Алматыға келген адам Алматыны жақсы көрмеуі мүмкін, алайда Алатауға ғашық болмау мүмкін емес. Шыңдарын ақ қар көмкеріп алақанаттанып жататын Алатаудың қазақ үшін орны бөлек. Алатауды əнге, жырға, күйге қоспаған ақын-жазушы жоқ шығар. Мұқағали Мақатаев Хантəңірін, Сəкен Сейфуллин Көкшетауын, Оралхан Бөкей Мұзтауын шығармаларына арқау еткен.

Менің Алматыда оқуды, Алматыда өмір сүруді таңдауыма басты себеп те осы Алатау шығар. Тарбағатайдың баурайында өскен соң тауға қарап арман-мақсаттарымды айқындайтынмын Себебі, тау – алып. Тау биіктерге жетелейді. Тау арман мен қиялға шақырады.

Өзім өскен соң, тау да өсті. Қазір Тарбағатайға емес, Алатауға қарап бет түзеймін. Суырлы таудың (Тарбағатайды жергілікті халық осылай атайды) шыңдарын оңай бағындырып жүргеніммен, Алматы маңындағы Көкжайлау, Үлкен Алматы көлі, Фурманов шыңы мен Үш ағайынға шығу үшін біраз күш салу керек екенін түсіндім. Алматы маңындағы əрбір тау шыңы мен шатқалына шығудың үлкен мəні бар. Мысалы, Фурманов шыңына шыққандар əткеншек теуіп, сол жерде суретке түсе алады. Көкжайлаудан Алматы алақандағыдай көрінеді. Медеу мұз айдынынан жоғары көтерілген жерде 841 баспалдақтан тұратын биіктікті бағындыру керек. Жергілікті халық бұл баспалдақты «Денсаулық баспалдағы» атап кеткен. Қарап тұрсаңыз, шыңға шығу үшін «денсаулыққа пайдалы» дегеннен басқа себеп те, мотивация да жеткілікті.

Жақында Алатауда тағы бір «мотивациялық орын» пайда болады. Ол – бақылау алаңы. Ол жерден Алматы қаласының жəне таудың көрінісін 180 градуста тамашалап қана қоймай, бақылау алаңында кітап оқып, сурет салып, тамақтанып, шығармашылықпен айналысуға болады. Жақында бақылау алаңын салу туралы идеяның авторы Ғабит Нұрмановтан жоба туралы сұрап білген едік.

Ұлан: Қашан, қай жерде өмірге келдіңіз? Қай салада білім алдыңыз?

Ғабит Нұрманов: Өзбекстанның Ташкент қаласында өмірге келгенмін. Бастауыш сыныпты бітірген соң Қазақстанға көшіп келдік. Бала күнімнен сурет салуға құштар болыппын. Суретшілер мектебінде оқыдым. Кейін Шымкентте дизайнер мамандығы бойынша білім алдым. Қазір дизайн жəне интерьер саласында жұмыс істеймін.

Ұлан: Бақылау алаңын салу туралы ой қайдан келді? Жобаны жасап шығу үшін қанша уақыт кетті?

Ғабит Нұрманов: Алматыға келген сайын тауға шығып тұрамын. Биыл үш рет тау шыңына көтерілдім. Шыңға көтерілетін адамдарға демалатын орын, қала жəне тау көрінісін тамашалайтын жер керек екенін осы кезде түсіндім. Негізі Алматы тауларында бақылау алаңын салу туралы көптен бері ойланып жүр едім. Əне-міне деп жүріп жобаны қолға алғаныма бір ай ғана болды. Алматы тауларында мұндай бақылау алаңы əлі салынған жоқ. Қазір бақылау алаңының жобасы дайын. Тек осы жобаны жүзеге асыру керек.

Ұлан: Бақылау алаңы адамдарға қандай қызмет көрсете алады? Тек демалып, суретке түсу үшін салына ма?

Ғабит Нұрманов: Бақылау алаңына келушілер тек қала көрінісін тамашалап, табиғатты суретке түсіріп қана қоймай, кітапхана бөліміне өтіп, кітап оқи алады. Сондай-ақ, суретшілерге арналған бөлім болады. Өзім тауға шыққанда суретшілерді жиі кездестіретінмін.

Оларға таудың сұлулығын қағазға түсіру үшін жағдай қарастырылмаған. Бақылау
алаңының бір бөлігінде арнайы суретшілерге арналған мольберт құрылады. Тек кəсіби суретшілер ғана емес, бейнелеу өнеріне қызығатын кез келген əуесқой адам да осы жерге келіп, сурет салып, тіпті өзінің аты-жөнін жазып осы алаңға қалдырса да болады. Болашақта осындай суреттерден көрме жасасақ деген ой бар. Жалпы, бақылау алаңы шығармашылық адамдар үшін таптырмас орын болмақ.

Ұлан: Бақылау алаңының биіктігі, қандай дизайнда, қандай материалдан жасалатыны туралы айтып берсеңіз.

Ғабит Нұрманов: Бақылау алаңы үш қабаттан тұрады, əр қабаттың биіктігі шамамен 4 метр болады. Алғашқы қабатта кітапхана, екінші қабатта суретшілерге арналған орын, үшінші қабатта тамашалауға арналған құралдар болады деп жоспарлап отырмыз. Ғимараттың диаметрі 12 метр болады. Бұл қала тұрғындары үшін де, қонақтары үшін де жеткілікті деген ойдамын. Құрылыс материалдарына келетін болсақ, тау климаты мен табиғат жағдайына төзімді жəне экономикалық тұрғыдан тиімді темір жəне бетонды қолданамыз. Тауда түрлі көшкін, сел сияқты табиғат құбылыстары жиі болатындықтан, ең төзімді жəне ұзақ уақыт сақталатын материал ретінде осындай шешімге келдім. Менің негізгі мамандығым дизайнер, ал жасап отырған жобам архитекторлық жоба. Сондықтан, бұл мəселелерді көп зерттеуге тура келді.

P.S. Қазір адамдар əр əрекеттен мотивация іздейді. Өмір сүру үшін де, ұйқыдан тұру үшін де, білім алу үшін де, бір жерге барып келу үшін де мотивация керек. Мотивациясыз ешнəрсе өнбейтіндей болып көрінеді. Үйдегі кішкентай сіңліме қоқыс төгіп келу үшін де мотивация керек екен. Бұл ұғым пайда болмай тұрғанда да адамдарға жақсылыққа ұмтылу, биікке ұмтылу дейтін мақсат болды. Ал тауға шығу үшін, шыңды бағындыру үшін əлі де мотивация іздеп жүргендерге бақылау алаңының салынуы үлкен себеп болады деген үміттеміз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №2
8 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз