Тамара ханым,  соңғы кезде сізге жиі қойылып жүрген сұрақ қандай?

– «Сіз неге қысқа кимейсіз? Неге туфлимен жүрмейсіз?» – деген сұрақтар Инстаграмда көп қойылады. Шынымды айтсам, бұрын осы сөздер маған бағытталған сайын ренжитінмін. Қазір жәй ғана жымия саламын. Менің әр басқан қадамым – физиономиямның, энергетикамның жеңісі. 20 жыл бұрын болған көлік апатының салдарынан қаншама адамның жүрегі, тәні мен жаны шыдамайтын аурулармен ауырдым. Оны басқа адамның түсінуі мүмкін емес, өзгелер түсінуге міндетті де емес. Мен кешкен күйді жұрттың бәрі кешуі тиіс емес… Сондықтан адамдар маған пікір айтқанда, өзіне қарап шүкір етсін деймін.

– Репертуарыңызда жылаңқы, күйрек әндер мүлде жоқ деуге болады. Сізге ұдайы мотивация беретін қандай күш?!

– Маған мотивацияны тыңдармандарым мен айналамдағы адамдар береді. Сахнаға алғаш шыққан кездерде репертуарымда мағынасы тұңғиық, адамды ойлантатын әндер көп болды. Себебі, әр әнші өзінің орындауындағы әні арқылы көңіліндегісін шығарғысы келеді. Алғаш таныла бастағанымда орындаған «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жалғыз досым», «Сол бір қыз» деген әндерім мұңды еді. Сол уақыттарда маған тыңдарманым  көмектесті. Кез келген қиын жағдай болғанда қазақ бөлісуді місе тұтқан ғой. Мен де басымдағы жағдайды бөлісу арқылы, ішкі шер мұңымды әніммен тарқату арқылы дертімнен айықтым  деуге болады. Мен қазір өзімді психологиялық, энергетикалық жағынан айықтым деп есептеймін. Әр күніме шүкір айтып отырамын. Сол себепті де қазір көтеріңкі көңіл-күйдегі жақсы әндер айтқым келеді.

Өміріңізге, ұстанған бағытыңызға әсер еткен сөзді, тұлғаны айта аласыз ба?

–Маған сөзімен энергия беретін жандар – өзімнің әке-шешем. Ол кісілердің айтқанына барлық кезде тоқтаймын. Ата-анамның бір ауыз сөзін жерге тастамаймын. Шешем көп сөзге жоқ, бірақ ел білмейтін мақалдарды білетін,  терең кісі.

 Сіздің психологияны меңгеріп, психологияны оқығаныңызды көп адам біле бермейді-ау осы…

–  Қазіргі қалпыма, жетістіктеріме оңайлықпен жеттім дей алмаймын. Психологияны оқуға да жәйдан-жәй келгем жоқ. Жаратқан менің табиғатыма қызыл тілдің қыранын қондырған. Бала күнімнен ешкімнің үйретуінсіз «байлап сөйлеп», «тайға таңба басқандай»  нық жауап беретін қасиетім болды. Ата-анамның көрегендігі, сосын өзімнің өзіме деген бала көңіл талабым болар, шешен сауатсыз болса, бәдікке айналар деген оймен, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте оқыдым. Әдебиетпен бірге тариxты меңгеру өнердегі жолыма үлкен жетістіктер әкелді. Бірақ белгілі бір деңгейге көтеріле бастағанда, тоқырауды сезе бастадым. Базалық білімімді азсындым ба, әлде жан дүнием бір қорек іздеді ме, әйтеуір түрлі физиономиялық қиындықтардың кезінде 2000 жылдары Мәскеуде жүріп «Псиxология»  деген тұңғиығы көрінбейтін ғылымға ден қойдым. Әртүрлі профессорлардың тренингтеріне, жүргізген лекция, семинарларына қатысу арқылы өз-өзімді іздей бастадым. Психологияны 21 жасымда Санкт- Петербургте оқыдым.  Кейін магистратураны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жалғастырдым. Биыл сол оқу орнында докторантураны аяқтап, псиxология-педагогика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алдым. Психология ғылымын меңгергеннен кейін өмірім қатты өзгерді. Себебі өз-өзіме есеп бере бастадым. Күнделікті тәжірибелер арқылы өзімді жетілдірдім. Оның бәрін бүге-шүгесіне дейін ашып айта алмаймын, бірақ көлік апаты кезінде ұмытып қалған нәрселерімнің барлығын психологиялық реаблитациялар арқылы есіме түсірдім. Психологияны оқу арқылы  көкейімдегі ешкімге айта алмайтын сұрақтарыма жауап таптым.

Өзіңізді қандай жағымсыз әдеттерден алыс ұстайсыз?

Менің бойымда өзім жағымсыз деп санайтын бірнеше әдет болды. Соның бірі  – тез жылап қалатынмын, тез ренжитінмін. Сол әдеттерімді жойдым, ұстамдылық жағдайына жеттім.  Оған жету де оңай болған жоқ. Қазір көз жасыма ерік беретін кездерім азайды. Бұрын біреуге ренжісем, сөйлеспей қоятынмын. Қазір қабылдауды өзгерттім. Ешкімге ренжімеуді, ешкімді ренжітпеуді үйрендім. Адам бойындағы ең бірінші ұнамсыз әдет – біреуді ренжіту, өзгенің көңіліне қарамау. Ал ең жағымды қасиет – өзіңді нәпсіден тыя білу.

Инстаграмдағы парақшаңыздан: «Маған нағыз демалысты дұрыс таңдаған кітабым ғана бере алады… Менің осы жолы оқып жатқан кітабымда кейбір өмір бойы жиған-терген ұстанымдарды жоққа шығаратын қағидалар жазылыпты…» – деген жазбаңызды оқып едім. Ол қандай кітап әрі қандай ұстанымдарыңызды жоққа шығарды?

–  «Ақ желкен» журналының оқырмандарына дәл сол кітаптың атын айтпай-ақ қойғаным дұрыс. Себебі бұл кітапты оқу үшін мен 20 жыл дайындалдым. Енді бой түзеп келе жатқан жасөспірімдер бұл кітапты оқыса, жаңа өмірдің  есігін ашқысы келмей қалуы мүмкін. Өйткені психолог ретінде, философия  докторы ретінде менің өзім оқығанда санамда әртүрлі өзгерістер болды. Сондықтан кітаптың аты құпия болып қала берсін. Ал қазақ әдебиетінен өмірдің қай кезеңінде де оқитын кітабым – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», сосын Шәкәрім атамыздың, Әбіш Кекілбаевтың шығармалары. Фариза апамыздың өлеңдерін қайталап оқып жүремін. Қазіргі ақындардан өте қатты құрметтеп, қадағалап оқитыным – Ақберен Елгезек.

Ағылшын тілінде ойыңызды еркін жаза алатын деңгейдесіз. Тіл үйренуге неше уақыт жұмсадыңыз?

Ағылшыншам студент кезімде өте жақсы болатын. Кейін көлік апатынан кейін білетін ағылшыншамның бәрін ұмытып қалдым. Бірнеше жылдан кейін ағылшыншамды есіме түсіру үшін Англияға бардым, ағылшынша кітаптар оқыдым. Алайда, есіме түсіре алмадым. Магистратураға дайындалған кезде ағылшыншаны үйренуге білек түре кірісіп, бірнеше ай Англияда тұрып, сол кезде  үйреніп келдім. Докторантураға тапсырарда Қамбар екеуміз Англияға үш айға оқуға барып, шындап кірістім. Қазір ауызекі ағылшыншам керемет дей алмаймын.  Әйтеуір нан, шәйімді сұрай алатын шамадамын, ал грамматикам жаман емес.

Қамбар жайлы айтып қалдыңыз, биыл ұлыңыз 11-сыныпты бітіреді. Қандай мамандық иесі болуға дайындалып жүр?

Қамбар спортқа өте жақын, дене шынықтыруды жақсы көреді. Сондай-ақ, логикалық ойлау қабілеті жақсы. Психология ғылымына қызығушылығы  бар. Ол менен берілді ме, білмеймін. Тілді меңгеруі де жақсы. Орысшасы таза, ағылшыншасы менікінен мықты. Әзірге кім болатынын нақты шешкен жоқ, маркетология саласының маманы болсам деп ойланып жүр. Алда таңдауын өзі жасайды.

– Самаурыннан бөлек, қуыршақ жинайтын да әуестігіңіз бар екен.

Қуыршақ жинағанды жақсы көремін. Қуыршақтарды жәй ғана жинамаймын, жұп-жұбымен жинаймын. Онымды барлық таныстарым мен достарым біліп алған. Жақында сондай бір жұп қуыршақ Бакуден сыйға келді. Барған жерімнен қуыршақ іздеп кететінім бар.  Қолдан жасалған, сапалы, әр ұлттың өзін таныстыратындай  қуыршақ кездессе,  сатып аламын.

– Дәл қазір сіздің ұғымыңызда бақыт деген не?

– Менің ұғымымдағы бақыт – өз-өзіме риза болу, осы күніме разы болу. Бақыт деген жақсы, әдемі эмоциялардан құралатын құбылыс дер едім. Ал эмоцияны сыйлайтын сенің айналаң…  Біз де айналамызға сәулемізді шашып, жақындарымызға жақсы әсер сыйлап жүруіміз керек.

Әңгімелескен Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз