Томас Джефферсонның университетінде оқитын қазақ

0
262

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақарыс Егізбай АҚШ-тың 12 университетінен шақырту алып, таңғалдырған еді. Енді міне, Шымболат деген өреніміз әлемнің жеті университетінен шақырту алып отыр. Шымболат Тінәлиев – 19-ақ жаста. Талапкердің таңдауы АҚШ-тың Шар­лотсвилл қаласындағы Вирджиния мем­ле­кет­тік университетіне түсіп отыр. Мықты маман болып қалыптасып, елге қызмет етуді армандайды. Шымболатты әңгімеге тартқан едік.

  • Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем-мұнай саласының қызметкері, анам экономика саласында қызмет жасаған. Інім екеуміз Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алдық. Қарындасым қаладағы орта мектепте білім алады, деп бастады әңгімесін Шымболат. – Халықаралық олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алып жүрдім. Сондықтан ҰБТ-дан босатылдым. Мектептің демеушілігімен АҚШ-тың Сан-Фран­циско қаласында Dezing Chinking жазғы курсын оқыдым. Жер-жаһандағы жоғары технологиялар индустриясының орталығы, Amazon, Apple, Google, Microsoft, Oracle секілді әлемдік деңгейдегі ең ірі технологиялық компаниялардың кеңселері орналасқан Кремний алқабында, Стэнфорд және Беркли университеттерінде болдым. Қатты әсерленіп, «қалайда шетелде білім алуым керек» деген мақсат пайда болды. Шетелге шығатын ең алғашқы баспалдақ – ағылшын тілін білуден басталады. Мектепте оқып жүргенде түрлі тіл курстарына қатысып, ағылшын тілін жетілдірдім. Соның арқасында университетке түскендегі сынақтар мен тапсырмалардан қиналмадым. Робототехникаға қызығушылығым жоғары. Осы сала бойынша түрлі ғылыми жарыстарға қатыстым. Бүгінгі таңда ғылыми жұмысымызға ұстазымыз, физика пәнінің мұғалімі Нұрболат Дағаров жетекшілік етеді. Ал жалпы бізді робототехникаға баулыған алғашқы жетекшіміз – информатика пәнінің мұғалімі, оңтүстікафрикалық Пат Найду. Осы кісінің арқасында Оралдағы білім ошақтарының ішінен робототехника кабинеті ең алғаш біздің мектепте пайда болды. Кейін бұл тәжірибе еліміздегі өзге де мектептерге тарай бастады. 2013 жылы Пат Найдудың іскерлігі нәтижесінде Оралдағы Назарбаев мектебінің оқушылары Индонезиядағы ғылыми сайысқа барғаннан кейін, жалпы Қазақстан оқушыларының әлемдік робототехникалық олимпиадаға қатысуына рұқсат берілді, –  деп жеңісті күндерін еске алады білімпаз жігіт. 

     Бір уақытта жеті университеттен шақырту келетінін Шымболаттың өзі де күтпеді. Елде қалып та білімін жалғастыруға болатын еді, алайда шетелдік әдіскерлердің көмегімен тәжірибе жинауды жөн көрді. Оның бесеуі Америка Құрама Штаттарындағы әлемге әйгілі білім ордалары болса, алтыншысы – Финляндияның атақты Альта университеті, жетіншісі – Астанадағы Назарбаев университеті. Білімді жас бір жылдан бері құжат тапсыру үшін жүгірген еңбегінің ақталғанына дән риза.

  • Менің таңдауым –АҚШ-тың Шар­лотсвилл қаласындағы Вирджиния мем­ле­кет­тік университеті. Тарихи білім ордасының электр энергетикасы мамандығына құжат тапсырдым. Болашақта энергияны тасымалдау және сату саласы бойынша жұмыс істеймін. Кез келген энергияны пайдалы қуат көзіне айналдырудың әдіс-тәсілдерін ұсынамыз. АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон негізін қалаған университет ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген. Ол елінің білім саласын және конституциясын жасауға қатысқан саясаткер тұлға. Университеттің екінші атауы да осы танымал тұлғаның есімімен аталады. Халықаралық деңгейде мойындалғандықтан, осы білім ордасының түлегі болу – мақтаныш. Менің игеретін салам техникамен тығыз байланысты, ал бұл университеттің зертханалық орталығы да жақсы дамыған. Сол себепті осы университетке ықылас таныттым. Білім ордасының жанынан робототехниканы үйрететін мектеп те ашылған. Жеті университеттің талапкерлерге берген байқау сынағы күрделі болды. Қаңтар айынан бастап құжаттарды жинай бастадым. Әр білім мекемесінің оқуға қабылдау процесі бөлек болды. Қаңтар айына дейін жазбаша емтихандарды тапсырдым.  Жаратылыстану – математика бағытындағы пәндерден ағылшын тілінде тест тапсырдық. Финляндияның Альта университетіне соңғы болып тапсырғанда күмәнданғаным рас. Түспей қаламын деген қорқыныш та болды. Бірақ барлық сынақтан сүрінбей өттім, сәтті аяқталды, – дейді өзі.

Шымболаттың айтуынша, ағылшын тілін жетік меңгеруіне байланысты дайындық курста оқымай-ақ, бірден 1-курсқа қабылданыпты.

  • Өзіміз шыққан жердің мәдениеті мен дәстүрін білгеніміз абзал, алайда өткен ғасырдың құндылықтарымен шектелсек, алға жылжу болмайды. Сондықтан көш басында болғымыз келсе, өткенге байланып қалмауымыз қажет. Ағылшын тілін сол үшін меңгердім. Барлық керек мәліметтің барлығын ағылшын тіліндегі түпнұсқасынан оқи бердім. Расында Қазақстанның өзін алып қарасақ, елдің материалдық ресурстары бар, адам капиталы мен салыстырмалы түрде жоғары білім беру жүйесі бар. Ал елдің дамуында серпін жасау үшін не жетпейді?! Міне, сол үшін де осы бағыт бойынша білімімді жетілдіруім керек деп түсіндім. Менің ойымша, қазіргі біздің университеттің жұмыс бағыты дұрыс. Осы қалыппен жалғастырсақ жақын арада жақсы жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Ешқандай ғылыми жаңалықтар бір күнде ашылмаған. Мысалы, қазір технология саласынан ең дамыған мемлекеттер де жетістіктерге енді қол жеткізіп жатыр. Ол үшін қолданған ең тиімді әдістерінің бірі – қазір бар шетелдік техниканы алып, барлығын шашып, қайта құрастыру немесе техниканың көшірмесін жасап шығару. Сондай ғылымның тәжірибелік жағымен айналысуды көбейтсек қозғалыс тезірек болады, –  деп әңгімесін аяқтады Шымболат.

Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті №35
28 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз