Тілі қазақша шыққанымен, орыс балабақшасына барған Досымжан уақыт өте келе ана тілін ұмыта бастады. Өзі жақсы көретін немересінің тілінің шұбарлануына атасы Нұрғазы қатты кейіді.

– Болашағы қалай болар екен? – деп ренжіп жүрді. Қолына алайын десе, үлкен баласының үйі қаланың шетінде. Күнде көріп тұруға мүмкіндік жоқ. Жұмыс бабымен кейде бірер аптаға іссапарға да баруға тура келеді.

Баласы мен келінге кінә артпайды. Бұл қалада қазақ бала бақшасы аз. Атасы анда-санда Досымжанмен қазақ тілінде сөйлескенімен, нәтиже ойдағыдай емес. Немересі үйден шыға бере орысша сайрап жөнеледі. Ауладағы достары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, кешке шейін шүлдір-шүлдір. Қайтсе  болады?!

Досымжан ер жетті. Атасының ұйғарымымен қазақ сыныбының табалдырығын аттады. Әке-шешесі қуанды. Қазақша оқуға Досымжан да бірден келісті.

Арада жиырма күн өткен. Мектептен келген ұл көңілсіз, біреу ренжіткен сияқты.

– Не болды, балам? – деді анасы Айнұр жік-жаппар болып.

– Ертеңнен бастап қазақ сыныбына бармаймын, – деді Досымжан.

– Біреу тиісті ме?

– Ешкім тиіскен жоқ.

– Онда не болды?

– Мұғалім апайдың қазақша сөйлеген сөздерін жақсы түсінбеймін.

– Сол ма өкпең?

– Иә.

– Қазақша оқығаның жөн! Үйде қазақша сөйлейік. Сабағыңды қарап болған соң, күнде бір-екі сағат қазақ тілінде кітап оқы. Еңбексіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Жиырма күн аз! Бір тоқсан шыда! Ана тілінде оқу, сенің қолыңнан келеді.

– Мақұл, – деді Досымжан.

Анасымен арада болған әңгіме атасына да жетті. Ести сала атасы мен әжесі кештетіп үйге келді.

– Досымжан, сабағың қалай? Үлгерімің жақсы ма? – деді атасы.

– Жақсы ата, – деп күмілжіді ұл. – Айтайын десем…

– Сен кішкентайыңнан шыншыл едің ғой, ештеңені жасырма?

– Ұялып отырмын…

– Оқу – инемен құдық қазғандай. Оңай емес! Білім негізі – бастауыш сыныпта қалыптасады.

– Мұғалімнің көп сөздерін жақсы түсінбеймін.

– Орыс сыныбына ауысам деген ойды ұмыт. Намыс қайда? Жігер қайда? Әлден қазақша оқымаймын деп тауың шағылса, не болғаны?! Олай жасама! Мен саған сенем! Сен өз ана тіліңді әлі-ақ меңгересің! Жай ғана меңгермейсің! Үздік оқушы боласың!

– Шын ба, ата?!

– Бірінші сыныпты үздік бітірсең, отыз мың теңге сыйлық беремін.

Досымжан ойланды. Бақандай отыз мың теңге!..

– Келістім, – деді қуанып. – Мен оған велосипед сатып аламын.

ХХХ

Төртінші тоқсан да бітуге таяп қалды. Досымжан үздік оқушылар қатарында. Қолы боста әдеби кітаптарды көп оқып, қазақша таза сөйлейтін деңгейге жетті. Сынып жетекшісі Ақайдар ағайы өзге оқушыларға Досымжанды үлгі ететін болды.

Немересінің жақсы бітіргенін естіген атасы қуанышты. Сынып жетекшісіне келіп жолықты.

– Досымжан табанды, білімге өте құштар. Сізге көп рақмет! Алдағы уақытта да осы алған бетінен қайтпас деп ойлаймын.

Атасы уәдесінде тұрып, немересіне беретін отыз мың теңгесін сақтап отыр.

 

Астана қаласы

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз