Қазақ киносы тағы бір фильммен толыққанын естісек, комедия түсірген шығар деп түйеміз. Жаңа кинокомедиялардың көптігі сондай, атын да, затын да, фильмде айтылған əзілді де жылдам ұмытып қалатын болдық. Ұмытылмайтын комедия дегенде есімізге «Біздің сүйікті дəрігер» мен «Тақиялы періште» түседі. Қанша жыл өтсе де қайталап көруден жалықпайтын, əзілдері де, актерлері де елдің есінде мəңгі сақтаулы туындылар ғой бұлар!

Араға жарты ғасыр салып, «Тақиялы періштедегі» Тайлақ экранға қайта оралды. Жаңа оқиғамен, жаңа тақиямен. 31 қаң- тардан бастап «Тайлақтың тақия- сы» фильмі үлкен экранға шықты. Шəкен Аймановтың КСРО кезінде түсірген туындысы көптің көзайымына айналғаны белгілі. Киноклассиканың жалғасы туралы көрермендер мен мамандардың пікірі əртүрлі.

Фильмнің жалғасы түсіріліп жатқаны туралы ақпаратты осыдан төрт жыл бұрын естіген едік. Жақында фильмнің тұсаукесері болатынын естіп, қуанып қалдық. Режиссері қырғызстандық Найзабек Сыдықов екенін естігенде, Шəкен Айманов түсірген туындының деңгейінен шыға ала ма екен деген күдік те басым болды.

Фильмнің түсірілімі неге ұзаққа созылғаны туралы сұрағанымызда, бас продюсер Құсман Шалабаев: «Тұсаукесердің осы уақытқа сəйкес келуінің өзіндік себептері бар. Жыл мезгілі мен ауа райының ыңғайсыздығы, сценарийдің талқылануы, сондай-ақ мерейтойлардың осы жылға тұспа-тұс келуі əсер етті. Шəкен Аймановтың «Тақиялы періштесінің» шыққанына биыл 50 жыл, фильмде басты рөлде ойнаған актриса Əмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақстанның халық əртісі Əмина Өмірзақованың мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту жоспарланған. «Тайлақтың тақиясы» біздің тартуымыз болсын деп ойладық», – деп жауап берді.

Фильмнің жабық көрсеті- ліміне келген қонақтарға 200-ден астам тақия таратылды. Əлі жарын кездестірмей жүрген жігіттер Тайлақтың тақиясын ырымдап киіп жатты. Құсман Шалабаев журналистерге Тайлақтың оқиғасы мен тақиясын жаңғырту туралы ой қайдан туғанын айтып берді:

– Фильм түсірудегі басты мақсат – «Тақиялы періштеде» Тайлақтың рөлін сомдаған, қазір сексеннен асқан ақсақал Əлімғазы Райымбековтің бейнесін көрерменмен қайта қауыштыру. Екінші бір ойымыз тақияны таныту болды. Бабаларымыз «басыңнан бақ кетпесін» деп тегіннен-тегін айтпаған болар.

Жаңа фильмнің атауы – «Тайлақтың тақиясы». Басты рөлде жасы келген тақиялы Тайлақ. Жасы отыз бесте емес, сексен бесте. «Тақиялы періштеде» Тайлақтың анасы келін іздесе, жаңа фильмде Тайлақтың өзі немересі Аңсарға лайық қалыңдық іздейді.

«Немереңе қалыңдық іздеген қиын əрі қызық шаруа екен. Ана қыздың артынан бір жүрем, мына қызды бір аңдимын. Біреуі шылым шегеді, біреуі орысша сөйлейді», –дейді Əлімғазы ата.

Фильм осылайша қоғамдағы кейбір мəселелерді де көтереді. Оқиғаның қалай өрбитінін алдын ала біліп отырсақ та, Шəкен Аймановтың фильмінің жалғасы болғандықтан шеберлік күттік. Бірақ, болмады. Актерлерге кəсіби шеберлік жетпей қалған сияқты. Жасыратыны жоқ, кей тұста «қап- ай, ə!» деп саныңды соғып, кейде орныңнан тұрып кеткің келеді. Көрсетілімнен соң фильмдегі режиссерлік қателіктер туралы Асанəлі Əшімов орынды сын айтып, көңілдегімізді дөп басты.

Дегенмен, фильм сондай жылы, атыс-шабыс, артық проблема жоқ. Ауылдың тыныс- тіршілігін əдемі жеткізген. Отбасылық құндылықтарды да көрсете білген. Көрерменнің көпшілігі киноға Тайлақ атаның бейнесін көру үшін баратыны анық. Біз де сол үшін бардық. Арамызда осындай тақиялы періштелер, айтары бар ақсақалдар көп болса, кейбір мəселе шешімін оңай табар ма еді деген оймен қайттық.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз