Алматыда жалпы саны 32 музей бар. Олардың қатарында музыка, өнер, геология, археология, медицина саласына қатысты экспонаттар жинақталған музейлер бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Тіпті Алматыға келгеніме 4 жыл болса да, 32 музейдің оншақтысын ғана аралаған шығармын. Бүгіннен бастап «Ұланның» оқырмандарын қаладағы ерекше музейлердің тыныс-тіршілігімен, экспонаттарымен, тарихымен таныстыратын боламыз. Алғашқы музей біреулер үшін қызық емес шығар, ал мен үшін 32 музейдің ішіндегі ең ерекшесі. Себебі…

Пойыздары шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жататын өлкеде өмірге келмедім. Қашықтық атаулыны теміржолдың бойына алыс-жақындығымен өлшейтін адамдармен де таныс емеспін. Пойыз бекетіндегі қоңыраудың үнін де тек кинодан естіп өстім. Басқалар əуе жолы туралы армандағанда, менің бар ойым рельспен жанасқанда тарс-тұрс дыбыс шығаратын пойызға міну болатын. Бұл сөзімді теміржолдың бойында өскен балалар түсіне қоймас, əрине.

Есейгеннен кейін теміржолға қатысты мəліметтерге деген қызығушылығым арта түсті. Алматы қаласында ҚР теміржол көлігі музейі бар екенін білдім де, бірден сонда тартып тұрдым.

ҚР теміржол музейінде еліміздегі теміржол көлігінің құрылу тарихының алғашқы
баспалдақтарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тынымсыз тіршілігіне куə болған құнды заттар сақталған. Музей 1999 жылы Қазақстанның құрметті теміржолшысы, ардагер Бейсен Шормақовтың жинаған жеке топтамасының негізінде ашылған. Алғашында музей Түрксіб басқару ғимаратында орналасқан. 2004 жылы Қазақстан теміржолының 100 жылдығы қарсаңында «Қазақстан теміржолы» ƏАҚ кеңсесі жанына көшіріліп, қайта құру жұмыстары жүргізілген.

Теміржол музейі Назарбаев даңғылы мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Кіру құны – 200 теңге. Гидтің көмегімен экскурсия жасағыңыз келсе, қосымша 1000 теңге төлеу керек. Теміржолшылар мен ҰОС ардагерлеріне кіру тегін.

Музей қызметкерлері келушілердің көп емес екенін айтады. Теміржол саласы бойынша білім алып жатқан студенттер жылына бір рет келеді екен. Одан кейінгі қонақтар – журналистер мен теміржол саласына қызығатындар немесе осы саланың ардагерлері.

Қазір пойыздардың бағыты мен жүру уақытын, қай жолға келіп тоқтағанын теміржол вокзалында микрофон арқылы хабарлайды. Ал ертеректе аталған қызметті мына қоңырау атқарған. Қоңырау ХХ ғасырдың басында шойыннан құйылған. Теміржол жолаушыларын шығарып салу да, күтіп алу да осы қоңыраудың мойнындағы қызмет болған. Бұл қоңырауды теміржолдың 100 жылдық ардагері десек те болады. Шойыннан құйылған қоңырау өзінің үнін əлі жоғалтпаған, жіпті тартсаң болды, сыңғырлай жөнеледі. Алтын-сұр түспен боялған қоңырау өзінің «өмірін» Үштөбе бекетінде қызмет етуге арнапты. Қызметін адал атқарып болғасын музейдің кіреберісінен орын алған.

Қазақстанның барлық аймақтарынан еліміздің теміржолына қатысты көне экспонаттар жиналған. Музейдегі заттардың көпшілігі – қарапайым адамдардың қолдарында қалған дабыл, жұмыс құрал-жабдықтары мен теміржолшылардың киім-кешегі. Тақырыптық макеттер мен вагондардың көруге арналған кішкентай нұсқалары да бар.

Жоғарыда 2004 жылы теміржолдың 100 жылдығы тойланды дедік қой. 1901 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы салына бастағаны тарихтан белгілі. Ал Қазақстан аумағындағы алғашқы теміржол тарихы 1904 жылы салынып біткен Орынбор-Қазалыдан бастау алады.

Қазір жүйрік тұлпар «тальго», пойыздардың да түр-түрі бар. Жүру жылдамдығы мен уақытына, вагондарының жаңа-ескілігіне, бағасына қарап билет аламыз. Ал ертеректе жолаушылар паровозбен қатынаған. Паровоз, аты айтып тұрғандай, будың көмегімен қозғалысқа келетін көлік түрі. Оны су, көмір жəне құрғақ құммен толтыру керек болған. Су құйып, астына көмір жағып, содан бөлінген будың көмегімен энергия алып, алғашқы пойыз түрлері қозғалысқа келген. Ал оны құм сеуіп қана тоқтататын.

Қандай тарихи оқиға болсын, қандай музейде болсын қазақ əйелінің бейнесі бар. Теміржол музейінде алғашқы паровоз жүргізуші қазақ əйел Зəбира Жүсіпованың есімі ерекше құрметке ие. Пішпек паровоз депосында қызмет еткен паровозшы əйелдің бейнесін су, көмір, құммен қатар елестетіп көрсеңіз, оны неге құрметтейтінін өзіңіз де түсінесіз.

 

Теміржолдың тарихы туралы айтқанда, алдымен Түрксіб теміржолын ауызға аламыз. Түрксібтің арқасында Қазақстанның көптеген елді-мекендері тоғыз жолдың торабына айналды. Луговая мен Семей станциялары арқылы өтетін теміржол Алматыдағы «Айнабұлақта» тоғысатын. Осы жерді теміржолшылар киелі орын санайды. Қазір де жыл сайын теміржолшылар күні мерекесін сол жерде атап өтеді екен.

Теміржол ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолаушы тасымалдай беретін жалғыз көлік түрі. Ұшақтар ауа райының қолайсыздығына байланысты тұман мен қар-жаңбыр болса, ұшпай қалады. Автобус пен жеңіл көлік қыс мезгілінде жолда қалдыруы мүмкін. Ал пойыз болса, күн демей, түн демей, қыс-жаз демей шығыстан-батысқа, батыстан шығысқа жүйтки береді. Ал олардың жүріп өткен жолы ҚР теміржол музейінде тарих болып қала береді.

– Пойыздар қайда асығып барады? Олар не іздеп жүр?
– Білмеймін.
– Кім біледі?
– Мұны жүргізушінің өзі де білмейді.
Осы сəтте қарсы бағыттан түтінін будақтатып тағы бір пойыз жүріп өтті.
– Олар қайтып келіп үлгерді ме?
– Жоқ, бұл басқа пойыз.
– А-а-а, оларға барған жері ұнамаған шығар. Ұнамаған соң қайтып келе жатыр ғой, иə?
– Олай емес шығар…
Осы кезде үшінші пойыз да жүйткіп өтті.
– Ал мыналар ше? Алдындағы пойызды қуып жету үшін асығып бара ма?
– Жоқ, олай емес.
– Сонда олар не іздеп жүр? Адамдар ше? Неге сонша асығып барады?
– Ешнəрсе іздеп жүрген жоқ. Жай ғана вагонға кіріп алып ұйқыны соғып, тамақ ішіп жатыр. Тек балалар ғана пойыздың терезесіне үңіліп сырттан, ұзақ жолдан бір нəрсе іздейді.
– Бəлкім, олар жолдың өзінен бақыт іздейтін шығар,– деді Кішкентай Ханзада.

Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» кітабын оқымаған бала жоқ шығар? Кітаптағы осы үзінді естеріңде ме? Кішкентай Ханзаданы қызықтыратын сауалдар бəріміздің санамызда бар ғой, иə? Ал оған ересектер жауап бере алмайды. Бұл сұрақтардың жауабын тарихтан, музейден білуге болады. Музей – саған толық мəлімет бере алатын, басқа əлемге саяхат жасауға мүмкіндік сыйлайтын əлем. Сенбеймін дейсің бе? Онда өзің барып көрші. Сенесің. Сендіреді.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз