныштық бермеді, қаншама жылдық ерік-жігер мен еңбектің нәтижесінде өз жүйесіне ноталарды қосты. Бұл зағиптардың мүмкіндігін шектеген, оларды шеттеткен қоғамды сілкінтті.

19 жасында Луи өзі оқыған институтқа оқытушы болып оралды. Ол алгебра, география және музыкадан сабақ берді. Бұл қызметі оған өз жүйесін әрі қарай жетілдіруге жәрдемдесті. Бұдан бөлек Луиге оның қолдаушысы әрі ұстазы, талантты тани алған доктор Пиние қуат сыйлады. Олар үнемі хат алысып, осы жүйе бойынша әрдайым ақылдасып отырған. Оны 1831 жылы жазған мына хатынан білуге болады:

Қымбатты Пиние, бірінші беттің шифрын түсініп оқуға тек 60 минуттың төрттен бірін жұмсауыңыз мүмкін екеніне мен сондай қуаныштымын! Егер асығып тұрсаңыз, қалғанын оқымай-ақ қойыңыз, өйткені енді мен (өз) рахатыма және сіздегі маған қойғыңыз келген көкейдегі сауалдарға жауап беру үшін жазамын. Мен сіздің екі ғажап хатыңыз келгенде бірнеше күнге Купвреден кеткем. Әйтпесе екінші жобам сіздің екінші хатыңызға сәйкес келер еді. Мұнда бәрі жақсы, бақтағы жүзім пісті, тым болмағанда әдемі серуеннен шабыт аламын. Әпкеңіз мадмуазелге менен дұғай сәлем айтыңыз.

Мен сізді және … ойлап отырмын.

Луи Брайл

Айта кетейік, Майкл Меллордың (Michael Mellor – Louis Braille: A Touch of Genius)  кітабында жарияланған бұл хатты Бостондағы Брайл Ұлттық баспасы (National Braille Press) жолдады.  

Луи бос уақытының бәрінде кітаптарды өз шрифтіне салумен болды. 1934 жылы зағиптарға арналған жазудың халықаралық көрмесінде 22 жұмыстың ішінен Луидің шрифті үздік болды. Осы шарада Францияның королі Брайлдың жұмысын көреді. Бірақ бірден зағиптарға арналған ресми жүйе етіп бекіте алмайды. Өйткені осы бойынша арнайы кітаптар, қағаз, аппаратқа ақша керек еді.

Мектепте көзі көрмесе де есепті сыныптастарынан бұрын шығарып тастайтын оқушы өз жүйесіне математикалық таңбаларды қосып, өзі сияқты көзі көрмейтіндерге логикасын дамытуға жағдай жасады. Тиімді жүйені ойлап табуына дәл осы математикалық қабілеті ерекше көмектесті. Өйткені ол небәрі 6 нүктемен 63 белгіні бере алған.

Ол өз еңбегінің еленгенін көрмей кетті. Оның бір дәлелі – 43 жасында өмірден өткен соң, туған жерге жерленіп, жүз жылдан кейін ғана Франциядағы беделді адамдар қойылатын пантеонға әкелінуі. Бірақ Луи мойымады, баламын демеді, жанын салып, жанталасып жұмыс атқарып кетті. Милиардтар үшін… Өйткені қазір барлық әлемде зағиптар Брайл жүйесімен оқиды. Мәңгілік өмір сүру деген осы екен ғой…

Менің өмірім Алланың алақанында

Қазіргі Ұлттық зағиптар федерациясы (бұрынғы Дүниежүзілік зағиптар одағы) басшысы болған Кеннет Джерниган (Kenneth Jernigan) 1995 жылы Луи Брайлдың туған үйіне арнайы сапармен барған. Сол кездегі жазбасында XVIII ғасырдың екінші жартысында салынған және содан кейін әр уақытта қалпына келтірілген үйдің мұражай ретіндегі бейнесін толық суреттейді. Сонда үйдің қабырғасына ілінген мрамор тақтадағы мына бір сөзді қаз-қалпында береді: «Бұл үйде 1809 жылы 4 қаңтарда зағиптарға арналған бедер-нүктелі жазуды ойлап тапқан Луи Брайл дүниеге келген. Ол көзі көрмейтіндерге білімнің есігін ашты».

Мен соңғы сөйлемге «небәрі 15 жасында» дегенді қосып қояр едім. Ол көзінің жанарынан айырған бізді (құрал) көзі көрмейтіндерге жарық сыйлайтын құралға айналдырып кетті. Оның кең таралған афоризмінің бірі мынау: «Егер мен адамдар, оқиғалар, идеялар және ғалымдар туралы көзімнің көмегімен біле алмасам, онда басқа жолды табу керек». Ал біз басымызға түскен ауыр тағдырдың өзін қоғамға қызмет етуге арнай аламыз ба?..

Луидің жүйесі Қазақстанға ХХ ғасырдың 40-жылдары келе бастаған. Алайда осы жүйенің қазақ әріптерімен толықтырылуы тікелей 1961 жылдардағы ІІ дүниежүзілік соғыстан соқыр боп оралған Сәкен Қайдарұлы Өтегеновтің ерен еңбегімен қатар айтылады. Осы қайраткердің атында Астанада арнайы кітапхана бар. Сонда бас сұқтым. 193 жыл, яғни екі ғасырдай бұрын дүниеге келген 15-16 жасар жасөспірімнің жүйесін мен де қолданып көрдім. Сол сәтте келе қалған оқырман Татьяна Поляковаға Брайл шрифтімен бірнеше сөзді жазып, оны қайта өзі оқып берді. Ол дәл осы мақаланы сіздің жүргізіп оқып отырғаныңыздай, саусақтарының ұшымен сипап отырып судыратты. «Луи зағиптардың саусақтарына жанар сыйлап кетіпті-ау» деп күбірледім. Қазақстандағы Брайл жүйесі туралы ақпарат алуымызға жағдай жасаған кітапхана жетекшісі Анна Васильевнаға және көзі көрмесе де жұмыс істеп жүрген, елімізде зағип балаларға арналған бір де бір мектеп-интернаттың жоқ екенін және небәрі үш облыста (Алматы, Қарағанды, Астана) арнайы кітапхананың бар екенін жеткізген кітапхана қызметкері Марина Шаношниковаға алғыс айтамыз. Аталған кітапханада 240 көзі нашар көретін және көрмейтін оқырманның ең кішісі 17-дегі Ажар, ал үлкені 80-нен асқан Әдбікәрімов Қуандық ақсақал.

Мақаланы Луидің сөзімен аяқтағым келіп тұр: «Менің өмірім Алланың алақанында». Бұл сөзді айту үшін, айта алу үшін адамға қаншалық сенім керек екенін білсеңіз ғой…

Луи – бір де бір фотосы қалмаған тарихи тұлға. Оның бүкіл әлемге таралған бір ғана бейнесі өмірден өткенде гипспен жасап алып қалған бет-бейнесі.

Мақаладағы материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар:

https://en.wikipedia.org/wiki/Louis_Braille

https://www.hwns.com.au/about-us/blog/7-surprising-facts-about-louis-braille/

http://www.pathstoliteracy.org/story-louis-braille

https://www.youtube.com/watch?v=OFyY7u95nxw

https://www.youtube.com/watch?v=OFyY7u95nxw

https://www.youtube.com/watch?v=Cfad0n3gAEc

https://www.nbp.org/ic/nbp/braille/louis/lb_sampleletter.html

http://www.nbp.org/ic/nbp/aboutus/index.html

http://www.afb.org/LouisBrailleMuseum/braillegallery.asp?FrameID=185

https://books.google.kz/books?id=avdTMSsyDb0C&pg=PA66&lpg=PA66&dq=dear+Mr.+Pignier,&source=bl&ots=LQXG6SjFZM&sig=eIUZ2z3fI0GdSjJw8r4-yb1WTDo&hl=ru&sa=X&ved=2ahUKEwiD05_wgoHdAhWuwosKHdHOAd4Q6AEwAXoECAkQAQ#v=onepage&q&f=false

https://www.brailleinstitute.org/

https://www.planetebook.com/free-ebooks/gullivers-travels.pdf

http://braillebug.afb.org/louis_braille_bio.asp

http://www.afb.org/LouisBrailleMuseum/braillegallery.asp?GalleryID=47

http://www.blind.net/alternative-techniques/braille/facts-about-louis-brailles-birthplace.html

https://nfb.org/about-the-nfb

https://www.afb.org/LouisBrailleMuseum/braillemediaviewer.asp?FrameID=174

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан газеті», №38
18 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз