Талшынды достары сырттай көп мақтайды. «Талшын жан-жақты, айналасына позитив сыйлап жүреді», «Шетелде оқып келген білікті экономист, креативті жастардың бірі» деседі. Сол мақтау сөздерге сендік те, пысық қыздың өзімен танысқымыз келді. Айтпақшы, былтыр Əлібек Нұркешпен («Шварцманның жүздігіне іліккен Əлібек», №6, 09.02.2016, www.zhasorken.kz) осы қыздың себепкерлігімен танысқан едік. Екеуі бір оқу орнында оқыған достар ғой. Бір жылдан соң Талшынның өзімен де жүздестік. Алдымен əлеуметтік желідегі парақшасымен таныстым. Бұл жақта тым белсенді екен. Аудиоблогтар жүргізеді. «Оның энергиясын көрсеңіз…» деген достарының сөзі еріксіз ойға түседі. Талшын бір ай бұрын ғана АҚШ-тағы оқуын сəтті аяқтап, елге оралды. Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу университетінің оқытушысы қызметіне орналасыпты. Шетелде оқыған жастардың дені жалақысы жоғары шетелдік компанияны қарастырушы еді. Талшынды педагогикаға əкелген өз қызығушылығы ма екен, əлде?..

Талшын: Мектепті «Алтын белгіге» бітірдім. Оқушы күнімде бүкіл сыныптасым сабақтың бəрін тек «5»-ке оқыса деп армандайтынмын (күліп). Педагогикаға сол бала күннен-ақ қызықтым. В.А.Сухомлинский секілді педагогтардың талай кітаптарын оқыдым. «Оқушыларды сабаққа қалай ынталандыруға болады?» деген сұрақтар бойынша ізденетінмін. Ал, сыныптастарым менің алғашқы педагогикалық тəжірибеме біраз сеп болды (күліп). Сабақтың соңында жиі алып қалатынмын. Мектепте түрлі шараның басы-қасында жүретінмін. Содан анам: «Көпшілікті ұйымдастыруға шеберсің, табиғатыңа менеджмент саласы жақын сияқты», − деді. Содан Қазақ-Британ Техникалық университетінің менеджмент мамандығына оқуға түстім. Бұл оқу орнында бəсеке жоғары болатын. Топтың жартысынан көбі «Алтын белгі» иегерлері еді. Бір күн сабақтан қалсаң, көп нəрседен кейіндеп қалатынсың. Белсенді студент болғым келіп, «Азамат» пікірсайыс ұйымына да мүше болдым.

Мен «Болашаққа» тапсырған жылдары «Ағымдағы жылдың түлегі» деген категория болатын. ҚБТУ-мен келісімшартым болды. Яғни, оқу бітіріп келген соң, осында кемі бес жыл қызмет жасауым міндетті. Ал қазір екі оқу орнын біріктірді емес пе? Міне, бір жағы келісімшарт, бір жағы бала күнгі ұстаздық жолға қызығуым осы күнге жеткізді.

Иə, «Шетелдік бір компанияда экономист болуың керек» дейді көп досым. Алайда, мен жақсы педагог болғым келеді. Шетелден үйреніп келгенімді қазақтың балаларына үйреткім келеді. Əйтеуір бір пайдам тиюі керек қой.

Ұлан: Шетелге оқуға баруыңызға не себеп болды?

Талшын: Менің өзіме деген талабым жоғары. Қиналатынымды білсем де, «Талшын, ол саған керек, сонда бар, соны істе!» деп, өз-өзімді желкелеймін де жүремін (күліп). Не əсер етті дейсіз бе? 2-курс оқып жүргенімде ағылшын тілі пəнінен «C» бағасын алдым. «Енді қызыл диплом ала алмайтын болдым» деп уайымдадым. Бір апта депрессиялық күйге түстім. Бір күні: «Талшын, бір рет төмен баға алдым екен деп, өмірің тоқтап қалды ма?! Бұл сені қайта қамшылай түсу керек қой!» – дедім. Сөйтіп, өз мақсаттарымды қайта қарастырдым.  Сабаққа да, пікірсайысқа да үлгеруім қажет дедім. Үшіншіден, өз салам бойынша халықаралық бір конференцияға қатысуым керек деп шештім. Нəтижесінде барлық пəннен жоғары ұпай алдым. 3-курста Экономика министрлігі мен «Болашақ» ұйымының ұйымдастыруымен «Жас сарапшы» деген республикалық сайысқа қатысып, марапатталдым. Пікірсайыстан екі кубок иелендім. Енді қалған бір пункт бар емес пе? Германияда студенттерге арналған «World Business Dialogue» атты конференция өтеді екен. Бұл бизнес саласы бойынша студенттерге арналған ең жақсы конференция деп естідім. Өтініш бердім. Он күннен соң: «Сіз өтініш білдірген 2500 студенттің ішінен іріктеуден өткен 300 адамның бірісіз, сондай-ақ, баяндама жасайтын үздік 30-дың қатарына ендіңіз», − деген хабарлама алдым. Ең қызығы, ол 30 студент жеке-жеке баяндама жасамайды екен. Дүниежүзінің 30 елінің 30 студентін 5 адамнан 6 топқа бөліпті. Мен Дания, Иордания, Үндістан, Қытай елінің студенттерімен бірге бір тақырыпқа дайындалып баруым керек болды. Қалған 300 қатысушыдан 30 студент Кельн қаласына сəл ертерек бардық. «Shared Economy» атты тақырыпта презентация жасауға əзірлендік. Тақырып мəнісі – ысырапшылықты азайту. Бұл жобамыз балалардың киіміне қатысты болды. Конференцияда ешкімге орын берілмейді. Бастысы – тəжірибе, шетелдік əріптестермен бір топта жұмыс жасай білу. Бұл 2013 жылы 4-курста оқып жүрген кезім болатын. Шын мəнінде, ол кезде ағылшын тілін аса жақсы білмейтінмін. Ағылшынша сөйлегендердің бір сөзін түсінсем, бір сөзін ұқпайтынмын. Конференцияға барып келген соң, «мен ағылшын тілін жетік меңгеріп, шетелдіктермен тең дəрежеде жұмыс жасай алуым керек» деген мақсат пайда болды.

Ұлан: АҚШ-қа барған соң ортаға бейімделуге қанша уақыт кетті?

Талшын: Алдымен Филадельфияда Пенсильвания университетінде бір жыл тілдік курс оқыдым. Сосын Оңтүстік Калифорния университетінде екі жыл магистратура бойынша білім алдым. АҚШ-қа алғаш барғанда тіл жағынан қиналдым. Талай жиынға барып, түк түсінбей, миыма салмақ салып қайтатынмын. Солай-солай, еркін сөйлеп, оңай түсінетін дəрежеге жеткенімді байқамай қалдым. Өзіңді сəл-пəл қинамасаң, жетістікке жете алмайсың. Америкада экономика біздегідей бизнес емес, ғылым саласына қарайды. Сол себепті, АҚШ-та экономика көбіне PhD дəрежесінде оқытылады. Қызығы, АҚШ-та бакалавриаттан кейін бірден PhD-ді оқи аласың. Ал магистратура бойынша оқытатын оқу орны санаулы ғана. Сондықтан, менің таңдауым шектеулі болды. Мен Бостон жəне Оңтүстік Калифорния университетіне тапсырдым. Екі оқу орны да мені оқуға шақырды. Таңдауым Калифорнияға түсті. Себебі, мəдениеті, табиғаты қызықтырды.

Ұлан: АҚШ-қа магистратураға тапсыру үшін қандай басты емтихандар бар?

Талшын: GRE, IELTS немесе TOEFL емтихандары, мотивациялық хат, өзің оқыған ЖОО-дағы профессорлардан ұсыныс хат қажет. Біздегі бакалавриатта оқыған оқу мен ол жақтағы бағдарламаның айырмашылығы көп. Сол себепті, бірінші семестрде бұрын оқымаған пəндерді өз бетімше оқуыма тура келді. АҚШ-та менің бірге оқитын тобым болған жоқ. Əр студенттің жеке эдвайзері болды. Міндетті деген төрт пəн бар. Қалғанын өз қалауымша таңдадым. Мəселен, мен бизнес мектептен «Big Data Analytics» сабағын таңдадым. Бұл жерде сабақтар тек теория жүзінде өтпейді. Компаниялармен тəжірибелік байланыс бар. Жұмысқа қалай орналасудан бастап, қызметкердің бір күндік жұмыс графигі қандай болу керектігіне дейін үйретеді. Мұның арқасында оқу бітіре сала тəжірибелі маман болып шыға аласың.

Ұлан: Əлеуметтік желіде өте белсенді екенсіз. Сайтыңызды көрдім. Аудиоподкасттарыңызды тыңдадым…

Талшын: Бір жылдай əлеуметтік желіде «үндемедім». Бірақ, жұртпен бөлісер ойларым бар екен. Содан видеоблогтан бастадым. Алайда, камераның адамы емес екенмін (күліп). Сөйтіп, аудиоблогтарға ауыстым. Жастарға, жеткіншектерге мотивация бергім келеді. АҚШ-тан Қазақстанға оралар сəтте микрофон сатып алғаным жақсы болды (жымиып). Talshyn.com сайтын ашқанмын. Фейсбук жəне Вконтакте желісінен «Тамаша жыл» деп терсеңіздер, мені табу оңай. Телефондарыңызға «подкаст» қосымшасын жүктеп алсаңыздар, өздеріңізге керек көптеген қосымшаларды таба аласыздар.

Ұлан: Мақсаттарыңызды оқыдым, біздің оқырмандарға бөлісесіз бе?

Талшын: Биылғы жылғы мақсаттарым аса ерекше емес. Біріншіден, маман ретінде қалыптасу қажет. Қосымша табыс көзін табуым керек. Сосын спортқа көңіл бөлсем деймін. Қолмен жүріп үйренуді, Алматы марафонына қатысуды мақсат етіп отырмын. Саяхатқа келсек, алдағы жазда Парижге барғым келеді. Сондай-ақ, Қазақстанның Оңтүстік аймағын араласам деймін.

Ұлан: Бір айдан бері студенттерге дəріс беріп жүрсіз ғой. Студенттеріңізге қатысты не айтар едіңіз?

Талшын: Біздің елде студент пен оқытушы арасында бір үлкен дистанция бар. Мен еркін сөйлескім келеді. Солайша, шəкірттерімнің дəрісті дұрыс түсінуін қалаймын. Бағаға бола оқуға келмеу керек. «Сендер маған емес, мен сендерге қызмет етемін» деймін. Презентацияны маған бола қорғайтын сияқты. Тіпті, бақылау жұмысын жазатын болсақ та, «апай, қандай параққа жазуға тиіспіз?» деп сұрайды. «Қандай параққа жазғаның емес, не жазғаның маңызды» деймін.

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №9

28.02.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз