Бекболат арманшыл бала. Таңғажайып ертегілерді тыңдағанды ұнатады. Одан соң өзі де қиялдап кететіні бар. Қояр сауалы да қилы-қилы. «Жаз айы жалғаса бермей ме? Күзде ағаш жапырақтары сарғайып, жерге түсетіні неліктен? Қыста қар неге жауады? Аталар мен апалар неге қартаяды?»

Сақалы аппақ қыраудай атасынан қашан сұраса да жауабы дайын.

– Өмір заңы солай, ботам, – дейді ылғи.

– Мен де үлкен болғанда қартаямын ба?

– Пешенеңе жазылса жүзге де келесің.

– Шын ба, ата?!

– Шын, жарығым. Сені қашан алдап едім?!.

– Пешене деген немене?

– Пешене деген – адамның тағдыры. Адам баласы

жарық дүниеге келгенде маңдайына жазылатын өмірі.

Түрі, жасайтын жасы, мамандығы, істейтін қызметі… Осылай жалғаса береді…

– Ол туралы естіген жоқпын.

– Естімесең естисің, білмесең білесің.

– Кім айтады маған?

– Біреудің айтуы шарт емес. Білімді кітаптан аласың.

Онда бәрі бар.

– Балабақшадағы апайымыз әріп үйрете бастады.

Бірнеше айдан соң өз бетімізбен оқитын боламыз.

– Әне-е, көрдің бе?!. Білім теңізіне жүзу осылай басталады. Одан соң мектеп табалдырығын аттайсың. Бірте-бірте үлкен жігіт боласың, жоғарғы оқу орнында біліміңді жалғастырасың.

– Алақай! Менің тезірек үлкен болғым келеді!

***

Биыл ауылда қар қалың. Қараша айында-ақ жапалақтап көп жауды. Көкелері ертемен жұмысқа кетіп бара жатқанда өздері жүретін жолды ғана тазалайды. Өйткені жұмысқа асығады.

Үй ауласы, көше, дала, тау-теңіз аппақ қар! Ойын балаларына керегі осы. Аққала соғып, сырғанақ теуіп мәз-мейрам.

Жексенбі.  Достарымен Мықтының тауынан сырғанақ теуіп, түске жақын үйге бет алған Бекболат тұра қалды. Бір жылдан асты, әжесі қатты ауырып, төр үйдегі төсекте жатыр. Іші пысып, жалығатын шығар. Атасының сөзімен айтқанда, ол да әжесінің «маңдайына жазылған тағдыр» ма, сонда?!.

Ол әжесінің көңілін аулап, қуаныш сыйлағысы келді. Қайтсе  болады?!. Қандай амал бар?!.Ә, таптым-таптым!.. Ол басына келген ойды іске асыруға асықты.

***

Үйге бір құшақ аяз ала кірген Бекболат әжесінің қасына келді.

– Әже, қалыңыз қалай? – деді көздері күлімдеп.

– Аллаға шүкір, қалым жақсы. – Әжесінің жүзі жайдары. Кім сұраса да «шүкір, жақсымын» деп жауап қайтарады. Осы сөзді жаттап алған сияқты.

– Әже, мен сізге тосын сый жасаймын.

– Ол қандай сый, құлыным?

– Қазір көресіз…

– Сыйыңнан да, өзіңнен де айналдым!

– Сауалым бар сұрайтын.

– Сұрай ғой?

– Әже, сіз қыстың түскенін бізден естисіз және терезе арқылы ағаш бастарындағы қардан білесіз, солай ма?

– Солай.

– Ендеше менің сыйым – мынау!

Екі қолын айқастыра артына ұстап тұрған кішкентай ұл:

– Міне! – деді доп-домалақ аппақ қарды әжесіне ұсынып жатып.

– Рақмет, құлыным! Бақытты бол!

Мейірімді  жанары жарқ еткен кейуана немересін айналып, толғануда.

Астана қаласы

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз