Біздің мектеп Алматы облысында орналасқан. Өзі шағын ғана. Осы мектепті 2014 жылы бітірген Тимур деген бала арман аралына сапар шеккен. Жақында сол баланы мектептен кездестіріп қалдым. «Не үшін келген екен?» деген сұрақ ə дегеннен мазалады. Сөйтсек, ол Германияда оқып жатыр екен. Біздің мектепке Германиядағы оқу орындарын таныстырып, түлектерге жол сілтеуге келіпті. Оқушыларға өзінің Германияға қалай кеткенін əңгімелеп берді. Сол сəтті пайдаланып, мен де одан сұхбат алып алдым.

 – Тимур, шетелде оқу бала күнгі арманың ба еді?

– Иə, мен бала күнімнен шетелде оқуды армандадым. Қазақстанның білім жүйесі мені қанағаттандырмады. Əрдайым жаңашылдықты аңсайтынмын.

– Германияда оқу туралы қайдан естідің?

–  Интернет желісінен білдім. Сайттарды ақтарып отырғанда, осы елге деген қызығушылығым оянды. Германияның заңы бойынша, өз елімде 1-курсты бітіріп, содан кейін ғана сол елге тапсыра алады екенмін. Сосын ҚазҰУ-дың физика факультетінде бір жыл оқып, Германияға оқуға тапсырдым. Ал биылдан бастап, мектеп бітіре салысымен Германияда оқуға болатындай жағдай жасалды.

– Шетелде оқуыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па? 

– Əрине, бастапқыда қарсы болды. Бірақ, менің шын ықыласымды көрген кезде жəне бұл ойым жай ғана сөз емес екенін түсінгенде, қарсы болған жоқ. Мен бұны өз ісіммен дəлелдедім.

– Германияның қай қаласында, қандай мамандық бойынша оқисың?

– Мен Германияның Гамбург қаласында техникалық мамандықта 3-курста оқимын.

– Германияда оқу үшін көп қаражат кетті ме? Қалай жинадың?

– Қарапайым отбасынан шыққан баламын. Əрине, шетелде оқыту ата-анам үшін ауыр жүк болар еді. Сол үшін Алматыда мотоцикл алып сату кəсібіне кіріп, бір жылдың ішінде керекті қаражатты жинап алдым.

– Құпия болмаса, қанша қаражат кетті?

– 2000-2100 еуро, біздің теңгеге шаққанда 700 000-800 000 теңге.

– Германияға оқуға тапсыру үшін қандай құжаттар керек? Университетті қалай таңдадың?

– Университетті интернет желісі арқылы таптым. Сондай-ақ, Германияда туыстарым болған, солардан сұрастырдым. Ал құжаттарға келсек, университеттің сайтына кіріп, барлығын біліп алдым. Қандай құжат керек екені əр университеттің сайтында жазылып тұрады. Бірақ аттестаттың бағаларын, тағы басқа құжаттарды неміс тіліне аударып, электронды пошта арқылы жіберу керек.

– Емтиханды неміс тілінде тапсырдың ба? Емтихан туралы түсіндіріп берші…

– Иə, неміс тілінде емтихан тапсырдым. Сосын физика, математикадан тапсырдым. Математиканы қалай тапсырғаным да қызық шығар, иə? Бір қызығы, Еуропада математиканың емтихандары жеңіл. Шетелдің 11-сыныптағы математикасы Қазақстанның 7-8-сыныптағы тақырыптарындай ғана. Қорықпасаң да болады. Бірақ, физика жағынан сəл қиналдым. Өйткені, физикада мəндік есептер неміс тілінде болды.

– Сосын оқу орнына түскен-түспегеніңді қайдан білдің?

– Электронды поштама емтиханның қорытындысы келді. Бір қызығы, олар тек қана неміс тілінің қорытындысын айтады. Басқаларын айтпайды. Маған неміс тілі жақсы деген хат келді. Онда Германияға келіп оқуыма болатыны жазылған. Мен оқитын университет мемлекеттік болғандықтан, онда бəрі тегін оқиды.

– Неміс тілін қалай үйрендің?

– Неміс тілін Алматыда оқып үйрендім. Бірақ сол елдің тілінде еркін сөйлеу үшін Германияға барғанда қосымша курс оқып алдым.

– Германияның білім жүйесі туралы не айтасың?

– Германияда «5», «4» деген бағалар ең төменгі, ал «3», «2» деген бағалар ең жоғары болып саналады. Бұл елде сенің біліміңе сабақ беретін мұғалімдер жауапты. Егер нашар баға алып қалсаң, мұғалім нашар дегенді білдіреді. Сол үшін мұғалімдер өте жақсы үйретеді. Сондай-ақ, бұл жерде 2/2, яғни ең жоғары бағаны ешқашан алмайсың. Өйткені, олардың түсінігі бойынша ең жоғары бағаға ешкім жақсы білмейді. Мен оқыған университетте Альберт Эйнштейн оқыған. Эйнштейннің ең жоғары бағасы 3/2 болыпты. Бір кызығы, біздің елде жақсы оқығаның үшін стипендия берсе, Германияда 15 түрлі стипендия бар. Əр стипендия 150-200 еуродан.  Мен қазір 4 стипендия алып жүрмін. Айына біздің теңгемен есептегенде 220 000-250 000 теңге болады.

– Қазір жатақханада тұрасың ба?

– Иə. Басында келген кезімде жатақханаға өтініш берген болатынмын. Жатақханаға кезегім келгенше жалдамалы пəтерде тұрдым.

Германияның заңы бойынша шетелден келген адамдар 6 ай бұл елде жұмыс істеуіне болмайды. 6 ай өткен соң жұмыс істеуге рұқсат. Қазір тұрып жатқан жатақханама 165 еуро төлеймін.

– Елден жырақта талай қызық оқиға да болған шығар?

– Германияға келгенде бірден немісше сөйлеп кете алмадым. Маған сөйлесу жағы қиындау болды. Бірақ, университетте Ресейден, Украинадан келген адамдар оқитын. Бастапқыда солармен орыс тілінде сөйлесіп, араласып жүрдім. Содан кейін неміс тілінде еркін сөйлей бастадым. Біздің университетте əр елдің студенттері оқиды. Мысалы, Франция, Қытай, Украина, Беларусь, Тайланд, Ресей, тағы басқа елдердің балалары бар. Бір жақсы жері – əрбір университеттің жанында сол университеттің балабақшасы болады. Егер студенттер отбасын құрып жатса, балаларын сол балабақшаға апарып тастап, өздері сабақ оқи береді. Балабақша тегін.

– Германиядан басқа қандай елдерде болдың?

– Франция, Голландия, Чехия, Австрия, Бельгия, Люксембург секілді елдерге саяхаттадым.

– Қазақстанға оралу ойыңда бар ма?

– Əрине.  Германияда 5 жылдан кейін сол  елдің азаматтығын алуға болады. Бірақ, мен алмаймын. Өйткені, менің ата-анам осы Қазақстанда тұрады. Өз Отаныма қызмет еткім келеді. Шетел қанша жақсы болса да, өз Отаныңа жетпейді.

– Замандастарыңа, іні-қарындастарыңа не айтар едің?

– Ешқашан мойымай, алға қойған мақсатқа жету керек. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді емес пе? Сондықтан ешқашан қорықпаңдар дегім келеді. Егер шын қаласа, еш кедергіге қарамай арманына жете алады. Ақшаны да, басқаны да таба алады. Армандарыңның шындыққа айналуына бар күштеріңді салыңдар.

– Əңгімеңе рахмет!

Диана ҰБАЙДОЛЛА,
Алмалыбақ гимназиясының
10-сынып оқушысы.
Қарасай ауданы,
Алматы облысы

 

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз