Егіздерді көрсек, «ой, қандай сүйкімді, қарашы!» деп мəре-сəре болып қаламыз. Қуанышты екі еселейтін егіздерге назар аудармайтын жан кемде-кем шығар. Ал үшем немесе төртем көргенде, қызығушылық екі есе артады.

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз туылғанда ақпарат құралдары сүйіншілеп, телеарналар мен газеттер жарыса көрсетіп, жазып жатты. «Алматылық  жас отбасы Қанат пен Баян үш ұлдан кейін төртемді дүниеге əкелді. Олар ЭКО əдісіне жүгінген жоқ»… Міне, осындай ақпараттар өмірде ғажайыптың болатынына мысал ретінде шəй үстінде де жиі айтылып жүрді.

Екі жыл бұрын елді елең еткізген төртем қазір қалай өсіп жатыр? Біз жақында оларды арнайы іздеп бардық. 

Балаларды балабақшаның алдынан күтіп алдық. Диасыл, Адиля, Амира, Аяжан… Бір ұл, үш қыз. Бауырмал екен. Жатырқамай, құшағыңа құлай кетеді. Үйге табалдырықтан аттай бергенде, қыздар аяқ киімін өздері шешіп, бір шетке жинап қойып жатты. Аналары Баян: «Қыз бала бəрібір ұлға қарағанда пысық болады екен. Диасылымыз аяқ киімін біреу келіп шешіп бергенін күтіп тұрады», – деп күлді. «Енді үш қыздың ортасындағы ханзада ғой» деп біз де ақтай кеттік. Расында, төртемде төрт түрлі мінез. Диасыл қыздарды бастап жүреді екен, не істесе де бірінші болғысы келетін сияқты. Содан-ақ «бұл отбасында ер азаматтың мерейі үстем екен» деп ой түйдік. Баян бізге əңгімесін айтып жүріп, əп-сəтте дастарқанын да жайнатып тастады. Жұмыстан келген отағасы Қанат та келе сала балалардың жағдайын жасауға кірісіп кетті.

Көп отбасында ері жұмыстан келгенде, əйелі балалардың дымын шығармай отыруға міндетті сияқты жазылмаған заңдылық қалыптасып қалған. Диванға шалқая кетіп, қолына пультті ұстап, алдына тамақтың келуін күтіп отыратындар жетерлік. «Менің міндетім, сенің міндетің» деп санаспағаннан да бұл отбасына осындай көпбалалы болуды нəсіп еткен де шығар. Балаларының қолын жуып, тамақтандырып жүрген ата-анаға қарап соны ойлап кеттік.

Қанат мамандығы бойынша мұнай-газ саласының маманы екен, бірақ қазір жеке кəсіпкер. Ал Баян болса, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген экономист-заңгер. Қазақтың осындай зиялы отбасымен танысқанымызға қуандық. Əдетте үшем, төртем туылған отбасылар туралы сөз еткенде, тұрмыстың азабына шағымдар жиі айтылады. Бұл отбасы ешкімнен ештеңе сұрамайды. Дегенмен, мектеп, балабақша жасындағы балалардың қажеттілігін тауып беру де оңай емес. Төртемдермен суретке түсіп жатқанымызда, қыздар бір-бірін камераға қарату үшін «ку-ку» деп ыммен түсіндіріп жатыр. «Мына қыздар дайын модель ғой» деп күлдік. Балалар киімін сататын дүкендердің жарнамасын жасауға жарап-ақ тұр екен! Иə, жақсылық жасаудың, балаларды қолдаудың бұл да бір жолы.

Елбасы айтқан «Жүз жаңа есім» жобасында Баяндай батыр аналардың есімі тұрса қанекей! Көктем сайын Президентпен кездесуде «жұлдыздар» ғана емес, Баян сияқты аналар тəлімімен үлгі боп жатса, жарасып тұрады емес пе?!

Баян балалармен жағаласып жүріп, қазанның отын да маздатып қойып, арасында біздің сұрағымызға да жауап беріп үлгеріп жатыр. Іштей «Міне, батыр ана деген осындай болса керек!» деп қоямыз. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен ґлемді тербетеді деген рас екен ғой» дейміз тағы. Төрт бала тұрмақ, бір бала бағудың өзі оңай емес. «Бір бала бір кемпірді өлтіріпті» дейтін бала тґрбиесі туралы сөз еткенде шешеміз. «Төрт баланы бірден дүниеге ґкелу, ґрине, Алланың керемет сыйы. Бірақ, қиыншылығы да көп», – дейді Баян ойымызды қостағандай. Сосын біз де Баянға сұрақтарымызды тез-тез қойдық, жұмысына кедергі келтіргіміз келмеді.

– Өзіңіз егіз болса деп армандаушы ма едіңіз? Əулеттеріңізде егіз бар ма?

– Əрине, кез келген қыз бала егізі болғанын қалайды деп ойлаймын. Өзімнің туған ағам мен əпкемнің отбасында егіздер бар. Оларда егіз болғанда ерекше қуандық. Содан кейін бе, менде егіз болады деп ойламаппын. Өйткені, үш ұл өсіріп отырғасын тек Алланың бергені болар деп, жоспар да құрмадық. Бір қызығы, менің отбасымда əкем жалғыз ұл, анам үлкен əулеттің ішінде ұлдардың арасында өскен жалғыз қыз болған. Əкем Абдуллин кезінде Қаратау, Жаңатас қалаларының құрылысына атсалысқан құрылыс басшысы болған. Анам да мен секілді «Алтын алқа» иегері. 7 баланы өсіріп-тəрбиелеген, 40 жыл өскелең ұрпақтың сауатын ашқан ұлағатты ұстаз, Қаратау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері еді… Жаңа жылдың алдында анам өмірден өтті… Өкінішке қарай, өзінің жолын қуып ұстаз болған қызының, яғни əпкемнің «ЖОО үздік оқытушысы – 2016» медалін алғанын, ағамның отандық кəсіпкерлер арасында «Өз саласында алтын кəсіпкер – 2016» атанғанын, менің көпбалалы ана ретінде «Алтын алқа» таққанымды, яғни балаларының алтындатып жеткен жетістіктерін көре алмады… Менің медаль алғанымды қатты күтіп еді. «Алтын алқаны» бала бір жастан асқанда ғана береді екен. Ал жолдасым отбасында екі қыз, екі ұл болып өскен.

– Үйдің тұңғышы қанша жаста?

– Үлкеніміз 13-ке толды. Төртем туылғанда екінші балам 1-сыныпты енді бітірген, үшіншіміз 4-те болатын.

– Сырттан қараған адам «қандай күшті, төртемі бар!» дейді. Бірақ, қызығымен қатар қиындығы бар ғой…

– Төртемді босанған соң менде қатты депрессия болды. Тіпті, үйдегі алдыңғы балаларға қиын соқты.

– Сізге сол кезде кім көмектесті? Мемлекет тарапынан қандай қолдау болды?

– Бізге медбикелер кезекшілікпен қарап, көмектесіп тұрды. Бөлімшенің үш медбикесі кезекпен күндіз келетін. Бүкіл ақпарат көздерінде  бізге бір жылға дейін көмектеседі деген еді, бірақ 4 айда тоқтады. Себебі, ол кісілердің жазатын қағаздары да көп. Бізге келгені үшін артық ақша да төленбейді екен. Бір өкініштісі, елімізде көрші Ресей мемлекетіндегідей төртемге ерекше көңіл бөлінбейді екен, депутаттарымыз төртемге қатысты əлі заң шығармаған. Болашақта ел қалаулылары біз сияқты төртем-үшемдері бар отбасыларды ерекше назарға алар деп үміттенемін. Өз басым көпбалалы, сонымен қатар екі еселенген егіздердің анасы ретінде (күліп), егіз-үшем-төртемі бар отбасылардың қиыншылықтарын түсінемін, қолымнан келгенше көмегім мен ақыл-кеңесімді беріп қолдаймын. Əуезов ауданындағы ақ халатты абзал жандардың бəріне алғысымыз шексіз, еңбектері табысты болсын! Бір медбике жіберген кезде: «Ой, ол келіншекке қиын, екеу болмасақ үлгермейді екенбіз», – деп айтып барады екен. Сосын екі медбикеден жіберіп тұрды. Сонда мен күні-түні ұйықтамаймын ғой. Негізі кезекші медбикелерді түнде аналары демалсын деп бөледі. Бірақ, бірінші рет біреудің үйіне келіп тұрғасын, оның үстіне төрт бірдей шала туылған сəбиге қарау оларға да қиын. Төртемді тоғыз ай көтеріп дүниеге əкелу мүмкін емес.

– Салмақтары қанша болды?

– Төртем үшін салмақтары өте жақсы деп есептелінеді. Ұлымыз Диасыл 2 келі 200 грамм, Адиля 1 жарым келі, Амира 2 келі, Аяжан 1 келі 200 грамм салмақпен дүниеге келді. Аяжанның тіпті тырнақтары да жетілмеген еді. Туылған кезде 3-4 күн ғана вакуумде жаттық. Кенжеміз Аяжан ғана 1 аптадан кейін қасымызға келді. Жүктілік кезіндегі дəрігерім – №16 емхананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Вершинина Анна Николаевна мен мені босандырған №3 перинаталды-орталықтың директоры Жақашева Эльмираның біліктілігіне ризамын.

– Балаларды өзіңіз емізіп тұрдыңыз ба?

– Көпбалалы жүктілікті бастан кешкен əйелдердің денсаулығында көп өзгеріс болады. Ішкі органдарың орнынан қозғалып кетеді екен. Ол қалпына келу үшін белгілі бір уақыт керек. Күніне бір баланы ғана емізетінмін. Дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтамағасын ананың сүті де қашып кетеді. Сосын емханадан бөлінетін қосымша сүтпен тамақтандырдық, жетпегенін өзіміз сатып алып тұрдық.

ТӨРТЕМ ҮШІН ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК БАР?

– Көпшілік төртем туылғасын бұл отбасына əкімшілік тарапынан жақсы сый-сияпат жасалды деп ойлайды…

–  Əуезов ауданының əкімі үйге келіп, гүл, балаларға көрпе-төсек сыйлады жəне менің күрделі операциядан кейінгі жағдайымды көріп, сол күннен бастап бізге түнгі кезекшілікті ұйымдастырып берді. Яғни, жоғарыда айтып өткен, мемлекет тарапынан болған көмек – 4 айға жуық медбикелердің кезекшілігі. Перзентханада теледидарға түсірген кезде барлығы балаларға киім, ойыншық, маған гүл əкеп құттықтап жатты. «Үй берді ме? Миллиондап ақша берген болар?» деп жатады. Жоқ, ондай сыйлық алмадық. Əр балаға бір реттік жөргекпұлын алдым. 1 жасқа дейін бала күтуге арналған жəрдемақы алдық. Бір жасқа толған соң ол тоқтады. Қазір «Алтын алқа» иелеріне берілетін 14 500 теңге жəрдемақыны ғана аламын.

– Балалар балабақшаға барып жүр. Жеңілдік бар шығар?

– Əзірше төртеуіне де елмен бірдей ақша төлейміз, болашақта төртем деп жеңілдік берсе, көре жатармыз (күліп). Біздің ең басты демеушіміз – папамыз. Өзім де жұмысқа шықсам деп балаларды балабақшаға бердім. Өйткені, жеті баланы асырау оңай емес… Балаларды қатардан қалдырғың келмейді. Жақсы киіндіріп, жақсы жерге қыдыртқың келеді. Əртүрлі үйірмелерге қатыстырып, физикалық күш-қуатын, ой-өрісін дамыту да керек.

– Үлкендеріңіз қолқанат болып қалған сияқты…

–  Иə, үлкен үш ұл үш қызды бөліп алған. Төртем дүниеге келгесін бұлар да тез есейіп кетті. Егіздеткен əпкем мен жеңгем қырқынан шыққанша суға түсіріп, массаж жасауға көмектесіп тұрды. Алла қолдарына дерт бермесін. Төртеуін де бесікке бөледік. Бірақ, шүмексіз бөлейтінбіз. Өйткені, шүмек салып отыруға үлгермейсің. Төрт балаға төрт адамның қолы керек екен (күліп).

– Осындай балаларды дүниеге əкелген ата-ананың махаббаты да ерекше шығар деп ойлаймын. Қалай танысып, табысып жүрсіздер?

– Екеуміз де Жамбыл облысының Қаратау қаласынанбыз. Бір күні сабақтан шығып келе жатсам, университеттің алдында бір топ жігіт тұр екен. Ішінен біреуі: «Баян, сəлем!» деп айғайлады. Қарамастан, басымды изеп кете бердім. Сол күні кешкісін үйде жалғыз қалдым. Сабақ оқып отырсам, көше азан-қазан боп кетті. Машиналар сигнал беріп, музыканың дауысы шығып жатыр. Бір кезде біздің үйдің есігінің қоңырауы шылдырлады. Ашсам, бейтаныс жігіт тұр. Əпкемді сұрайды. «Ол үйде жоқ» деп есікті жабайын деп жатсам, «Сізбен танысуға бола ма?» дейді. Анадай жерде достарының бəрі бізге қарап тұр екен. Шамасы, таныса ала ма, жоқ па деп бақылап тұрса керек. Сосын мен де атымды айтып, ішке кіріп кеттім. Жолдасым мені бір көргеннен ұнатып қалып, үйде ата-анамның жоқ екенін біліп, іздеп келген екен. Маған ұнау үшін құрбыларымның көңілін аулайтын. Қайда барсақ та алдымыздан шығатын. Шоколад, сусын əкеп бəрімізді қуантып қоятын. Өзіңді бағалап тұрған жігітті ұнатпай көр сосын (күліп).

– Төртемнің алдында үш ұл болғасын қыз күткен шығарсыздар?

– Иə, қыз болғанын жолдасым қатты қалады. Балаларға киім алуға барғанда дүкеннен кішкентай қыздардың көйлегін ұстап: «Қызымыз болмаса да, алып, шкафқа салып қойшы. Кейін қызымыз болғанда киеді», – дейтін. Қазір əкесі де, ағалары да қыздар десе шығарда жандары бөлек. Ұлдарға «Қыз деген – қонақ» деп айтсам, «сонда олар қонақ құсап кетіп қала ма?» дейді. «Мен де өз ата-анамның үйінде дүниеге келіп, сендердің папаларыңа тұрмысқа шықтым. Кейін қарындастарың университетте оқып жүргенде, тұрмысқа шығатын болады. Туған үйінен əйтеуір кететін болған соң, қыз  қонақ саналады», – деп айтсам, қарындастарын қазірден қимай, мұңайып қалады…

Жадыра НАРМАХАНОВА
«Ұлан» газеті, №35
29.08.2017

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. Батыр Баян жайлы жазган Жадыра ханымга алгысым шексиз,оте каныкты жеткигесиз.Сухбатты окып,козиме ериксиз жас келди,мен сол Баяннын женгеси болам.Осы отбасын болашакта тыс калдырманыз.Мемлекеттик тараптан кандайда бир комектер шыкса ,атсалысуга комектесиниз.Улкен ракмет

  2. Оте танымды жане кызыкты макала екен! Усынысынызга косыламыз! “Жуз жана есим” ге оте лайыкты азаматша!!!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз