Абай Аймағамбет оқушы кезінде «Ұланның» жас тілшісі болған. ҚазҰУ-дың журфагын бітірген. Студент кезінен бастап түрлі ақпарат ақұралдарында жұмыс істеді. Қазір «Айқын» газетінің руханият бөлімінің меңгерушісі. Абайды болашақта әдебиет әлемінен де көріп қалуымыз мүмкін. Өзі түлеп ұшқан газетіне әңгімесін жолдаған екен. Абайдың кейіпкеріне қарап біздің де ауылда Тоқымбай сияқты сыныптастарымыз бар ғой деп, бір қуанып, бір мұңайып еске алдық. Ендеше, Тоқымбайлар қандай еді?..

Ауылға барған сайын мойнымнан қысып, «сен менің кластасымсың ба, кластасым емессің бе» дейтін Тоқымбай досым «сұмдық» қабілеттерге ие еді. Сабақты оқымай, жазбай келгеніне қарамастан, тақтаға жерден жеті қоян тапқандай ыржиып шығатын. Түріне қарасаң тура қазір ежелгі Евфрат өзені мен жердің мантия қабаты туралы сарнай жөнелетіндей. Бірақ сол ыржиғаны ыржиған. Езуін жимастан оқушыларға бір, апайға бір қарап қойып тұра береді.

–Әй, Саламатов! – дейтін географиядан беретін Күләш апай ашуға булығып. – Мен сені тақтаға күл деп шақырдым ба, сабақ айт!

Жоқ, Тоқаң саспайды. Саят Медеуов секілді артқа екі, алға бір қадам жасайды да, қос қолын артына түйістіріп шалқайып алады. Егер мұғалім тықақтап қоймай бара жатса, «Ы..ы… Евфрат, Евфрат дегеніміз…» дейді. Болды. «Құрметті апай, осыған да риза болыңыз!». Ал ұстаз сәл жұмсақтау болса, Тоқаң оны басынып алады. Өзін қатты қинамайтынын білгеннен кейін, әңгімені жібереді дейсің.

–Ой, апай сабақ айт, сабақ айт деп мені мазалап қайтесіз? Әне, Ермек отыр, Әлмира отыр, солардан сұраңызшы, қатырып айтып берсін. Мен кеше кешке дейін тезек оям деп әбден қалжырадым. Бел құрғыр сырқырап барады.

Құдды бір мектеп жасындағы бала емес, 60-70-ті маңайлаған ақсақалдарша сайрағанда апай аң-таң болып, бір қарасаң Тоқымбаймен қосылып әңгіме соғып кеткенін өзі де байқамай қалатын.

–Сонда Түйесойғанның үйі соймайтын болды ма?

–Ой, апай, мен ғой білетін. Ол әлі Жұбаннан (ауылдан 50 шақырым жердегі малшылар мекені) мал әкелмепті. Көрші Сейтен жемге байланған жылқысын сояды арғыкүні. Бір жілігін сізге өзім жеткізіп берем ғой, оның несін уайымдап тұрсыз, – дейді Тоқаң. Тұрыс өзгерген. Апайға көмегі тиетін болған соң, өктем сөйлей бастаған.

Тағы бір қасиеті – тақтаға шықса борды не жеп қояды, не ерітіп жібереді. Алақаны қашан көрсең жылпылдап тұратын. Амандассаң болды, қолыңды бір шелек суға малып алғандай күй кешесің. Екі күннен соң бір жілік ет салынған қаптың қанын сорғалата арқалап бара жатқан Тоқымбайды көресің. Тура сол тақтада тұрғандай – екі езуін екі құлағына іліп тастап кетіп бара жатқаны. Құр кетпейді, сөйлеп бара жатады.

–Көрдің бе?! – дейді қуаныш аралас үнмен. – Тоқаң бәле, саясат қой біздікі, саясат, – дейді сосын дарылдай күліп. Бірақ сол саясатының өзін адал атқаратын. Онікі арғы жағында арамдығы мен есебі жоқ саясат болатын.

Үйдегілер «Тоқымбайды Шәрбануға Құдай адал қылып бере салған ғой» деп отыратын. Кейін білсек, Шәрбану апа өзі құрсақ көтермеген соң туыстарынан асырап алған екен. Әрі бізге немере туысқан болып келеді. Сонысын жақын көре ме, өзі маған парталас болып алған. Денесі шымыр, менен ірі. Өзінің сабаққа икемі жоқ болғандықтан, тоқсандық бақылау кезінде маған түгелдей бағынышты жан болып шыға келеді. Ал әншейінде үзілісте төмпештеп, күресейік, күресейік деп ығырды шығаратын. «Қой ей, көйлегімді жыртасың» деп айнала қашып мен жүремін. Ал сынақ тапсырар кезде көзі ботадай мөлдіреп, әншейіндегі ұрдажық мінезінен қылау да қалмай, жатып кеп жалынады.

–Арман, доспыз ғой, көшіртші бақылауды. Мен осы сенімен парталас болғаным үшін мың да бір шүкіршілік етем ғой, – дейді жәудірей қарап.

Өзі кішкентайынан шалдар құсап, шешен сөйлейтін. Аяп кетіп әдеттегі әлімжеттігін ұмытып, дәптерімді ұсынамын. Алатын бағасын алып алған соң, «Ой, досым-ай, қол қышып тұр, күреспедік пе» деп жұлқылап, зықыңды шығаруды қайта бастайды. Мұндай жынданбаспын: «Келесі жолы көшіртсем Арман атым өшсін, ал!».

Сол жылдары үй жағдайында балмұздақ жасап, қарық болу сәнге айналды. Оның әпкесі де рецепт бойынша жасамақ болады да, сүт пен қантты араластырып тоңазытқышқа салып қойған. Сөйтсе оны Тоқымбай өңешіне бір-ақ төңкеріп, жоқ қылыпты. Мұны естіп алып, ал кеп күлетінмін. Бірақ өзімнің де одан артық жерім шамалы болды. Қашанғы бір айлыққа қараймыз, ептеп сауда жасап көрелік деп ата-анам қаладан оны-мұны зат әкелген ғой. Сатуға. Көздің құрты болған кілең тәттіні Арекең аман-сау қойсын ба. «Біз жоқта сұрап келгендерге сатарсың» деген шоколад, печеньенің бірін білдіріп, бірін білдірмей жалап-жұқтап, түк қалдырмайтынмын. Мен сияқты «жемқордың» аузына қақпақ бола алмасын білген соң, ақыры сауда-саттық доғарылды. Кейін әпкем ауылсоветтің жанына барып шемішке сатуға көшкен. Оған да бастапқыда еріп барып жүрдім де, кейін ерініп қалып кететінмін. Сөйтіп жүріп сауданы оңдырмадым…

Бірер жыл бұрын ауылға барғанда Тоқымбайды көрдім. Біраз жылдан соң. Тура сол баяғы ақкөңіл, аңқылдаған, аузы бір тыным таппай сөйлей беретін мінезі қалмапты. Мені қайта-қайта мойнымнан қысып, «Рахат, қалада жүрсіңдер ғой. Ой, сені де көретін күн бар екен, аман жүрші, аман жүрші… Біз сол ауылда жаздай шөп шабамыз, қыстай мал қараймыз. Жалғыз кемпірдің жағдайын жасап отырмын. Әйтеуір, өтіп жатқан тіршілік» деп әңгімесін айта жөнелген. Баяғыдай жұлқылап, «күресейік, күресейік» дейтін желөкпелігі басылыпты. Мойнына ауылдың бүкіл тіршілігін артып алған, еш бейнетке мойымайтын біртоғалық біржола таңылған, ара-тұра көрші жігіттермен жиылып «шөл басып», әрі қарай жұмысын істеп кете беретін нағыз шаруақор адамға айналыпты. Жүзіне қарап өзін одан бетер жақсы көріп, біртүрлі аяп, елжірей қарағанымды кейін аңдадым.

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз