Қолымыз босай қалса ұялы телефонымызды іздей бастаймыз. Сонда телефонға телміріп отырып не қараймыз? Елімізде болып жатқан жаңалықтарды оқимыз, сабаққа керек мəліметтерді қараймыз, əуен тыңдаймыз, əлеуметтік желілерде отырамыз, достарымыздың суреттеріне «лүпіл» басамыз жəне блогерлердің жазбаларын оқимыз. Айтпақшы, блогердің кім екенін білесіңдер ғой? Ол – əлеуметтік желіде өз ойын дөп басып ашық айта алатын, жан-жақты білімді, қоғамның түйткілді мəселелерін терең қозғай отырып, оқырмандарына тың идея тастайтын өте белсенді адам. Блогердің əр жазбасы оқырманға ой салып, жан-жақты талқыға түсіп отыруы тиіс. Осыдан келіп «видеоблогер кім?» деген сұрақ туындайды. Ол, аты айтып тұрғандай, аталған талаптарға сай белгілі бір тақырыпта видеоматериал түсіріп, ғаламторға салатын адам. Соңғы 5 жылда əлем бойынша Youtube желісінде өте қарқынды дамып келеді. Видеоблогер болсам екен деген кез келген адам Youtube-тан канал ашып, түсірген видеосын оңай жүктей алады. Тақырыптары да сəйкесінше ə дегеннен адамды өзіне тартып тұруы тиіс. Əлем елдеріне саяхат, қай елдің қандай менталитеті бар, дұрыс тамақтану мен арықтаудың жолдары, көп тіл білу үшін берілетін кеңестер – осының бəрін блогердің каналынан табуға болады.

Желіден қазақ тілінде видео көргім келіп, көңіл-күйім болмай отырғанда, Іңкəр Сəдуақасованың арнасынан бір-ақ шығыппын. Осыған дейін қазақтілді видеоблогерлер жоқтың қасы деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Қазақ тілінде қызықты əрі мағыналы видео түсіретін, желіні пайдалана отырып бойына дарыған əншілік дарынымен көпке танылып жүрген қаракөз қазақ қызы барын бұрын қалай білмегенмін? Ендігі ойым Іңкəрді іздеп табу болды. Ол неге видеоблогер болғысы келді екен? Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті Іңкəрмен сырласудың да сəті түсті. Олай болса, сұхбатымызға көшейік.

Ұлан: Іңкəр, Youtube-қа видео жүктеу ойыңа қашан жəне қалай келді?

Іңкəр:  Менің видео түсірумен айналысып жүргеніме 2 жыл болды. Бірде Youtube каналдарын ақтарып отырып, замандастарымның жасаған жұмыстарына қатты қызыға бастадым. Менің де қолымнан келеді ғой деп ойладым сол сəтте. Осы ой маған маза бермеді. Қалай да видеоблогер боламын деп шештім. Алғашқы видеоларым 15 жасымда салынды. Бəрі Жанар Дұғаловаға жеңіс сыйлаған «Ізін көрем» деген əнін орындап, «Асыл» тобының жариялаған байқауына қатысудан басталды. Кейін «Менің бір күнім», «Ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады?» видеосын салдым. Осылай видео түсіру менің сүйікті ісіме айналды. Бос уақытта қандай видео түсірсем екен деп ойлана бастаймын.

Ұлан: Видеоның сəтті шығуы үшін бірінші жақсы камера керек. Ал блогердің бойында қандай қасиеттер болған жөн деп санайсың?

Іңкəр: Соңғы үлгідегі сапалы камерамен түсірген жақсы. Бірақ, мен видеоларымды телефонмен түсіріп жүрдім. Маған жазылушылардың саны артып, көрсетілім көбейгеннен кейін барып камера, штатив сатып алдым. Видеоблогер, меніңше, өнерлі болуы керек. Əн айтып, би билейтін, өлең оқи алатын, барлық нəрседен хабары бар болса, танымалдығы арта түседі. Ал өзі досшыл, көптің көңілінен шығуға тырысатын, тартымдылығымен баурап алатын, күлдіре де білетін, кейде шындықты бетке айта алатын, өз-өзіне сенімді адам болғаны жөн. Ең бастысы, өз ісіне жауапкершілікпен қарау керек.

Ұлан: Танымал болу деп айтып қалдың. Жеке канал ашқандағы мақсатың жұлдыз болу болды ма? Байқағаным, барлық видеоларыңды тек қазақ тілінде жүргізесің…

Іңкəр: Көрген жерде танып, қал-жағдайыңды сұрап жатса, ол кімге ұнамайды? Сыныптастарым да, топтастарым да менің видео түсірумен əуестенетінімді біледі. «Бізден көмек керек болса айт!» деп қолдап отырады. Менің мақсатым танымал болу емес. Өзіме ұнайтын іспен айналысып, оны өзгелермен бөлісу. Қазақ болып туылған соң, қазақша сөйлеуге міндеттіміз. Өз тілімізде емес, өзге тілде сөйлейтін болсақ, ана тіліміздің болашағы не болмақ?! Жеті жұрттың тілін білу үшін де еңбектеніп жатырмын. Сондықтан өзге тілдің бəрін білсек те, өз тілімізді құрметтейік дегім келеді.

Ұлан: Сенің каналыңда қандай тақырыптағы видеолар бар? Алдағы уақытта не көруге болады?

Іңкəр: Əншілік қабілетіммен танылғаннан кейін, басқалардың да видеоларын көріп, солар сияқты білгеніммен бөлісіп, кеңес айтып, құрбыларымды мазалайтын сұрақтардың жауабын табуға көмектескім келді. Қазіргі таңда каналымда 41 видео бар. Көп қаралғаны қазақ əндеріне попурри орындағаным болды. Оны 45 мыңнан астам адам тамашалаған. Сонымен қатар, жасөспірімдерде кездесетін қиындықтар мен оларды жеңу амалдары, өмірімізді өзгертетін сөздер, мамандық таңдау, брекет жəне оның ауыртпалығы, дұрыс тамақтану, өзім жайлы қызықты деректер мен «мен қайдамын» хэштегіндегі еліміздің жəне көршілес мемлекеттердің табиғатына тамсанып жүріп түсірілген видеолар бар. Ендігі кезекте Астананың көрікті ғимараттарын түгел аралап шығып, музейлерді көрсеткім келеді. Өйткені, маған тарихты зерттеген ұнайды. Бар зейінімді сабаққа аударып, көп кітап оқуға тырысып жүрмін. Осы хоббиімді жалғастыра бермекпін.

Ұлан: Кітапқа құмармын дейсің. Сонда қандай кітап оқисың?

Іңкəр: Поэзияны жаным сүйеді. Əсіресе, қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды ұнатамын. Шахановтың отты өлеңдері маған жігер береді. Ал Абай атамызды əр қазақ баласы оқуға міндетті. Жақында М.Əуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, Сəбит Досановтың «Аптаның екінші күні» романын оқып бітірдім.

Ұлан: Видеоны түсіру бір бөлек, оны өңдеп, дайындап шығару уақыт пен еңбекті талап етеді. Солай ғой?

Іңкəр: Дұрыс айтасыз! Бір видеоны кейде бір апта жүріп түсірсең, кейде 20 минутта-ақ  жазуға болады. Сондықтан оның қандай тақырыпта болатыны маңызды. Монтажына келетін болсақ, 5-6 сағаттық жұмыс. Адамдарды жалықтырып алмайтындай, нақты тақырып пен жақсы əуен қойып, əдемілеп безендіру  де өнер. Бір қызық айтайын. Біз отбасымызбен əкемнің туған жеріне жыл сайын көлікпен қыдыруға барамыз. Солтүстіктен оңтүстікке баратын сапарымыз дəстүрге айналған. Сондай кезекті демалысымызда телефонымды видеоға толтырып тастаппын. Үйге келіп монтаж жасай алмай қиналғаным бар. Сондықтан мəнді-мағыналы видео түсіру үшін де ізденіс пен талпыныс керек.

Ұлан: Іңкəр, енді өзің туралы білгіміз келеді. Отбасың сенің видеоблогер екеніңнен хабардар болар?

Іңкəр: Əрине, біледі. Егер менің видеоларым сəтті шығып жатса, ол əпкем мен інімнің арқасы. Өйткені, олар маған үнемі ақыл қосып отырады. Балабақшаға баратын кішкентай Нұрай есімді сіңлім бар. Бала көргенін істейді дейді. Солай екен. Ол да менен қалыспай анамның телефонына видеоларды толтырып қояды. Кейде «Сəлеметсіздер ме, бүгін қуыршақты қалай жуындыру керектігін үйретемін» деп жатқан кезде, бір күліп аламын. Өзі кішкентай болса да, өте алғыр. Бір жыл бұрын II Халықаралық шығармашылық байқау-фестиваліне қатысып II орын алған еді. Үйдің кенжесі болғандықтан, еркелігі де бар. Мен сіңліме үлгі болғым келеді. Əкем де, анам да менің бұл хоббиіме қарсы емес. Ең бастысы бəріне үлгеріп, сабағымды беске оқып жүрсем болды. Музыкадан бөлек, мектеп кезінен география, əдебиет пəндеріне жақынмын. Озат оқушылардың қатарында болып,  №8 орта мектепті «қызылмен» бітірдім. 7 жасымнан бастап №3 балалар музыка мектебінде фортепиано аспабы бойынша білім алдым. Оны 7 жыл оқыдым. Кейін 1 жыл бойы домбыра үйірмесіне де қатысып, жақсылап меңгеріп алдым. Əуелетіп əн де айтамын. Вокалға барып жүрмін. Осы орайда жетекшім Айгүл Бекмұратқызына үлкен алғыс білдіремін. Отбасымның сенімі мен ұстазымның берген тəлімінің арқасында көптеген байқаулардың жүлдегері атандым. Оның ішінде, II «Тұлға» Халықаралық фестивалінен III дəрежелі, «Музыкалық – теория пəндері бойынша II Республикалық олимпиада» жарысында жəне «Жас композиторлардың» байқауында II дəрежелі дипломмен марапатталдым. Бүгінде Қазақ ұлттық өнер академиясында «Музыка теориясы» бойынша білім алып жатырмын. Мүмкіндік болса, барлық аспапта ойнағым келеді.

Ұлан: Сенің өнерге деген құштарлығың ата-анаңнан дарыған деп түсінуге болатын шығар?

Іңкəр: Əлбетте, біздің «Алтын алма» отбасылық ансамбліміз бар. Əкем Алтынбай Сəдуақасұлы əнші, Қазақстан Республикасының Мəдениет қайраткері, «Алтын алма» отбасылық ансамблінің жетекшісі. Анам Алмагүл Баттаққызы гитарада, домбырада ойнайды. Əпкем Əсем де көптеген аспаптарда шебер ойнай алады. Сұңқар інімнің де домбыра тартып, гитарада ойнайтын қабілеті бар. Бəріміз музыка десе ішкен асымызды жерге қоямыз. Өткен жылы «Жұлдызды Еуразия» Халықаралық шығармашылық бірлестігінің ұйымдастырумен өткен байқауда Сұңқар домбыра бағыты бойынша I орынды қанжығалады. Ал мен осы байқаудан эстрада бағыты бойынша II орын алдым. Отбасымызбен əртүрлі жиын-тойда «Алтын алма» ансамблі болып халық əндерін шырқаймыз. Репертуарымыздағы «Көзімнің қарасы», «Далада», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты əндер халықтың ыстық ықыласына бөленген. Жақында «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан», «Сенбілік таң» бағдарламаларының қонағы болып, отбасымызбен əн салып бердік. Үйде əн айтып, аспаптарда ойнау үшін арнайы жеке бөлмеміз бар. Ол жерден барлық музыкалық құрал-жабдықтарды таба аласыз. Осылай кішкентай кезімнен ансамбльдің бір мүшесі болып жүріп, өнерге деген махаббат мені алға жетеледі.

Іңкəр өте қарапайым, өзіне тез баурап алатын қылықты кыз екен. Бұрыннан араласып жүрген құрбымдай емен-жарқын əңгімелестік. Видеоблогтарын түсіретін бөлмесінде болып, маған видео түсірудің қыр-сырын үйретті. Міне, мен осылай Сəдуақасовтар отбасының шаңырағында, Алмагүл апайдың кең дастарханынан дəм таттым. Өнерге құштар ата-анадан тəрбиеленген балалар жаман жолға түспей, өнегелі, ақылды, адал болып өседі екен деген ой түйдім. Іңкəр мені аялдамаға дейін жеткізіп салар жолда: «Менің арманым өте көп. Қазақтың музыка өнеріне өз қолтаңбамды қалдырғым келеді. Ата-анамның үкілеген үмітін ақтап, білімді де білікті маман болып шығу – басты мақсатым. «Ұландық» құрбы-құрдастарыма да алға айқын мақсат қойып, қол жетпес армандарының орындалуын тілеймін. Бəрі де өз қолымызда!» – деп менің қолымды қысты. Осы сəтте автобус та келіп тоқтады. Іңкəр маған қол бұлғап, үйіне асыға жөнелді.

 Назым НҰРСҰЛТАН,

«Тұран-Астана»

университетінің студенті.

«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №5

31 қаңтар, 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз