Жазда көрші аудандағы нағашы ағасының үйіне барған Сəдібекті үй іші құшақ жая қарсы алды. Оның төртінші сыныпқа «бестік» бағамен көшкенін біліп, тіпті қуанды.

Шаруа қожалығында агроном болып істейтін нағашысының үйін көрген кішкентай жиені таң қалды! Бойлары аспанмен таласқан ағаштар қандай көп! Бейне саябақ! Жай талдар емес, жеміс ағаштары мен рет-ретімен отырғызылған көкөніс қатары  қандай көркем!  Ал өздерінің ауласы ондай емес. Картоптан басқа ештеңе өспейді. Мынадай əдемі ағаштардың бірде-біреуі жоқ.

Күн ыстық. Өзенге шомылып келген балалар сусын ішіп, шөлдерін басқан соң, ауладағы ағаштардың көлеңкесіне кеп отырды. Саясы салқын! Сəлден соң ағаш басындағы жапырақтарды сыбдырлатып жел соқты. Жан жадыратар самал жел.

– Ой, қандай тамаша! – деп қуанды мейман бала.

– Оған неге таңданасың? – деді өзімен тетелес нағашы ағасының ұлы Темірлан.

– Желді айтам… Қатты ыстықтап едім…

– Ағаштардың көлеңкесі ғой салқын əкелген.

– Оның рас.

– Сендерде ондай емес пе? Ағаш жоқ па?

– Мəселе сонда ғой… Біздің үйдің маңайы жалаңаш, бір тал ағаш жоқ.

– Екпейсіңдер ме?  Əлде су жоқ па?

– Өзен таяқ тастам жерде, үйдің қасында құдық та бар. Ағаш өсіруге болады.

– Жай тал емес, жеміс ағашын отырғызу керек.

– Айтқаның жөн! Қай кезде еккен дұрыс.

– Дұрысы көктемде отырғызыңдар. Күнде қарап, суғарып тұрыңдар. Жеміс ағашы аялап күткенді қалайды.

– Көшетті қайдан аламын?

– Кетерде бір талдан алма, шие, қарақат, қызылқат ағаштарын ала кет.

– Қурап қалмай ма?

– Жоқ, қурамайды. Сенің көкең «Нивамен» келеді ғой. Балапан көшеттерді тамырымен қазып, қапқа салып, жақсылап байлаймыз. Үстіне аздап су құямыз. Ауыл арасы үш-төрт сағаттық жер ғой, дəнеңе етпейді. Бара сала бірден отырғызыңдар. Бəлкім қар жауып, қыс түскенше ілігіп кетер.

– Рақмет! – деді Сəдібек қуанып. – «Ағаш отырғызу – үлкен сауап»  дейді атам.

Үйге оралған Сəдібек ертеңіне өзімен бірге ала келген жеміс көшет терін аулаға отырғызды. Темірланның тапсыруы бойынша, топыраққа шіріген ки қосты. Артынан шелекпен тасып су құйды.

Содан былай Сəдібек көшеттердің маңынан ұзамайтын болды. Қарашада жауған қарға дейін Сəдібек отырғызған көшеттер кəдімгідей көктеп, іліккендей болды. Ал ақ ұлпа тобықтан аса жауғанда алма, шие, қарақат, қызылқат, таңқурай ағаштары түбін қармен жауып тастады.

Сəдібек көктемді тықырши күтті. Қыста ғаламтордан өзі отырғызған жеміс ағаштарын қалай баптауды оқып, сауатын ашты. Бақшамен айналысу да бір ғылым екен. Əр ағашқа жеке-жеке дəптер арнады. Сөйтіп, қар кетіп, күн жылынысымен көшеттерін баптауға кірісті. Ұқыптылық, өз ісіне ыждағаттылықпен қарау нəтижесін берді. Жеміс шыбықтары көктеді. Бойлары да аз-аздан биіктей бастады.

***

Арада бірнеше жыл өтті. Сəдібек отырғызған ағаштар жеміс бере бастады. Шілде айында қызарып құлпынай шықты. Одан соң қарақат, қызылқат, таңқурай пісті. Алма ағашы ғана жеміс бермей тұр. Оның да бірер жылдан соң қызыл алмасын жейтін кез келер.

Сəдібектің ата-анасы мен кішкентай іні-қарындастары дəн риза. Олар да ағаларына көмектесіп, мұрындары пысылдап жеміс жинап жүргені. Тергенінен жегендері көп.

– Дұрыстап жуып жеңдер, – деп қояды Сəдібек.

Ахмет ағаның жайқалған бақшасын көрген көрші-қолаң мен ауыл адамдары аз жылдан соң көшет сұрап алатын болды. Қайдан алдыңдар деген кісіге құдды келісіп алғандай:

– Сəдібектің саябағынан, – дейді бір ауыздан.

 

Астана қаласы.
«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз