Төреғали аз уақыттың ішінде елдің сүйікті әншісіне айналып шыға келді. Әуелі тойшыл қазақты билететін әнмен иіріп әкетті. «Бол жанымда», «До ре ми», «Қазақ қызға үйленем», т.т.т, кешіріңіз, т.с.с. Содан кейін осындай ырғаққа патриоттық бағыттағы әндерді әкелді. «Жаным қазақ», «Қазағым», «Қазағым-ау», «Отанды сүю» деген сияқты әндері аз да болса рухыңды түртіп қоятыны рас. «Алло» әнін ел екібастан біледі. Бір ұтқан жері – мұндай әндерді бірінен соң бірін, ізін суытпай «дүниеге» әкеліп жүр.

Айтты-айтпады, Төреғалидің Павлодар қаласында өткен ән кешіндегі қылығы екі күннен бері елдің ермегіне айналды. Әдеттегідей пікірлер екіге жарылды. Әнімен ғана емес, қылығымен де бұрыннан елді шулатып жүрген әнші бұл жолы артық кетті деуге де болар. Әсіресе киелі сахнада тұрып ап, көрерменге жекігені тіптен басынғандық. Сахна – өнер көрсететін алаң. Биік мінбеге екінің бірі шыға алмайтыны аян. Онысымен қоймай, әдептен жұрдай мақалсымақ айтқаны ашуға мінген елді тіптен ашындырып жіберді.

Артынша әншінің инстаграмм желісінде тікелей эфир арқылы халықтан кешірім сұрағанына көпшілік көншіге қойған жоқ. Түк болмағандай, ырқ-жырқ етіп отырғаны ғой көптің қытығына тиіп отырғаны.

Бұл жағдайдан соң көп ұзамай отандық радиоарналардың бірі енді әншінің бір де бір әнін эфирден бермейміз деп шорт кесті. Қазір ғана Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы атышулы әншіні енді сол өңірде өтетін ресми іс-шараларға шақыртудан бас тартқанын мәлімдеді.

– Біз Павлодардағы әр мерекеде қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуіне мүмкіндік беріп, жиі ресми шақыртулар жіберіп тұрамыз. Сөз жоқ, біз облысымызда жеке ұйымдастырушылардың тарапынан өтетін коммерциялық концерттерге бақылау жүргізе алмаймыз. Ал мемлекеттік мекемелер өткізетін салтанатты шараларға Төреғали Төреәлі шақырылмайтын болады, – деді.

Қайткенде де, бұл жағдай ән айтып жүрген кім кімге де сабақ болды. «Жаным, ағайын, кешіріңдерші» деген Төреғалиға да елдің көңілінде бір түйнек қалды. Сөздің қадірін білетін ортада жүрген әнші ғой, ендігі қадамын елдің сөзіне қарап түзер.

Әні ұнаған елге әншінің өзі де үйлесіп, қашанда сүйкімі боп тұрса, қандай ғанибет! Елдің алдында жүрген адамға өсіп келе жатқан бала буын еліктемей қоймайды. Оның өмірдегі әр басқан қадамын үлгі еткісі бар. Дегенмен, қадірі қашқан әншілердің ішінде мұндайлар тіптен азайып бара жатқаны өтірік емес. Бұл жағдайдан соң есінеп жүргендер есін жиса дейсің…

Архат Өмірзақ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз