12 мамыр – қазақ футболының аңыз ойыншысы Тимур Сегізбаевтың туған күні. Осыған байланысты Қазақстан премьер-лигасының 10-туры мен бірінші лиганың 8-турындағы ойындар 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Сондай-ақ алаңға шыққан командалардың ойыншылары Тимур Сегізбаевтың бейнесі бар жейдемен өнер көрсетті.

Тимур Сегізбаев 1941 жылы 12 мамырда Семей қаласында туған. Əкесі Санжар Сегізбаев еліміздегі алғашқы заңгерлердің бірі болған. Жазықсыз қуғындалған, кейіннен ақталып, жауапты қызметтер істеген. Ресей Федерациясының губерниялық прокуратура басқармасының хатшысы, Ресей Жоғарғы Сотының Қазақ бөлімі төрағасының орынбасары жəне оның пленумының толық мүшесі сияқты қызметтер атқарған. Аты аңызға айналған ойыншы футболға қалай келгені жөнінде былай дейді:

– Бала кезімнен аулада футбол ойнайтынмын. Шүберекті дөңгелетіп доп қылып буып алатынбыз. Мен жаз бойы Алматы қаласының маңындағы лагерьде болатынмын. Бірде балалармен ойнап жүргенімді Георгий Козелько деген жаттықтырушы байқапты. Бұл 50-жылдардың басы еді. Мені футболға сол кісі алып келді. 1955 жылы 14 жасымда Қарағанды қаласында республика біріншілігіне қатысып, жүлделі болдық. 1957 жылы Бүкілодақтық оқушылар спартакиадасына бардық. 22 команда қатысып, біз 6-орын алдық. Келесі жылы бұл жарыс Грузияда өтті. Алғашқы қарсыласымыз армяндар болды. Олардан бірінші таймда 5:0 болып ұтылдық. Үзілісте жаттықтырушымыз қатты ұрысты. Намыстандым. «Мен неге өзгелер сияқты жақсы ойнай алмаймын? Менің олардан қай жерім кем? Олар соққан голды мен неге соқпасқа?!» – деп өз-өзімді қайрадым. Нəтижесінде ойын 5:5 есебімен аяқталды. Сонда қарсылас қақпаға 5 допты да мен салдым. Сол кезде командадағы жалғыз қазақ та мен едім. 1958 жылы мектеп бітірдік. Дене шынықтыру институтына түскен соң, көп ұзамай мені «Қайратқа» шақырды. «Қайрат» үшін бəріне дайын болдым. Тіпті, команда үшін отбасымды екінші орынға қойдым. 

Міне, Тимур аға «Қайратқа», жалпы футболға осылай келген. Сол 1958 жылдан 1970 жылға дейін «Қайраттың» қарқынына қарқын қосып, қазақтың да доп тебе алатынын көрсеткен футболшы. 1960 жылдың 14 мамырында алғашқы кездесуін Минскінің «Динамосына» қарсы өткізген. 1964-1969 жылдары команда капитаны болды. Мəскеуде сол кездегі азулы «Спартакты» ұтып, сондағы екі голды да соққан осы Тимур ағамыз болатын. Сол кездесу жайлы өзі былай дейді:

– Азуы алты қарыс «Спартакпен» болған сол ойында алаңға негізгі құрамда шықтым. Əр таймда бір голдан соқтым. Қызық болғанда, олардың қақпашысы бұрын «Қайратта» ойнаған жігіт еді (Владимир Лисицын). Сол кезде КСРО олимпиадалық құрамасының сапында ойнап жүрген. Соны екі мəрте қапы қалдыруымның да маңызы зор еді. Сол ойында Қазақ спорт комитетінің төрағасы, марқұм Кəркен Ахметов те болды. Ойыннан соң біздің киім ауыстыратын бөлмемізге келіп, жүзі бал-бұл жанып, бəрімізді құттықтады. Алыс сапардан, яғни Азия елдерінің Олимпиадалық комитетінен келе жатқан беті екен. Қолында сол жақтан əкеле жатқан бір базарлығы бар. Ағаштан жасалған естелік бұйым, ортасында Азия елдері Олимпиадалық комитетінің эмблемасы бар. Соны қолына ұстап тұрып, «мынаны қайсыңа берсем екен?» деді. Футболшылардың бəрі «екі голдың авторы лайық бұл сыйыңызға» деп шулап қоя берді. Содан əлгі базарлығын маған сыйлады. Сол сувенир күні бүгінге дейін бар. Сол матчтан естелік ретінде ұқыптап сақтап жүрмін. Ертеңінде Мəскеудегі орталық газеттерде Кеңес футболының аузы дуалы маманы Николай Старостиннің пікірімен, «Тимур и его команда» деген тақырыппен мақалалар жарыққа шығып, біздің сол жеңісіміз жайлы егжей-тегжей жазылды.

Қазіргі қазақ футболында допты алыстан ұрып, 30-40 метрден гол кіргізетін футболшылар жетіспейді. Тимур ағамыздың соққысы өте пəрменді болған. Сол кездегі КСРО-дағы атақты командалардың бірі – мəскеулік «Торпедоның» қақпашысы Анзорға 35-40 метрдей жерден гол соққанын көргенде жанкүйерлердің бір айызы қанған болатын. Содан аңызға бергісіз əнгімелер тарап кеткен болатын. «Соққысы қатты болғандықтан аяғына қызыл таспа (лента) байлап алады екен», «Африкаға барып, бір жолдастық кездесу өткізгенде қуатты соққысымен бір маймылды өлтіріпті» деген сияқты əнгімелер сол кезде желдей есіп тұрды. Бұл жанкүйерлердің сүйікті футболшысына деген шынайы махаббатынан болу керек. Сегізбаев ақша қумады, команда ауыстырмады, содан да шығар, жанкүйерлері шынымен де көп болды. «Тимур жəне оның командасы» ойнаған күні қатардағы жанкүйерлермен қатар зиялы қауым өкілдері де алаңнан табылады екен. Сегізбаев негізгі құрамда ойнайды деген күні Алматы көшелерінде адам лек-легімен топырлап кететін болған. Зиялы қауым өкілдері ұлттық, елдің мəселелерін дəл сол орталық алаңда «Қайраттың» ойынын көруге барғанда қозғайтын болған деседі. Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Əбділдə Тəжібаев, Семей жерінде «Жарыс» деген команда құрып, алғаш доп тепкен қазақтардың бірі Мұхтар Əуезов сияқты марқасқаларымыз да тұрақты жанкүйерлердің қатарында болған. Тұманбай Молдағалиев «Қайраттың» ойынын тек орталық алаңда ғана емес, Мəскеуге де барып көріпті. Тимур Сегізбаев футболдан өте ерте кетті. Небəрі 29 жасында бутсысын шегеге ілді. Өйткені ағамыз жарақатынан кейін енді жоғары деңгейде ойнай алмасын түсінді. Көптің бірі емес, кешегі жанкүйер жүрегіндегі Тимур болып қалғысы келді. Содан бапкерлікке түсті. Алдымен қызылордалық «Автомобилист» клубын жаттықтырудан бастады. Бұл клуб сол кезде КСРО чемпионатының екінші лигасындағы «Орал жəне Орта Азия» аймағында («Б» тобында) өнер көрсету құқығына ие болып, 16 команданың ішінде 6-орынға ие болды. Сегізбаев бір жылдан соң бірінші лигада ойнайтын Қарағандының «Шахтеріне» бас бапкер болды. Екі жыл кеншілер қаласында жаттықтырушы болды. Қазақ КСР спорт комитеті «Шахтерді» де жоғары топқа шығару үшін қам-қарекет жасап,
«Қайраттың» қосалқы құрамындағы бірнеше ойыншысын берген. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Межелі орынға сəл жетпей сүрінді. 1973 жылы өзін елге танытқан «Қайратқа» келді. 1973-1979 жылдары «Қайраттың» бапкері болды. Кейіннен 1979-1982 жылдары Йеменде жұмыс істеді. 1988 жылы бапкерлік карьерасына да нүкте қойды. Тимур аға да жақсы футболшының бəрі жақсы бапкер бола бермейді дегенге келіседі. Өзінің бапкерліктің шыңына жете алмайтынын түсініп, қатардағы бапкер болғысы келмеген. Кейіннен басшылық қызметтер атқарды. Тимур Сегізбаев – қазақ футболының жұлдызы һəм мақтанышы. Қазақтың да теңбіл допты ұршықша үйіретінін, доп тебе алатынын дəлелдеген талантты тұлға. 1960-70 жылдары бар қазақты өзіне елітті, Тимур сияқты доп тепкісі келетін жастар көбейді. Сейілдə, Сейітжан Байшақовтар осының дəлелі болса керек. Біз Тимур Сегізбаевты мақтамаймыз, Тимур Санжарұлымен мақтанамыз. Лайым қазақтың кең даласынан Тимурлар көптеп шыға берсін!

Бек ТӨЛЕУОВ

Суреттер интернеттен алынды

«Ұлан» газеті, №22
29 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз