– 5-сыныпта бір байқауға қатыстым. Ол кезде жеңімпаз болғандарға бағалы сыйлық беретін. Бізге қызығы да сол ғой. Байқауда бас жүлдені жеңіп алдым. Сыйлыққа  кіп-кішкентай самаурын берді. Үйге кіріп келе жатсам, əкем сыйлығымды көріп: «Самаурын – байлық-берекенің, ынтымақ-ырыстың белгісі. Жолың болады екен, қызым. Үлкен азамат боларсың», – деді. Бала көңілім көтеріліп қалды.  Əкемнің жылы сөзінен бе, сол сəттен бастап самаурынды жақсы көріп кеттім.

Бала кезімде үйдегілерді дастархан басына жинап, шай құйып беретінмін. Базарға да сөмкемді арқалап мен баратынмын.  Көршілер анамнан: «Тамара дүкеннен не əкеледі? Сөмкесі ауыр ғой», – деп сұрайды екен. Ауылдың адамдары дастарханға жиналса, буын бұрқыратып, самаурыннан шай ішеді. Маған осы көрініс ыстық. Самаурын жақсылықтың, тоқшылықтың бейнесі секілді.

Самаурынның қалай, неден жасалатынын, ішінде қайнаған судың ерекшелігіне дейін зерттедім. Су 98 градуста қайнайды екен. Бұл адам ағзасына ең пайдалы жұмсақ су. Алғашқы самаурындар жез, мыстан жасалыпты. Ерекшелігі – атадан балаға мұра боп қалуында. Өйткені, жез де, мыс та тозбайтын металдар санатында. Мұражайдан XVII ғасырдағы самаурынды көргенмін. Басқа елдердегі самаурындарға арналған мұражайларды араладым. Бүкіл теңіздің суы сыятындай самаурын көрсем деп армандайтынмын. Ол арманыма жеттім. Самаурынның түр-түрін көрдім, өрнектеп сурет те салдым. Жүзге жуық əртүрлі самаурыным бар. Жезден жасалғанын «жол самаурын» дейді. Бойы кішкентай, жалпақ, бал құятын бөшке сияқты. Бала күнімде сурет салғанды жақсы көретінмін. Кесте тігу, əртүрлі тастардан бейне жасау, киім үлгілерін қиыстырып үйлестіру, ою-өрнекті бағалы тастармен көмкеру, əшекей бұйым үлгілерін жасау – менің сүйікті ісім. Сондай-ақ, қуыршақ жинағанды жақсы көремін. Əр елден əкелген қызыл түсті қуыршақтарым бар. Нумерологияға, яғни сан арқылы (туған күні арқылы) адамның мінезін білу ғылымына қызығамын.

Жазып алған
Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №32
08.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз