Сіздерге де Қазақстанда әйел бастықтар көп сияқты көріне ме? Біз де солай ойлағанбыз. Зерттей келе бастық болып отырған нәзікжандылар 10 пайыз ғана екенін білдік. Егер гендерлік саясат үстемдік жүргізбесе, 10 пайыз да болмас па еді?.. Қазақстан халқының 50 пайызынан астамы әйелдер болса, жалпы әлем бойынша да әйелдер саны басым екен. Бірақ айтайық дегеніміз бұл емес. Әйелдер қаншалықты қайраткер бола алады? Олардың нәзік иықтары зіл батпан жауапкершілікті қаншалықты көтере алады? Бұл сұрақтарға Ұлыбританияның қазіргі премьер-министрі Тереза Мэйдің өмірі арқылы жауап іздеп көрдік.

Үлкен қызметте жаңылыс басса да, жаңылыс сөйлемеген Тереза Мэй Ұлыбританияның жетпіс алтыншы премьер-министрі, әрі Маргарет Тетчерден кейінгі екінші әйел премьер-министр. Бұған дейін ол Ұлыбританияның Ішкі істер министрі болып, ауыз толтырып айтатындай жетістікке жеткен. Одан бұрын әйелдер жөніндегі министрлікті басқарған. Жастайынан көрген қиыншылығы оны тегеурінді адамға айналдырды. Студент кезінде әкесінен, көп ұзамай анасынан айырылды. Арада аз жыл өткен соң ешқашан бала сүйе алмайтынын білді. Тағдырдың осындай қаталдығы оны мінезді болуға, тек өзіне ғана сенуге үйретіпті.

Әйгілі Оксфордты география мамандығы бойынша бітірген. Саясатқа ел қатарлы қарапайым жұмыс істеп жүріп келген. Ұлыбританияның елдік мәселелерінің ортасына күмп бермесе де, шетінен бойлай бастаған екен. 1984 жылдан басталған саяси карьерасы сағызша созылып, «консервативтердің сұр кардиналы» атанумен шектеліпті. 2002 жылы Консервативті партияның тарихында тұңғыш әйел төраға болып сайланғанда жарқ етіп бір-ақ көрініпті.

Ол саяси конъюнктурасында Ұлыбританияның Еуро Одақпен интеграциясына, эмигранттардың келуіне, көпшілік жерлерде шылым шегуге, гей-жұптарға бала асырап алуға қарсы шығып, дауыс берген. Саясаткер ретінде қатаң сынға ұшырап, ісінің кері кеткен кездері де болыпты. Бірақ ол Маргарет Тетчер құсап дорбасымен үстелді ұрып қалған жоқ, тіпті әзілдеп болса да жауап бермепті. Бұл енді Терезаның табиғаты юморға жақын еместігінен болса керек. Маргарет Тетчер сияқты өткір болмаса да, айтқанынан қайтпайды, қалайда идеясын іске асыруға ұмтылады.

2016 жылдың 14 шілдесінде премьер-министр болып тағайындалғаннан бері Ұлыбританияны Еуро Одақтан шығарып алу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Бұл процесс ресми түрде «Brexit шешімі» деп аталды. Алғаш премьер болып сайланған күні Тереза Мэй: «Brexit дегеніміз – Brexit», – деді. «Еуро Одақтан парасатты түрде кетеміз» деді. Бірақ бұл мақсатына әзірше жете қойған жоқ. Өйткені, бір «құдықтан» су ішіп үйренген 27 мемлекет бір мәмілеге келу үшін екі жылдан бері келіссөз жүргізіп келеді.

Тереза Мэйдің Еуро Одақтан шығу туралы идеясына кімдер қарсы шықпады дейсіз? Алдымен парламент қолдамай қойды. Үкімет Жоғары сотқа шағымданып еді, «пәрмен парламенттің қолында» деп қарамай тастады. Тереза бастаған үкімет мүшелері сот пен парламенттің арасында біраз сабылды. Одан кейін Лондонда мыңдаған тұрғын шеруге шығып, «Brexit шешімін» бастамауды талап етті. Соған қарамастан премьер-министр өзінің қауымдар палатасын таратып, қайта сайлау өткізіп жіберді. Нәтижесінде өзінің партиясы аз дауыс жинап қалып, бұған Терезаны кінәлі санаған екі көмекшісі отставкаға кетіп тынды.

Сол арада Лондонда терактілер болып, «Brexit шешімін» талқылауға кедергісін тигізді. Теракт кезінде тікелей эфирге шығып, жан-жақты ақпарат берген де Тереза Мэйдің өзі болатын. Одан кейін Тереза отставкаға кету керек деген әңгімелер шықты. Осындай шым-шытырық оқиғалардың ішінде жүріп ол Еуро Одақтан шығамыз деген ойынан қайтпады. Сол аралықта Скрипальдың өліміне Ресейді кінәлап, Ресейдің барлық дипломаттарын Ұлыбританиядан шығарып үлгерді.

Саяси қысымға ұшырап, түрлі талаптардың астында қалса да қалжыраған Тереза жоқ. Керісінше екі көзі шоқтай жанып, қашан көрсең том-том қағаздарды құшақтап алып, өжектеп, өз ойын дәлдеп жатады. Бұл қазіргі саясаттың жынысқа бөлінбейтінінің айқын дәлелі болса керек. «Brexit шешіміне» наразылық білдіріп, Лондон көшелеріне жүз мыңдап шыққан британдықтардың талабына назар аудармай: «Еуро Одақпен келісімге келуге тырысамыз. Егер келіспесе, онда келісімсіз-ақ одақтан шыға береміз. Нашар келісімге келгеннен гөрі, келісімге келмеген жақсы», – деп табандап тұрып алды. «Егер Еуро Одақтан шығатын болсақ, барлық саланы яғни қаржы, заң, шекара мәселесін өзіміз шеше аламыз, миллиондаған жұмыс орындарын ашамыз, терроризммен, қылмыспен күресу де өз қолымызда болмақ. Тіпті британдықтардың төлқұжаты да өзгереді», – деген уәде берді. Егер «Brexit шешімінен» бас тартса, Ұлыбританияның демократиясына селкеу түсіп, тұрақтылығы шайқалатынын баса айтты. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деген мәтел Тереза саясатын дәл сипаттап тұрғандай. Ол қалайда Ұлыбританияның болашағы жарқын, азат болғанын, ешқандай одаққа тәуелді болмағанын қалайды.

Еуро Одақтан шыққаннан кейінгі Ұлыбританияның жағдайын елестету Тереза тұрмақ, айдалада жүрген біздің де үрейімізді туғызады. Саясаттың жұрт түсініп болмайтын, алайда ұлы күшке ие сиқырына кімдер арбалмады? Дегенмен саясатты ұршықша игеріп кету, оның ішінде әккі саясаткер бола білу – кез келгеннің қолынан келмейді.

Тереза Мэйге 2012 жылы 1-дәрежелі қант диабеті деген диагноз қойылыпты. Күнде инсулин қабылдауына тура келеді екен. Көзінің асты көлкілдеп, кейде бозарып, кейде қызарып, дауысы дірілдеп кететіні содан екен. Ойлаңызшы, 62 жастағы әйел, денсаулығы да мәз емес, жауапкершілігі өміріне тұратын идеяның соңынан салпаңдап жүр. Жақтастарынан гөрі қарсыластары көп. Сөйте тұра сыр бермейді.

Ал осындай қайраткерлік қазақтың әйел бастықтарының бойында бар ма? Бір шенеунік тәтеміз Мемлекеттік сыйлықты беру кезінде сүйкімін кетіріп алды. Тағы бір шенеунік апамыз қазақша сөйлей алмай, мазаққа айналды. Енді бірі «басқа тілді үйренейік» деп қойып қалды. Олардың арасында мемлекеттік қызметтен кеткен соң, отбасы туралы тренингтер өткізіп жүрген экс-шенеунік әйелдер де бар. Бірде күйдіріп, бірде сүйсінтіп қоятын Қазақстанның шенеунік әйелдерінің бойынан кейде шын қайраткерлікті көре алмай қор боласың, шыны керек.

Тереза туралы қызықты деректер

* Қазір өз қолымен Ұлы-британияны Еуро Одақтан шығарып алғысы келіп жүрген Тереза Мэйдің алғашқы көзқарасы керісінше болыпты. Ол «Ұлыбритания Еуро Одақтан шықпау керек» деген ұстанымда болған. Уақыт өте келе ойланып, «қиын кезеңге тап болсақ та, жүріп өтетін жолымыз осы» деген шешімге келіпті.

* Ол Ішкі істер министрі болып тұрғанда Ұлыбританияда бірде-бір теракт болмапты. Өйткені қайта-қайта шошаңдай берген радикалдарды, Сирияға бүйрегі бұратындарды 48 сағаттың ішінде елінен қуып шығып, азаматтығынан айырған.

* Оның негізгі тегі – Брайзер. Филип Джон Мэйге тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің тегін алған.

* Тереза Мэйді ата-анасы дінге өте жақын етіп тәрбиелеген. Бала кезінен әр жексенбі сайын шіркеуге барады екен. Иракқа әскер кіргізуді, гендерлік теңдікті және біржынысты некені қолдайтынын ашық айтқан.

* Терезаға қарата айтылған адам төзгісіз сөздер, Терезаның өзінен гөрі күйеуі Филиптің жанына қатты бататын көрінеді. Кейде Терезаның өзі де шыдамай, оңашада жылап алады екен.

* Кезінде Маргарет Тетчер: «Мен тірі тұрғанда Ұлыбританияда әйел адам премьер-министр болмайды», – депті. Шынымен де Маргарет дүниеден өткен соң, үш жылдан кейін Тереза Мэй Ұлыбританияның тарихындағы екінші әйел премьер-министр болып сайланды.

* Тереза Мэй өзіне қатал қарайтын өте тәртіпті оқушы қыз сияқты. Оның жеңілтектеніп күлгенін ешкім көрген емес. Білетіндер Тереза Мэйді юморға мүлдем жоқ деседі. Шынында да біздің кейбір қыз-келіншектер сияқты жауапты қызметтерде жүріп, ел алдында жыртыңдап күле бергеннің несі жақсы.

Терезаның стилі

Суреттерден, видеолардан байқаған боларсыздар, Тереза әрқашан мойнына алқа тағып жүреді. Жалпақ тілмен айтқанда, салпыншақтарды ұнатады. Оның өзі көзге ұрып тұратын, ірі-ірі моншақтардан, кейде шынжыр күміс алқалардан тұрады. Саясаткерлердің әр әрекетінен астар іздейтін журналистердің өз долбары бар. Олардың айтуынша, Маргарет осындай ірі әшекейлерді пайдалану арқылы өзін өткір пікірталастарға дайындайды екен. Бірақ бұл әшекейлер Терезаның өзіндік стилін айқындай түсері анық.

Терезаның 80 топлиы бар екен. Бәрінің басы сүйір, бірақ биік емес. Бойы 1 метр 72 сантиметр әйел адамға биік өкше аса қажет емес. Әрі жүріс-тұрысы көп шенеуніктің аяқ киімі ыңғайлы болғаны дұрыс.

Ол қашан көрсең алды ашық пальто киіп жүреді. Және пальтоларының стилі бірдей. Мысалы бүгін киген қоңыр пальтоның ертең көгін, бүрсүгүні қызылын киіп шығады. Бір қызығы, демалысқа шықса да осылай ресми стильде киініп жүреді екен.

Ол үнемі ернін қызыл түске бояйды. Бұл енді қарапайым британ әйелдеріне тән талғам. Арнайы шаш үлгісін жасағанын көрмедік. Тарап-тарап, бес саусақпен қайыра салатыны көрініп тұр. Осы жерде шашын төбесіне үйіп алатын бір депутат апамыз есімізге түсті. Қашан көрсең сән салонынан қазір шыққандай елестейді. Сосын ала колготкі мен көк түсті, үшкір тұмсық туфли киген Бірғаным Әйтімованы әлеуметтік желідегі жұрт екі күн талқылаған. Мейлі ғой, кім, не кисе де шаруамыз жоқ.

Тереза Мэй де Маргареттің жолын қуған мықты саясаткер болатынына шүбәміз жоқ. Қазірдің өзінде оны «қорғасын ханым» деп атайды. Жұрттардың кумир тұтатын «темір», «қорғасын» ханымдары бар. Бұл тұрғыдан келгенде, біз Әлия мен Мәншүктің, Домалақ ананың ерліктерін жырлаймыз. Қазір құндылықтар ауысуына байланысты тележүргізушілерді, әншілерді, тіпті әлеуметтік желідегі «батыр әйелдерді» үлгі тұтып жүрміз. Ал саясатта үлгі тұтатын әйел адамдар кімдер деп ойлайсыздар?

Дайындаған
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз