Ақнұр Жидебекқызы – əлеуметтік желінің белсенді қолданушысы. Жазғандарын қызығып оқитын оқырманы да жетерлік. Kazakh_traveler деген атпен тіркелген парақшада саяхат пен білімге қатысты пайдалы мəліметтер толып тұр. Оқыған сайын қызығасың. «Біз əлеуметтік желіні тиімді пайдалана алып жүрміз бе?» деп ойланасың. Əр жазбасын мөлдіретіп жазатыны соншалық, оқып отырған еліңе барып-қайтқандай боласың. Саяхатқа қызығатындар Ақнұрдың парақшасына бір бас сұғып шықса, көп жағдайға қанық болар еді. Кейіпкеріміз əңгімесін ең алғашқы саяхаттаған елінен бастады.

– Бірінші рет шетелге 2009 жылы шықтым. Алғаш барған елім – Қырғызстан. Университетте оқып жүргенде 1-курстың үздік пікірсайысшыларға берген жолдамасымен Ыстықкөлге табаным тиді. Араға біраз уақыт салып, магистратурада оқып жүргенімде Италия мен Испанияны көрудің сəті түсті. Осы екі ел саяхаттауға құштарлығымды оятты. Мəңгі қала Рим, Италия маржаны Венеция, сəн мен сауда отаны Милан, Каталонияның орталығы Барселона, патшалық Мадрид – барлығы жас санаға өшпестей із қалдырды. Алған əсеріміздің буы басылмай тұрғанда «Қазақ географиялық қоғамы» жариялаған «Саяхатшы күнделігі» атты сайысқа қатыстым. 50-ге жуық жұмыстың арасынан Италия мен Испания туралы жазбам 2-орынға ие болып, Canon кəсіби фотоаппаратын сыйға алдым. Қазір əр сапарымда серігім болып жүрген Canon əдемі суреттер түсіріп үйренуге түрткі болды, – дейді білім ала жүріп саяхаттайтын бойжеткен.

– Шетелге саяхаттап бару мен ол жерде өмір сүру мүлдем екі бөлек нəрсе. Көбіне біз қысқа мерзімге саяхаттап барамыз да, жергілікті халықты толғандыратын мəселелерді көріп үлгермейміз. Орталықтағы қонақүйде тұрып, мейрамханадан тамақтанып жүргенде барған еліңізде барлығы керемет болып көрінуі мүмкін. Алайда, кез келген елдің түйткілді мəселесі болады. Мысалы, Ұлыбританияда жылжымайтын мүлік бағасы өте қымбат, үй алу мүмкін болмағандықтан жастар шетелге көп кетеді. Испания, Италия, Грекияны жұмыссыздық жайлаған, халықтың билікке наразылығы жоғары. Чехия əлемде сыра ішуден алдыңғы орында жəне халықтың басым көпшілігі атеист. Осындай мысалдарды жіпке тізе берсең көп… Шетелде өмір сүріп көргіңіз келсе, Инстаграмдағы əдемі суреттерге емес, объективті ақпаратқа жүгінген дұрыс. Əйтпесе «пəлен жерде алтын бар, іздеп барсаң мыс та жоқтың» кері келуі мүмкін. Екінші мəселе – көп адамның баратын елінің ішкі заңдарынан бейхабар болуы. Бара жатқан елдің заңы, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпына ең болмағанда қысқаша шолу жасап өту керек. Бұл да талай оқыс оқиғаның алдын алады. Мысалы, Сингапурдың шегарасынан өтерде қолыңызға қызыл түсті жазуы бар ескерту қағазын ұстатады. Ол жерде «Сингапур заңдарына сəйкес есірткімен ұсталған адам өлім жазасына кесіледі» деп жазылған. Бүкіл мемлекеттің территориясында сағыз шайнауға тыйым салынған. Кез келген құқық бұзушылық үшін үлкен көлемде айыппұл салынады. Қысқасы, мұндай қатаң тəртіпке іштей дайын болған абзал. Тіл біліп, заң бұзбай, жергілікті тұрғындарды құрметтеп, іс-əрекетіңізге жауапкершілікпен қарасаңыз, шетелде өмір сүру еш қиындыққа соқпауы тиіс, –  дейді Ақнұр.

Саяхаттағанды ұнатпайтын адам жоқ шығар?!. Алайда оны екінің бірінің қалтасы көтермейді ғой. «Қаржы мəселесін қалай шешесіз?» деген сауал тіл ұшына орала кетті. Ал Ақнұрдың əңгімесінен аз ақшамен де көп елді аралауға болатынын аңғардық:

– Жасырмай айтайын, оқу не жұмыс бабымен саяхаттайтын болғандықтан, университет, гранттық жоба не халықаралық жоба бюджеті есебінен қаржылай көмек болады. Бірнеше рет өз айлығымды жинап, саяхаттадым.

Қазақ жастарының саяхаттауға, ел-жер көруге ұмтылысын естігенде қуанамын. Ертерек қамдану маңызды. Ұшақ билетін бірнеше ай бұрын алсаңыз əлдеқайда арзанға түседі. Тиімді бағадағы қонақүйге де ертерек бронь жасау қажет. Оңтайлы маршрут іздестіргеніңіз жөн. Еуропа территориясына кірген соң, бір сапарда бірнеше елді не қаланы көруге болады. Өз тəжірибемнен айтатын болсам, Германия – Австрия – Чехия бағытын үйлестіруге болады. Арзан бағаға жергілікті тұрғындардың пəтерін жалдауға болады. Бағасы қонақүйден төмен. Қонақүйде тұруды қаласаңыз, орталықтағы туристік аудандардан емес, сол жерге жаяу 20 минутта баруға болатын радиусты қараған жөн. Қалтаңызға қарай арзан бағада билет сататын əуе компанияларының тізімін жасаңыз. Лоукостерлер – арзан бағамен билет ұсынатын əуе компаниялары. Лондоннан Мюнхенге 10 мың теңгеге ұшып баруға болады, есесіне ыстық тамақ, үлкен көлемдегі багаж сияқты қосымша қызметтер жоқ. Сол себепті билет арзанға шығады. Қазір Қазақстан нарығында да Венгрияның лоукостері – Wizz Air компаниясы қызмет етеді. Астанадан Будапештке барып келу небəрі 50 мың теңге шамасында. Тамақты супермаркеттен алып, үйде дайындап ішкен кафеде тамақтанғаннан арзан болады. Туристер көп жүретін аудандарда тағамның да бағасы қымбат болатынын түсінген жөн. Алдын ала форумдар мен блогтарды оқып, баратын еліңізді зерттеу маңызды. Қай жерде киім қымбат, қай базардан жеміс алған дұрыс, ақша айырбастағанда алдап кететіндер кімдер, қай жерде тегін музейлер мен көрмелер бар екенін біліп алсаңыз, саяхатыңыздың сəтті болуына əсер етеді.

Саяхатта үйренгенім – жауапкершілік

– Əр сапар – өз алдына бөлек дастан. Оқуға не жұмысқа қажетті білімнен бөлек, саяхат барысында адам рухани азық жинайды, ой-өрісі кеңейеді, өмірге құштарлығы артады. Өзге елдің мəдениеті мен тұрмыс-тіршілігін көру де үлкен тəжірибе. Кей дүниелерге қарап, «шіркін, бізде де осындай болса ғой» дейсіз, ал кей сəтте өз еліміздің жағдайына шүкіршілік етесіз. Саяхатта жауапкершілік пен өзіңе деген сенімділікті үйренесің. Қазақстан шегарасынан өткен соң үйден кеткендей сезімде боламын. Басқа елде біз бөтенбіз, басқа елдің азаматымыз. Шет елде қонақта жүргендіктен əр сөзіңіз бен ісіңізге ұқыпты болып, туған жеріміздің абыройын түсірмей жүру қажет. Шетелдіктер бізді көргенде көбінесе қытайлармен шатастырады. Біраз азиялық ұлттарды тізіп шығады. «Мен – қазақпын! Қазақстан деген ел бар» деп түсіндіреміз. Ағылшындар BBC телеарнасы арқылы Елбасымыз бен Астана туралы, Байқоңыр, EXPO, мұнай, бүркіт туралы біраз мəлімет жинақтаған. Еуропада Головкиннің жанкүйерлері аз емес. Бірнеше рет шетелдік мəдени орталықтарда еліміз туралы презентация жасадым. Табиғатымызды көріп, «Жаңа Зеландиядан кем емес екен!» деп таңдай қаққандар болды. Тосыннан қойылатын сұрақтар да болады. Бір кісі: «Сіздердің елдеріңізде машина бар ма?» – дегенде не күлерімді, не жыларымды білмедім, – дейді осы күнге дейін 18 елде болған бойжеткен.

Ақнұрдың əлеуметтік желіні өте ұтымды пайдаланатыны қуантады. Қатарлас құрбылары секілді селфи жасап, фото жүктемейді. Жазғандарын қызығып оқи бергің келеді. Барлық жазбасы шынайы жəне əсерлі. Жазбаларының арасынан өзінің фотосын кездестірмейсіз. Əдемі көшелер, қарасаң көз талдыратын теңіз бен табиғаттың тамашасы көп. Оның да мəнісін айтты:

– Əлеуметтік желіде танымал болайын деген мақсатым болған емес. Басында əлемнің əдемі жерлерінің суретін жинақтаған парақшам қазір саяхат жазбаларына арналған күнделік іспетті. Оқырманым көбейген сайын, жауапкершілігім артты. Ракурс таңдау, суретке түсіру мен өңдеу сияқты дүниелерді үйрендім. Қайда қарасам да, тек сұлулықты көруге тырысамын. Жəне сол сұлулықты бөліскім келеді. Инстаграм қолданушыларына келесідей кеңес берер едім:

Сторизді сауатты пайдаланып, 16:9 форматындағы суреттерді толық жариялауға болады. Ара-тұра сауалнама жүргізіп тұрсаңыз да аудиторияға қызық болатыны анық;

Жазбаны салмас бұрын бір тексеріп шығуды əдетке айналдыру керек. Сауатсыздыққа жол бермеңіз! Себебі грамматикалық қателер көзге түрпідей тиеді. Ал «қазақша клавиатурам жоқ» деген сылтаумен «қ», «ү», «ұ», «ө» сияқты əріптерді бұрмалап жазуды оқырман жақтырмайды;

Жазбаны салатын уақытты дұрыс таңдау маңызды. Инстаграм алгоритмі бойынша, суреттіжариялағаннан кейінгі бір сағаттың ішінде ол аудиторияңыздың тек бір бөлігіне, айталық 10%-ына ғана көрінеді. Осы бір сағатта көп адам лайк басып, пікір қалдыратын болса, пост қызық деп есептелініп, басқа да оқырмандарыңызға көріне бастайды. Сондықтан ел қалың ұйқыда жатқан түнгі үште немесе жұмысқа асығып бара жатқан таңғы 8-де жазба салудың қажеті жоқ.

Ең маңыздысы парақшаңызды жүргізу өзіңізге ұнау керек. Энтузиазм, ынта, табандылық болған жерде ғана табысқа жетуге болады.

Алғаш рет Стамбұлға саяхаттап бардым. Бұл қаланың сұлулығын көпке дейін ұмыта алмадым. «Екінші мəрте көруге келемін» деп кеттім. Ал Ақнұр қуана-қуана қайтып баратын елдердің қатарына Ұлыбритания, Италия, Франция, Швейцария жəне Түркияны жатқызады екен. «Англияда үш ай болсам да, тағы барғым келетін жерлер өте көп. Елдің əр тасы тарихқа толы. Италияда Тоскана аймағын, Францияда Эльзасты, Швейцарияда сұлулығына көз тоймайтын тауларды көргім келеді. Стамбұлдың көшелерін жаяу аралап шығу – арманым. Нақты несімен ұнағанын бөліп айту қиын. Бұл мемлекеттерге ортақ нəрсе – сол жерде жүріп өзімді қалай сезінгенім. Кеудені қуаныш кернеп, жаның рахаттанған, айналадағы сұлулыққа тамсана қарап, еріксіз күлімсіреп жүрген сəттер ұмытылмайды. Бəлкім, сол себепті қайта барғым келетін шығар?!» – дейді Ақнұр. Мұндайды армандайтын адам мақсатына жетпей тынбасы анық. 

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №26
26 маусым 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз