«Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам». Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында осылай дейді. Расында да, қазіргі балалар ертегі тыңдай білмейді. Өткенде бес жасар Жанарыс есімді ініме «Бауырсақ» ертегісін айта бастап едім, «тәте, қызық емес қой, бауырсақ жегім келіп кетті» дегеннен соң біраз ойланып қалдым. Ал інім болса, youtube желісін аша салып, «Мистер Макс», «Диана» сынды каналдардағы влогтарды көріп, уақытын  мағынасыз өткізеді. Ертегіні жаңа технологиямен байланыстырудың жолы қандай екенін ойлап жүрдім. Сол аралықта Назарбаев университетінің компьютерлік ғылым мамандығының 1-курс студенті Қуаныш Сейілханов қазақ тілінде ертегілерді оқуға және тыңдауға болатын іOS жүйесіне арналған «YerTostik» мобильді қосымшасын құрастырғанын естідім. Қуаныш не себепті мұндай мобильді қосымша құрастырғаны туралы былайша әңгімелеп берді:

– Алматы қаласының тумасымын. 9-сыныпқа дейін, яғни негізгі орта білім курсын Қарасай ауданында орналасқан әл-Фараби атындағы гимназияда оқыдым. Бәрі сол мектеп қабырғасында басталды. Математика және физика пәніне қызығып, білімімді тереңірек дамыту үшін Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатына оқуға түсіп, осы мектепті тәмамдадым. Қазіргі таңда Назарбаев университетінің студентімін. 7-8-сыныптарда астрономияға құштар едім. Сол жылдары физика-астрономия республикалық жоба байқауларына қатысып, күміс жүлдеге ие болдым. Оған қоса, бағдарламалау пәнінен қалалық, облыстық  және қалалық Жәутіков атындағы олимпиадаға қатысып, күміс жүлдегер  болдым. Ал ІТ саласына қызығушылығым 7-сыныптан бастау алды. Оған себеп мектебімізге Сүлейман Демирел университетінің студенттері келіп, ағылшын тілін және бағдарламау сабақтарын өткізген еді. Сол кезде алғаш рет с++ бағдарламау тілімен таныстым. Келесі жылы сол университеттің оқытушысы Константин Николаевич Латутамен бірге бағдарламалау бойынша олимпиадаға дайындалдық. Ұстазыммен әртүрлі алгоритмдерді пайдалана отырып, күрделі есептерді шығардық. Міне, осындай әрекеттерден кейін мен ІТ саласына тек қызығушылықпен емес, басқа көзқараспен назар аудардым. 11-сыныпта nFactorial Incubator – 2017 байқауына қатысып, авторлық жобамды құрастырдым.

– Физика-математика мектебіне алғаш түскенде қатты қиналған шығарсыз?

– Иә, әрине, алғашында қиындықтар болды. Қиындықсыз болған істе береке жоқ. Мысалы, бізге күніне математика пен физика пәнінен шамамен 30 шақты есепті шығаруға беретін. Есептерді толық шығара алмай, таңғы сағат 4-5-те тұратын күндерді ешқашан ұмытпаймын. Бірақ, өзіңмен мүдделестер болған сәтте бәрі оңай көрінеді. Өйткені олар саған әрдайым шабыт береді. Қиын сәттерде демеу болады. Бұл жерде ешқандай бәсекелестік жоқ. Керісінше, олардан мотивация алып, алға жылжисың.

– Өзіңіз қатысқан «nFactorial Incubator – 2017» байқауы туралы айтсаңыз…

– nfactorial incubator деген – IT мамандарын дайындайтын бағдарлама. Олардың басты мақсаты – үш ай ішінде әр қатысушының өзінің мобильді қосымшасын IOS немесе Android платформасында шығару. «nFactorial Incubator – 2017» байқауына қатысу үшін іріктеу кезеңінен өту керек. Өзімнің осыған дейін бағдарлама жасаудан аздап болса да тәжірибем болғандықтан, іріктеу кезеңінен сүрінбей өттім. Ал іріктеу кезеңінің өту форматы «шаолиньский монастырь»сияқты, яғни әр қатысушы өз қосымшасында күнде сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонда әр қатысушы жаз бойы өзінің мобильді қосымшасын құрастыру үшін 600 сағат жұмыс істейді. Бағдарламалаудың алғашқы сабақтарында Swift немесе Java бағдарлама тілімен таныстырады. Ал қалған екі ай өз қосымшаңды құрастыру үшін жұмыс істейсің. Белгілі бір қиындықтар туып жатса, менторлар әрдайым көмек көрcетеді. nFactorial Incubator – 2017 байқауына дейін тек әртүрлі алгоритмдері қалай пайдалану керектігін ғана біліп, c++ тілінде есептер шығарған болсам, байқауда өзімнің бірінші бағдарламамды жазып үйрендім. Бұл бағдарламаның аты – YerTostik. Мүмкіндікті пайдалана отырып, nFactorial Іncubator бағдарламасын ұйымдастырған zerotoonelabs командасына алғысымды білдіргім келеді. 2018 жылы да бұл бағдарлама өтеді. Бағдарламалауға қызығушылық танытып жүргендерге таптырмас мүмкіндік. Сондықтан, қатысыңыздар!

– Мобильді қосымшаның қызметі мен ерекшелігі қандай?

– YerTostik – IOS жүйесіне арналған мобильді қосымша. Қосымшаның ерекшелігі халық ертегілерін тек қазақ тілінде қамтиды. Ертегілерді тек оқып қана қоймай, тыңдай аласыз. Оқитын кезде өзіңізге ыңғайлы етіп қарпін, көлемін өзгертуге болады және күн мен түн интерфейстеріне алмастыруға болады. Қазіргі таңда мобильдік қосымшаның қоржынында 30-ға жуық ертегі бар. Қолында iPhone телефоны бар кез келген адам жүктеп, емін-еркін қолдана алады.

– Дәл осындай мобильді қосымша құрастыруға не түрткі болды?

– Кішкентай кезімде әжемнің аузынан әртүрлі ертегілер мен аңыз оқиғаларды тыңдауды қатты жақсы көрдім. Қазіргі таңда ертегі айтатын әжені көзім онша шалмайды. Балалар да теледидардан немесе youtube-тан мағынасыз влогтар көріп жатады. Бұл дұрыс емес. Ертегі тыңдап өскен бала жаман болмайды. Керісінше, ертегідегі батырларға ұқсағысы келіп, өздеріне үлгі етеді. Армандап, алдарына мақсат қойып, соған жетуге тырысады. Оған қоса, қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні зор. Әрі баршаға қолжетімді әрі пайдалы қосымша құрастыруды бұрыннан армандайтынмын. Тілге тиек ете кетейік, қазақ тілінде мобильді қосымшалардың қатары өте сирек. Бұл олқылықтың орнын толтырып, соған өз үлесімді қосқым келді.

–Үлгі тұтар тұлғаңыз бар ма?

– Бір адамға ғана байланып, мен осы тұлғаны үлгі тұтамын дей алмаймын. Өзім Саясат Нұрбек, Айдын Рахимбаев және Арман Сүлейменовтың әрекеттеріне сүйсініп, ғибрат аламын. Менің ойымша, осындай азаматтар елімізді жаңа бағытта жоғары деңгейде дамуына және терезесі тең, керегесі кең деңгейге жетуіне көтере алады. Өзім әлі ақыл-кеңес беретін жағдайға жеткен жоқпын. Бірақ осы күнге дейін түсінгенім, ортаны таңдай білу керек екен.  Адамның ортасына қарап, оған баға береді. Орта адамды өсіреді, жан-жақты адам болып қалыптасуына үлесін қосады. Робин Шарманың «Монах, который продал свой феррари» кітабында айтпақшы, 5 жылдан кейін сенің кім екенінді анықтайтын тек екі фактор: оқыған кітаптарың және ортаң, яғни достарың және араласатын адамдарың. Сондықтан, өз орталарыңызды қалыптастырып алыңыздар дегім келеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым Сапарова,

«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан», №25
19 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз