Еліміздің жоғары оқу орындарында «Тау-кен ісі» деген мамандық бар. Жыл сайын талапкерлер грант санының көптігі мен грантқа түсу балының төмендігіне қарап осы мамандыққа тапсырып жатады. Бірақ, төрт түрлі мамандыққа тапсырған талапкер бұл мамандыққа түспей, басқасынан грант бұйырса екен деп тілеп тұратыны жасырын емес. Себебі мамандықтың атауына қарап-ақ, тау-тасты кезіп, кен іздеп жүргісі келмейді. Қалаға арман қуып келгеннің барлығы осында қалып қызмет етуді мақсат тұтады. Сонда тау-кен ісі мамандығын кімдер игеріп жүр? Олар расымен тау-тасты кезіп жүре ме? Мұндай мамандарды дайындаудағы мақсат қандай? Тау-кен өндірісін зерттеп жүрген жас ғалым Бақытбек Бектұр бізге осы туралы толығырақ айтып берді.

Бақытбек Бектұрдың айтуынша, мұнай мен газдан кейінгі жетекші өнеркәсіп саналатын тау-кен саласы болашақта «жаңа экономикалыық шындыққа» айналады. Түсінікті тілмен айтсақ, мұнай да, газ да күндердің бір күнінде таусылады және қайта қалпына келмейді. Ал тау-кен өнеркәсібінен алынатын өнімдер өміршең болып келеді және оның ахуалы мен өндіріс жолдары әлі толық зерттеліп болмағандықтан, алапат қуатының толық мүмкіндігін пайдалана алмай келеміз.

Алғашында оқуға түскенде бұл саладан мүлде хабарсыз болған жас ғалым кейін шахтадағы шығынды азайтудың жаңа жолын іздеп, ғылым жолына түскен. Осылайша, 70 жылға жарамды бекітпенің жобасын жасап шыққан.

Әскери адам бола алмаған соң «тау кезіп кеттім»

Ұлан: Қашан, қай жерде өмірге келдіңіз? Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?

Бақытбек Бектұр: 1989 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келгенмін. Алғашында Таутүрген ауылында білім алдым. Кейін Алматы қаласына ауыстым. 2006 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің тау-кен ісі мамандығына оқуға түстім.

Бала күнімде әскери адам болуды армандадым. Әскери оқуға тапсыру үшін кішкентайымнан дайындалдым. Спорт жағынан жақсы едім. Түрлі жарыстарға қатысып, өзімді физикалық тұрғыдан дұрыс дайындадым.

Ұлан: Ал тау-кен саласына қалай тап болдыңыз?

Бақытбек Бектұр: Дәл мектеп бітіретін жылы қолымды сындырып алып, денсаулығыма байланысты емтихандардан қалып қойдым. Алғашында арманыма жете алмағаным үшін қатты өкіндім. Мектеп бітірген соң тау-кен ісіне грантқа түстім. Ата-анама жүк салмау үшін “тау кезіп, кен іздейтін” мамандыққа көндіктім. Кейін өзіме ұнайтын мамандықты оқып алармын. Қазір грант пен шәкіртақы үшін оқи берейін деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе тау-кен ісіне деген қызығушылығым оянып, зерттеу жұмыстарына араласа бастадым. Ғылымға қалай қызығып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Уақыт өте келе магистратураны да осы оқу орнынан бітірдім. АҚШ-тың Мичиган қаласынан тәжірибеден өтіп келдім. Магистратураны аяқтаған соң Еуразиялық жобалау компаниясында жұмыс істедім. Жобаны аяқтаған соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті зерттеу орталығы бағдарлама және аспап жасаушы маман ретінде шақырды. Осында жұмыс істеп жүріп, докторантурада оқып алдым.

Ғылым – ұзақ пісетін тәтті жеміс секілді

Ұлан: Тау-кен саласында жаңа жоба жасады деп естідік. Ол қандай жоба?

Бақытбек Бектұр: Иә, бұл жобамен 2014 жылдан бері айналысып келемін. Көпшілік менің нені зерттеп, не жаңалық жасағалы жүргенімді білмейді. Жақындарымның өзі не зерттеп жүргенімді сұрап жатады. Зерттеп жатқан аймағым – жерасты шахтасының құрылысы.

Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында орналасқан Дон кен орны – зерттеу жұмысымның басты объектісі. Жер қыртысының көптеген қабаттардан тұратыны белгілі. Шахта тереңдеген сайын қара топырақ, сары топырақ, борпылдақ жер қабаты, су қабаты дегендер болады. Қазіргі шахталарда жер қыртысы мен шахта фундаменті саналатын бетондардың арасында су көп болып жатыр. Бұл бетонның беріктігіне зиян келтіреді. Осының алдын алу үшін екеуінің ортасына ұзақ уақытқа шыдамды тік оқпан жасап жатырмын. Полиэтилен пакеттердің ұзақ уақыт бойы шірімейтінін, су өткізбейтінін есепке ала отырып, полимердің жаңа, берік нұсқасын жасап жатырмын. Осы арқылы су келімін 100 пайызға болмаса да, 40 пайызға тоқтата аламыз. Менің зерттеуім бойынша бұл полимер 2088 жылға дейін шыдауы керек. Бұл экономикалық тұрғыдан аса ұтымды.

Ұлан: Жастар жағы тау-кен саласы табысты емес сала деп ойлайды. Жалпы, ғалымның табысы қандай болады?

Бақытбек Бектұр: Жасыратыны жоқ, қазір нарық заманы болғандықтан жастар жалақыға көбірек қызығады. Өзім ҚазҰТЗУ-да сабақ беремін. Шәкірттерім жас болған соң, «Ағай, өндірісте жұмыс істеп көрдіңіз бе? Ақшасы қанша? Бастық болу үшін не істеу керек?» дейтін сұрақтарды жиі қояды. Оларға: «Ғылым деген ұзақ пісетін жеміс секілді. Ұзақ піседі, бірақ жемісті болады. Ал тез пісетін жемістердің дәмі ғылымның жетістігіндей болмайды. Сондықтан өз жұмысыңның рахатын көру үшін көп еңбектену қажет. Өндіріс үшін жұмыс істесең, ақша сен үшін қызмет етеді. Ал сен ақша үшін жұмыс істесең, өндіріс тоқтап қалады», – деп айтамын.

Ғалым белгілі бір уақытта қиялдау керек. Қиялдың істей алмайтын жұмысы жоқ. Қазіргі қоғам ғалымдардың қиялына шек қояды. Егер жаңа технологиялар мен жақсы жаңалықтар көп болсын десек, қиял жетегіндегі ғалымның етегінен тартпау керек. Жаһандық жаңалықтардың жүзеге аспай жатқаны сондықтан. Енді қиял қанатымен ұша бастағанда, күйбең тіршілік етегіңнен тартып төменге түсіріп алады. Бір нәрсені ойлап табу үшін бірінші армандау керек қой. Ұшақ та, көлік те армандаудан пайда болған жоқ па? Арманның бағыты дұрыс болса, еңбектің нәтижесі жемісті болады. Мен бекітпені басқа материалдан ойлап тапсам деген арманның бағытында ұзақ уақыт бойы жұмыс істедім.

Кітап пен кино теория мен практика секілді

Ұлан: Ғалымның бақыты тек ғылымда деген пікірмен келісесіз бе? Тек ғылымның соңынан, қиялдың жетегінде кеткен адам қоғаммен байланысын үзіп алмай ма?

Бақытбек Бектұр: Адамның толыққанды бақытқа қол жеткізуі үшін тек ғылым жеткіліксіз. Алайда, ғылымның өзінен бақыт тауып, оны қоғаммен байланыстыруға болады. Мысалы, мен өзімнің жарымды ғылым жолында кездестірдім. Әйелім екеуміз магистратурада диссертациямызды бірге қорғадық. Қазір екі балам бар. Жұбайым да осы тау-кен саласының маманы болғандықтан, идеяларымды қуаттап, қолдау білдіріп отырады, қолынан келсе ақыл-кеңесі мен көмегін де аямайды. Өмірде әр нәрсе өз уақытымен болуы керек. Мен ғалым екенмін деп зертханада тығылып отырып алмаймын.  Спортпен айналысқанды ұнатамын. Апта сайын достарыммен жиналып футбол ойнаймыз. 3-4 сағатта өз-өзімді ұмытып, артық ойлардан, жағымсыз энергиядан арыламын.

Бос уақытымда тарихи жанрдағы кітаптарды оқығанды ұнатамын. Әдебиетке қарағанда тарихи шығармаларда нақтылық бар. Ғылым нақтылықты талап етеді. Александр Македонский, Шыңғыс хан туралы кітаптарды оқып, артынша фильмін тауып көремін. Себебі әр нәрсе салыстырудан тұрады. Кітап пен кино – ғылымдағы теория мен практика сияқты дүние.

P.S: Бақытбек Бектұр сұхбат барысында бізге тау-кен өндірісі мен ғылымның рөлін барынша түсіндіріп беруге тырысты. Оның бойынан өз ісіне деген ыстық ықыласты байқамауға болмайды. Тау-кен ісін ешкім өзі қалап, таңдап түспейтінін де мойындап отыр. Алайда жақсы ұстаз шәкіртінің осы салаға деген махаббатын оятуға міндетті деп біледі. Біз де сұхбаттан соң әр салада осындай жақсы ұстаздар көп болса, жақсы мамандар көбейе түсетін шығар деген ойға қалдық.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз