Сурет сыры

Ә. Қастеев музей-үйіндегі әйнектелген витринада Әбілхан ағаның  1935 жылы маусымның 24-інде  бір топ комсомол жетекшілерімен, жоғары, арнаулы орта оқу орындары студенттерімен түскен фотосуреті бар. Барлығы тоғыз адам. Бірақ, біреуінің аты-жөні жазылмаған, суреттегі бет-жүзі тырналып өшірілген. Былайғы жұрт мұның себебін білмеуі де мүмкін. Өйткені, музейге келушілердің кейбірі суреттің беті неге тырналғанын сұрап жатады. Ал, маған мұндай суреттің сыры белгілі сияқты.

1980 жылдардың ортасында «Балдырған» журналында қызметте жүрген кезімде белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Аманжолов ағамыз әкесі, әйгілі ғалым Сәрсен Аманжоловтың портретін салып беруімді сұраған еді. Портрет жасауға лайықты фотосуретті таңдау үшін марқұм Алтай ағаның өтінішімен үйінде болып, отбасылық фото-альбомдарын парақтағанбыз. Сонда, ертеде түскен фотоларда бірнеше адамның бет-жүзі осылайша өшірілген екен. Мұндайды бұрын көрмегендіктен мен, Алтай ағадан  неліктен тырналғанын  сұрадым. Сонда айтқаны: 1937-38 жылдары «халық жауы» деп ұсталып, сотталып кеткен жандардың фотосуреттерін сақтаған адамдар да «халық жауына» тілектес деп айыпталған көрінеді. Сондықтан олардың суреттегі бет-жүздерін де, аты-жөндерін де өшіріп тастап отырған. Неткен қатыгез,  үрейлі, опасыз саясат жүргізілген десеңізші…

Міне, Әбілхан ағамен бірге суретке түскен бір топ жастардың бірі, сірә, сол 1937-38 жылдардың зобалаңында репрессияға ұшыраса керек. Содан да бет-бейнесі, аты-жөні де өшірілген болуы керек деп топшылаймыз.

Еркін НҰРАЗХАН

Ә.Қастеев музей-үйініңжетекшісі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз