Биыл «Қазақстан» телеарнасының 60 жылдық мерейтойы, одан қала берді «Таңшолпан» бағдарламасына да 20 жыл. Осы орайда таңғы эфирдің жүргізушісі Баян Бақкелдімен сұқбаттасқан едік.  Баян апай оқырманға өзін былай таныстырды:

Тележурналистика саласында 2010 жылдан бері қызмет етемін. Мамандығым журналист. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегімін. Мектепте қызығы оқыған сабағым қазақ тілі мен  әдебиеті болған. Қазақ жазушыларының кітабын жастана оқыдым. Бір кітапты бітірмей ұйқыға жатпайтынмын. Алайда ұйқыға кеш жатсам да сабақтан бір де бір рет кешігіп немесе қалып көрмеппін. Түрлі байқаулардан қалмай, кез келген сабақтан бара беретінмін. КВН, концерт қойып, ән айтудан талай жарыстарға барсам да, көбіне көркемсөз оқуға қатысқан сияқтымын. Мектеп жылдарында көркемсөз оқу жарыстарының барлығына дерлік қатысып шыққан шығармын (күліп). Университетте де Баян мектептегідей белсенді болды. Ата-анам ұстаз, ата-әжем де. Отбасымызда ұстаз көп. Алайда отбасымызда журналистиканы алғаш таңдаған мен екенмін.

–«Таңшолпан» бағдарламасына қалай келдіңіз?

–Университетті бітіретін соңғы жылы. Емтихандарды да тапсырып болдық. Әлеуметтік желіге кіре қалғанда Назира Бердалы апайымыздың жазбасын оқып қалдым. Назира апай «Таңшолпанның» шығармашылық топ жетекшісі еді. Кастинг туралы жазыпты. «Жаңа бейне болуы керек» дегенді оқығанда жылт еткен үміт пайда болды. Бір жағынан қорқыныш сезімі де болды. Себебі оған дейін бір де бір кастингке барып көрмеген едім. Жұмысымды газеттен немесе журналдан бастауым керек деген ойда жүрген адаммын. «Бағым жанып кетер, тәжірибе болсын» деп кастингке бардым.  Кастинг бірнеше турдан, яғни этаптан тұрды. Барлығынан сүрінбей өтіп, «Таңшолпанға» жүргізуші болып қабылдандым. Университетте қоғамдық жұмысқа көп қатысқандықтан, «Таңшолпанға» жүргізуші болуым сенер-сенбес оқиға болды. Көптің ішінен әріптесім Ерқанат Көпжасар екеуміз жарып шығып, тележурналистиканың айдынына келдік. Алғашқы эфиріміз бірінші қыркүйекте болған. Әлі есімде сол күнді ерекше естелікпен еске аламын. Біреулер үшін Білім күні болса, мен үшін кәсіби өмірімнің бастауы.

–Тікелей эфирде болған қызықты оқиғаларыңызды айтып беріңізші…

–Тікелей эфир болғандықтан талай қызықты оқиғалар болып жатады. «Таңшолпан» қазақ телевизиясындағы ең ұзақ хронометражды бағдарламалардың бірі. Тікелей эфир – 3 сағат. Эфир 7-де басталады. Таңғы бағдарлама болғасын ұйқыдан төрт жарымда тұрамыз. Кейде ұйқымыз қанбай эфирге шыққан кездеріміз де болған. Кейде жүргізушілер ұйықтап қалса, кейде келетін қонақ ұйықтап қалатын кездер де болады. Эфирге жетем дегенше кептеліс те болып қалуы мүмкін. Ондай кезде инпровизациямен алып шығасың. Тікелей эфирде ұялы телефондар шырылдап кеткен кездер де болған. Ондай кезде ебін тауып тығырықтан шығып кету керек. Әлі есімде әнші Құрмаш Маханов бір бағдарламаға қонақ болған. Құрмаш ағамыз кіріп келе жатыр подиумға шалынып кетіп, құлап қала жаздады. Сол кезде ағамыз негатив эмоция білдірген жоқ. Сегіз жылдың ішінде талай оқиға болды.

–«Таңшолпан» бағдарламасына дейінгі Баян мен  қазіргі Баянның айырмашылығы бар ма?

–Әрине, өзгеріс бар. «Таңшолпан» мен үшін өмір мектебі. Тікелей эфирде көрермен көңілін табу бақыт болып көрінгенімен, оның жауапкершілігі де зор. Маман ретінде көзқарасымды қалыптастыруға әсер етті. Толықтай өзгермесем де елу пайызға өзгердім. Көп еркеліктерді тастадым.

–Бағдарлама жаңа маусымда жаңа жобаларды бастады…

–Осы жылдардың ішінде қанша толқын ауысты. Шығармашылық жетекшілер де ауысты. Әр маусымда «Таңшолпан» міндетті түрде халықтың жүрегінен орын алатын жаңалықпен, жаңа айдармен, жаңа бастамамен толығып отырады. Ол жағынан біздің толқынның жолы болды. Себебі қазір технологияның жақсы дамуының нәтижесінде түрлі мүмкіндіктерді қолдана аламыз. Әлеуметтік желінің де жойқын күшін пайдалана аламыз. Қазір бізді тек теледидардан ғана емес, әлеуметтік желілерден таба алады.  «Таңшолпанның» парақшасында жарыстар да ұйымдастырамыз. Қазір Сover Time айдары қосылды. Ол қазақ эстрадасының танымал тұлғаларымен бірігіп ұйымдастырылатын шара. Халықтың әншімен көзбе-көз жүздесуіне мүмкіндігі бар. «Таңшолпан» аптаның алты күнінде эфирге шығады. Сенбі күні ғана демаламыз. Алайда түсірілім тобы Сover Time-ды түсіру үшін ойын-сауық орталықтарында жүреді. Маусым сайын жаңа байқаулар енгізіледі. Еліміздегі маңызды шараларға байланысты ұйымдастырылады. Мысалы, ЭКСПО көрмесі кезінде байқау өткізілді. Биыл Астананың 20 жылдығына орай «Астана менің жүрегімде» атты байқау ұйымдастырып жатырмыз.

«Жақсылық жасап жарысайық» дейтін акциямыз бар. Бағдарлама сайын әріптестеріміз жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше көмек беріп жүр. Бұл шаралардың көбі 2015-2016 жылдардан бері бар десек те болады.

–«Не зат?» бағдарламасына қатыстыңыз. Әсеріңіз қандай?

–«Не затта» адами эмоцияны жария ететін жоба. Негізі бір-екі жыл бұрын «Не зат?» сияқты жоба «Таңшолпанда» болған. Біз келген қонақтарды сынайтын едік. Қораптың ішіне неше түрлі заттарды салып қоятынбыз. Ол мен үшін тосын бола қойған жоқ. Алайда менің фобиям белгісіздік екенін анық аңғардым. Оны көрмей тұрғаным маған қорқыныш әкелді. Адреналин алғаным үшін осы бағдарламаға рақмет айтамын. Мүмкін осындай жобалар көбірек керек шығар…

Тележурналист болғысы келетін балалар нені ескеруі керек?

–Ең әуелі батылдық керек. Себебі камераның алдында өзіңді еркін ұстаған жөн. Кез келген жағдайда тығырықтан жол тауып кетуің керек. Өзінің потенциялын көрсете білуі керек және тапқыр болуы керек. Журналист кез келген саладан хабардар болуы керек. Телевизия саласы ерік-жігерді көп қажет етеді.

Эфирге шығатын кезде нені жеуге болмайды?

–Тәтті тағамдарды эфир алдында жеуге болмайды. Мысалы, кәмпит, тәтті тоқаштар, торт…  Тәтті дауысты қарлықтырады. Мүмкін болса энергетикалық сусындардан да аулақ болған жөн. Олардың зияны көп. Қатты ыстық немесе қатты суық емес, қант және майлы сүт қосылмаған дене температурасынан сәл жылы шәй немесе кофе болса болады. Қатты суық пен ыстық дауыстың сапасын төмендетеді. Қам жылы суға лимон қосып ішу керек. Аллергияң болмаса, бал қосаңыз тіпті жақсы. Кейде диеталық тағамдарды да пайдаланатын кездеріміз болады. Айран сияқты ағзаның қызметін жылдамдататын сұйықтықтарды эфир алдында ішпеген дұрыс. Көбіне эфирден соң тамақтанған жөн. Себебі эфир кезінде көп калория жоғалтамыз. Шемішкені шақпауға тырысыңыз. Грек жанғағын жеген дұрыс. Сосын уақтылы тамақтанып, уақтылы ұйықтау керек. Фаст-фудтан аулақ болған жөн.

–«Ұландық» оқырмандарға айтар тілегіңіз….

–Өзім де мектеп қабырғасында жүрген кезде қызығы оқитын басылымның бірі болатын. Апта сайынғы санын асыға күтетінмін. Менің ойымша «Ұланның» оқырмандары ең ақылды, ең тәрбиелі, арманшыл балалар деп ойлаймын. Сіздерге тілерім, армандаңыздар. Армандарыңыз мақсатқа айналсын.

–Әңгімеңізге рақмет!

Алмабек ИБРАЙЫМОВ,

«Ұланның» жас тілшісі.

ҚазҰУ-дың студенті

“Ұлан” (№15, 10 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз