Еңбек етемін деген адамға атқарар іс көп. Үлкен инвесторлардан қомақты қаржы алмай-ақ үйінде отырып кәсібін дөңгелетіп жүрген жандар жетерлік. Мәселен, кітап сату, аяқ киім жөндеу, тоқыма тоқу ісін Инстаграм арқылы жарнамалап, табыс тауып отырғандар бар. Сондай кәсіптің бір түрі – торт пісіріп сату. Қазір қай жиын-тойыңыз да тортсыз өтпейді. Туған күнде де, тойда да бұл тағам дастарханымыздың сәніне айналды.

Былтыр Шымкенттегі бір тойға «алып» торт әкелініп, желідегі жұрт біраз талқыға салған еді. Зәулім сарай пішіндес алып торттың жалпы құны 179 000 АҚШ доллар тұрады. Тортты ресейлік кондитер Ренат Агзамов дайындапты. Таңданысын жасыра алмаған кейбіреулер мұны тіпті «Әлемнің сегізінші кереметіне» балады. Осыдан-ақ тортқа деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін білуге болатындай. Бұрын тортты арнайы кондитерлік дүкендерден сатып алсақ, қазір әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп сатып алуға болады. Қалаған тортыңызды жасап беретін кондитер қыз-келіншектер жетерлік. Біз осы мақаланы жазу барысында бірнеше кондитерге хабарластық. Олардың айтуынша, торт пісіріп сату жақсы кәсіп. Егер тұрақты түрде айналыссаңыз, жақсы табыс табуға болады.

Әлеуметтік желіде «Суперкеліншек» атымен танымал блогер Құралай Орынбасарова оқырмандарына шеберлік сабағын өткізіп, видео түсіреді екен. Оның YouTube арнасына жетпіс мың адам жазылған. Бұл туралы кондитердің өзінен сұрап көрдік.

Құралай ОРЫНБАСАРОВА, кондитер:

– Бала кезімнен тәтті пісіруді жақсы көремін. Басқалар да үйренсін деген оймен қыз-келіншектерге арнап видео түсіріп жүрдім. Алғашында торт пісіру хоббиім болды, кейін кәсібіме айналды. Саудамыз жаман емес. Күніне үш немесе он торт сатамын. Тапсырыстың басым бөлігі оқырмандар тарапынан келеді. Олар маған сенім артқасын үнемі тапсырыс береді. Торттың барлық түрін жасаймын. Айына қанша өтетінін санап көрмеппін, бірақ елуден асады деп ойлаймын. YouTube арнамда онлайн шеберлік сабағын жүргіземін. Алматылықтар оффлайн түрде келіп үйрене алады. Бір торттың бағасы бес мың теңгеден басталады.

Көркем НҰРЛЫҒАЙНОВА, кондитер:

– Бұл кәсіпке дейін Түркиядан киім-кешектер, әртүрлі заттар әкеліп саттым. Сөйтіп жүргенде торт пісіріп сата бастадым. Кішкентайымнан тәтті пісіргенді ұнататынмын. Ісім алға жүре келе бұрынғы киім сатуды тоқтатып, түбегейлі осы кәсіппен айналысуға шешім қабылдадым. Хоббиім арманыма айналды. Бүгін, міне, сол арманыма жетіп, екі жыл ішінде туған қалам Атырауда жеке кондитерлік дүкенімді аштым.

Сұраныс көп деп те, аз деп те айта алмаймын. Торттарым қымбат та, арзан да емес. Орташа бағаны ұстауға тырысамын. Бір байқағаным, тұрақты тұтынушыларым үнемі үлкен сенім артып, тапсырыс береді. Соған қарап олар да сапалы дүниені алғысы келетінін байқаймын. Әдетте кондитерлер бағаны салмағына қарай қояды. Біздегі баға 6000-7000 теңгеден басталады. Бұл жерде айтып өтетін жайт, кондитерлік үй болғасын жалға алған жердің ақысы, қызметкерлердің жалақысы, тортқа кететін қоспалар, коммуналдық төлем, барлығы есеп бойынша жасалған. Мен үшін сапа маңызды. Себебі халық сапалы нәрсені алғысы келеді. Біз де халықтың ойындағысын беруге тырысамыз.

Бір ғана торттың қанша жұмысы бар. Мысалы, оны жасауға кететін заттар, құрал-жабдықтар, қаптау жұмысы, жеткізу жұмысы, бәрі оңай көрінгенмен үлкен жұмыс дер едім. Баға да соған байланысты қойылады. Мен жұмысымды бағалай білетін адаммын, сондықтан аспаннан баға алмай, жасалған жұмысқа лайықты бағасын қойдым деп ойлаймын.

Мақсатты аудиторияма талдау жасағанда байқағаным, тұрақты тұтынушыларым қалталы азаматтар сияқты. Әсіресе, жеке кәсібі бар адамдар жиі тапсырыс береді. Бұл Атырау қаласы бойынша. Одан бөлек ауыл-аймақтардан да тапсырыс беретіндер баршылық. Мүмкіндігінше жан-жақты қамтып жатырмыз.

Рас, көпшілігі баға мәселесіне келгенде тосырқап қалады. Себебі шап-шағын ғана торттың бағасы шарықтап тұрғанына сәл көңіліңіз қоңылтақсып қалатыны бар. Ал Көркем арзан бағада торт сатпайтынын айтады. Арзан торт сататындар өте көп, қымбат бағадағылар бірен-саран, ал мен орташа бағаны құп көрдім, – дейді.

Жақында ҚазҰУ-да төрт жыл бірге оқыған группаласым Гүлдананың Инстаграм парақшасынан көздің жауын алатын торттардың суретін көрдім. Сөйтсем ол да осы кәсіппен айналысып жүр екен. Хабарласқанымда ол Көркемнің шеберлік сабағына қатысқанын айтты.

Гүлдана МҰХИТОВА, кондитер:

– Бұл кәсіппен айналыса бастағаныма бір жылдай болды. Басында торт пісіру менің хоббиім секілді еді. Асүйде жүріп тәтті пісірген қатты ұнайтын. Алғашында туысқандарыма пісіріп жүрдім, кейіннен шеберлік сабақтарына барып үйрендім. Арнайы құрал-жабдықтарын сатып алдым. Содан кейін ғана кәсіпке айналдыра бастадым. Торттың бағасы алты-жеті мың теңгеден басталып, тоғыз-он мың теңгеге дейін барады. Баға негізінен тортты жасауға кететін қоспаларға байланысты қойылады. Аптасына жүз елу мың теңгеге дейін табыс табатын шеберлер бір тортты он бес мың теңгеге сатады. Алматыда мұнымен айналысатындар көп болғандықтан бағасы арзан, ал біздің Атырауда қымбатырақ.

Торт жасау, жалпы тәтті тағамдар пісіріп сату жақсы кәсіп дер едім. Оған да ептілік керек. Сонымен қатар оны жан-тәніңмен беріліп істеген кезде ғана әдемі әрі дәмді шығады. Торт пісіргенде жаным жай тауып, бүкіл әлемді ұмытып кетемін. Егер басқа ештеңемен айналыспай, тек осы іспен тұрақты түрде айналыссаң ғана жақсы табыс табуға болады.

Арнайы шеберлік сабағын өткізетін шеберлердің сабағының құны ең кемі сегіз мың теңгеден басталып, жиырма бес-отыз мың теңгеге дейін жетеді. Оны негізінен қомақты көлемде табыс тауып отырғандар ғана жасайды. Бір шеберлік сабағында төрт-бес торт түрін жасауды үйретеді, – дейді Гүлдана.

Әлеуметтік желінің зиян екені туралы түрлі пікір бар. Мәселе кімнің қалай пайдаланғанына байла-нысты болса керек. Бүгінде жеке брендингпен қатар әлеуметтік желіні негізгі табыс көзіне айналдырып отырғандар да жетерлік. Компаниялардан бөлек жеке тұлғалар да дайындаған өнімін Инстаграм арқылы сатады. Бұрынғыдай дүкенге жүгіріп әуре болмайсыз. Инстаграмды ашып, қалағаныңызға тапсырыс бересіз, көп кешікпей торт үйіңізге келеді.

Торт пісіріп сатушылардың өзіндік рецепті мен әдіс-тәсілі бар. Бір қызығы, барлығы да мұны алғаш хобби ретінде бастап, кейін кәсіпке айналдырыпты. Несі бар, егер қолдан келсе қабілетті неге ақшаға айналдырмасқа дедік?! Үйренем деген адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Бастысы – таза ниет пен адал еңбек. Кондитерлер де табыстың басты қағидасы осы дейді.

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз