Сəлем, оқырман?! Қазақстандық спортшылар күш қолданатын спорт түрлерінен
биік белестерді бағындырып, тың жеңістерге де жетіп жүр. Олимпиада сайын бокстан қоржынымыз алтын жүлдесіз қайтқан емес. Балуандарымыз аламандарда тəп-тəуір белдесіп жүр. Соңғы жылдары самбо, джиу-джитсу өкілдері де жеңістерімен жиі қуантуда. Маңыздысы, осы спорт түрлерінің қоспасы арқылы өмірге келген аралас жекпе-жек жауынгерлері үздік нəтижелерімен көзге түсуде.

Ережесіз жекпе-жек елімізге 90-жылдардың аяғында келіп, қазір Қазақстандағы басты спорт түрлерінің біріне айналды. Қазақ файтерлері Азия құрлығының үздік тұжырымдарында чемпион атанды. Нақтырақ айтсақ, «Kunlun Fight» жəне WBK
(екеуі де қытайлық ұйым) лигасында Бейбіт Назаров, Қазыбек Əшім, Қуат Хамитов
секілді отандастарымыз қарсылас шақ келтірмесе, Қайрат Ахметов пен Игорь Свиридтер орталық Азиядағы ең үздік ұйым саналатын «One FC-дің» (Сингапур) белбеуін қанжығалады. Əлемдік деңгейдегі ABC, «Fight Night Global», М-1 Global сияқты ресейлік промоушндарда Арман Оспанов, Жалғас Жұмағұлов, Арман Əшімовтер сəтті өнер көрсетіп жүр. Ендігі мақсат – UFC төрінде атой салу.

Өткен аптада М-1 Global лигасының чемпионы Дамир Исмағұлов UFC сарбазы
атанды деген қуанышты хабар жетті. Қандас бауырымыз осы ұйымның чемпиондық белбеуін жеңіп алып, бірнеше кездесуде сəтті қорғаған болатын. Бастапқыда Дамирдің қарсыласы Джозеф Даффи болады деген еді. Алайда ирландиялық спортшы жарақат алып, жекпе-жектен бас тартты. Оны Алекс Джорджес есімді аустралиялық алмастырды.

Айта кетейік, Алекс Джорджес те Дамир секілді UFC-дегіалғашқы жекпе-жегіне
шықпақ. Спортшы осыған дейін 7 кездесу өткізіп, барлық қарсыласын айқын
басымдықпен жеңген. Алдағы текетірес 2 желтоқсан күні Аделаида (Австралия)
қаласында өтеді.

Қашықтық, пайда һәм маман

Дамир Исмағұловтан бөлек қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын да UFC төрінде кездесу өткізген. Демек, спортшыға қойылатын талаптардың барлығы біздің жауынгерлердің бойында бар. Алайда, əлемнің үздік ұйымына мүше болмауымыздың себептері де бар. Осы мəселе төрінде əңгіме қозғасақ.

Қазақстандықтар үшін туындайтын алғашқы мəселе – географиялық орналасуымыз. Яғни, қазақ жігіттері алшақтыққа байланысты UFC басшылығынан көріне алмауда. Одан бөлек, отандастарымыз үшін АҚШ-қа бару, онда жаттығу жасау материалдық тұрғыда тиімсіз. Егер бір файтеріміз АҚШ-қа аттанса, ел болып тойлайтынымыз анық. Дегенмен, мұхит асып, Америка немесе Еуропаға барып жанкүйерлік танытатын фанаттар аз. UFC-дің басты табыс көздерінің бірі – ақылы трансляция екенін ескерсек, Қазақстан аймағында жақын уақытқа дейін ешбір телеарна тікелей эфирді сатып алмады. Бұл олқылықтың орнын «Қазақстан» арнасы түзетіп, жұртшылыққа хабар таратуда. Болып жатқан оң жағдаяттардың барлығы енді ғана қолға алынып отырғанын ескерсек, UFC үшін осы кезге дейін Қазақстан маңызды емес болып келді. Демек, қос тарапқа да алары мен берері аз.

Келесі мəселеге үңілсек. Əлемдік рейтингте UFC көш бастап, «Bellаtor» (АҚШ)
екінші орынға жайғасқан. Одан кейінгі орындарда ресейлік жəне азиялық компаниялар жайғасқан. Тиісінше, олар барлық жағынан өздерін дамытып, жоғары деңгейге ұмтылуда. Ал, осы ұйымдардың барлығында дерлік қазақ спортшылары бар. Олар лиганың белді жауынгерлері. Сол себепті оларға берілетін ақша көлемі де еселеп өсіп жатыр. Аталған лигаларда үлкен көлемде гонорар алып, UFC-де одан бірнеше есе аз табыс тапқысы келмейтін сарбаздар да бар. Міне, бұл да басты себептердің бірі.

Спорт шахматтағы жүрістерге ұқсап бара жатыр. Нəтижелі жүрістер жасап, ойлы шешімдер қабылдамасаң барлығы бекер. Осы жүйе ережесіз жекпе-жекке тікелей қатысты. Осы мəселені айналып өтіп, табысты қадамдар жасау үшін спортшыға тəжірибелі менеджер қажет. Бүгінге дейін ММА-да қазақстандық менеджер болған емес. Осы кезге дейін жауынгерлер өздері шешім қабылдап келген еді. Бүгінде қазақ сарбаздарының басын біріктіріп, олардың жарнамасы, алдағы мансабы жайлы барлық ауыртпалық мойнына алған Саят Əбдірахманов есімді маман бар. Еліміздегі жекпе-жек өкілдері осы маманмен келісіп, бірге жұмыс жасайды. Пайдалы дүниелердің де шеті көрініп жатыр.

Чемпион, таласушы һәм үміткер

Мәселелер жайлы айттық. Енді осы олқылықтарға қарамай Қазақстан атынан алғаш болып UFC қатысушысы атануы мүмкін спортшыларға кезек берсек.

Болжам бойынша UFC-дегі бірінші Қазақстан азаматы – Бейбіт Назаров болмақ. «Әлемфайтерс» клубының өкілі 21 желтоқсан күні Алматы төрінде айқасқа шықпақшы. Егер осы сыннан сүрінбей өтіп, «Titan FC-дің» уақытша чемпиондық белбеуін жеңіп алса UFC-ге жол ашылады. Спортшы уәде еткеніндей алдағы кездесуді жеңіспен аяқтаса, UFC-ге 90% жол ашық.

Ақтөбе қаласының тумасы Жалғас Жұмағұлов «Fight Night Global» лигасының жеңімпазы атанды. Бастапқыда гран-при турниріне қатысып, финалға дейін жетті. Дегенмен, тең дәрежеде өткен финалдық белдесуде қарсыласына жол беріп, белбеуге қол жеткізе алмады. Алайда, араға біраз уақыт салып өз дегеніне жетіп отыр. Қазіргі таңда «Fight Night Global» ұйымының жеңімпазға берілетін белбеуі Жалғаста. Ресейлік ұйыммен келісім бойынша бір ғана жекпе-жегі қалды. Белдікті сәтті қорғап жатқан жағдайда Америкада атой салуы ықтимал.

Ілияс СƏРСЕНБАЙ,
студент

«Ұлан» газеті, №48
27 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз