Көкке көтерілуді, ақша бұлттардың арасымен саяхат жасауды балалардың бəрі армандайды, солай емес пе? Ұшқыш болу, бортсерік болып қызмет ету біз үшін қол жетпейтін арман болып қана көрінетін. Алайда, қазір бұл арманды ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік мол. Мəселен, жақында ғана «Эйр Астана» ұлттық əуе компаниясы «Арманыңды іске асыр!» атты жобаны қолға алды. Компанияда бортсеріктер, ұшқыштар, инженерлер, механиктер мен жолаушыларға қызмет көрсететін агент мамандар тапшы. «Арманыңды іске асыр» науқаны өз елімізде əуе компаниясына үміткер қызметкерлерді іріктеу, оқытып дайындау жəне жұмысқа алу мақсатында қолға алынып отыр екен.

Компанияның президенті Питер Фостер «Арманыңды іске асыр!» жобасына техникалық мамандар, тіпті, студенттер мен оқушылар да қатыса алатынын айтты. Себебі, мамандарды тегін оқыту жүйесі он жыл бойы қызмет етеді. Толығырақ əуе компаниясының басшысы айтып берсін.

Ұлан: Питер Фостер мырза, əуе компаниясына мамандар бұрыннан жетіспей ме? Мамандар даярлау не үшін қажет болып отыр?

Питер Фостер: Бүгінде біздің компанияның штатында барлығы бес мыңға жуық қызметкер бар. Олар 31 ұшаққа қызмет көрсетеді. Алдағы онжылдықта əуе кемелерінің санын 64-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан жаңа қызметкерлерді дайындап, болашақта оларды жұмысқа алу мақсатында «Арманыңды іске асыр!» жобасын қолға алдық.  2020 жылға қарай компанияның бюджеті де 11 пайызға көбеймек.

Ұлан: Статистикалық мəліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар əуе компаниялардың қызметін жиі пайдаланбайды екен. Ендеше, ұшақтардың санын көбейтуге қажеттілік қайдан туып отыр?

Питер Фостер: Қазақстан халқының саны 18 миллион адамнан енді асты. Халық саны біздің əуе компаниямыздың халықаралық деңгейдегі амбициясын қолдауға тым кішкентай. Бірақ, біздің еліміз Қытай, Үндістан, Ресей сияқты елдерге жақын орналасқандықтан, əлемдік əуе нарығында өзіндік орны бар. Осы нарықтағы сəтті бастамаларды одан əрі дамыту үшін бізге білікті де білімді, тəжірибелі мамандар керек. Қазір ел ішінде де, шетелде де біздің ұшақтарымызға сұраныс көп. Сұранысты қанағаттандыру үшін басқа да жобаларды қолға алып, қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуіміз керек.

Ұлан: «Арманыңды іске асыр!» жобасы бойынша оқу тегін бе?

Питер Фостер:тИə, оқыту толығымен əуе компаниясының есебінен жүзеге асырылады. Бір ұшқышты оқытып шығару үшін шамамен 200 мың доллар жұмсалады. Оқуды бітірген үміткерлерге халықаралық сертификаттар мен лицензиялар беріледі. Алайда, олар оқуды аяқтағаннан кейін «Эйр Астананың» арнайы емтихандарын тапсыруы керек. Сəтті тапсырып, білімі мен біліктілігін дəлелдеген соң ғана жұмысқа орналасуына кепілдік беріледі. Мектеп оқушылары мен студенттерді жəне олардың ата-аналарын авиация мамандықтарына назар аударуға шақырамыз.

Ұлан: Жаңа жоба бойынша мамандар Қазақстанда білім ала ма? Əлде шетелде тəжірибе жинау жағы да қарастырылған ба?

Питер Фостер: Компаниямыз өзіне қажетті мамандарды шетелде оқытады. Мысалы, ұшқыштарды ab-initio бағдарламасы бойынша Испания мен Ирландия елдерінде, ал бортсеріктерді Германия мен Ұлыбританияда тəжірибеден өткіземіз, Қазақстанда да оқытамыз. Жыл сайын Испаниядағы Херес жəне Ирландиядағы Корк ұшу орталықтарында 24 кадет оқиды. Келесі жылы кадеттердің санын 40-қа жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Ұлан: Қанша маманды тегін оқытуды жоспарлап отырсыздар? Оқу мерзімі қанша уақытқа созылады?

Питер Фостер: Бір курста 15 адам болады деп жоспарлап отырмыз. Ал оқыту мерзімі 16 айға созылады. 2009 жылдан, яғни ab-initio бағдарламасы бойынша ұшқыштарды дайындау басталғалы бері 189 кадет бітіріп шыққан.

Ұлан: Оқытатын мамандардың жасына шектеу бар ма?

Питер Фостер: Əрине, шектеу бар. 18-34 жас аралығындағы адамдарды оқытып даярлауға ниеттіміз. Үміткерлерге аса ауыр талап қойып отырған жоқпыз. Сондықтан, бұл жастардың арманын жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Біз мамандарымыздың сенімді болғанын қалаймыз. Астана қаласында өзіміздің инженерлік-техникалық орталығымыз бар. 2018 жылдан бастап бұл орталықта авиатехниктерді оқыту бағдарламасын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осылайша, авиация қызметкерлерінің жетіспеушілігін толтырып қана қоймай, қазақстандық жастарды білікті маман етіп тəрбиелеп, өзіміздің əлеуметтік жауапкершілігімізді де танытқымыз келеді.

Ұлан: Бортсерік болуды армандайтын қазақ қыздары көп. Алайда, оларға қойылатын талаптар өте көп деп білеміз. «Эйр Астанада» стюардесса болу үшін нақты қандай талаптарға сай болу керек?

Питер Фостер: Стюардесса қыздар қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерін еркін білуі керек. Төтенше немесе дағдарыс жағдайында жұмыс істей алатын үміткерлерге баса назар аударамыз. Денсаулығына қойылатын нақты талаптар бар. Қазіргі таңда авиацияға қажет мамандардың бірі бортсеріктер болып отыр. Біздің əуе компаниямызда қазірдің өзінде 1120 бортсерік қызмет етеді.

P.S.: Егер мақсат айқын болса, арманның орындалуы қиын емес. Көңілдің бір түкпірінде ұшқыш болсам деген арман болса, осы мүмкіндікті пайдаланып, бақ сынап көруге болатынын айтқымыз келеді. Ата-аналар да назар аударса дейміз. Өйткені, оқуы қолжетімді болмағаннан кейін де көп ата-ана мұндай мүмкіндіктер бар екенін біле бермеуі мүмкін. Ендеше, мұны тəуекел ететін сəт деп білейік!

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №45
07.11.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз