БАЛАҚАЙ:

Ботақаным үнемі

Тау арқалап жүреді.

Айтшы, сонда болса мән,

Не үшін керек ол саған?

БОТАҚАН:

Сұрағыңның мәні бар,

Бұл – өркеш қой, танып ал!

Демей: «…Белім бүгілді»,

–Көтеремін жүгіңді.

БАЛАҚАЙ:

Құлыншағым – «Қылқұйрық»,

Сенен озар жоқ жүйрік.

Кескен құрақ қияғын

Неге жұмыр тұяғың?

ҚҰЛЫНШАҚ:

Жолсыз тауда, орманда

Алып жүрем өзіңді.

Қалмау үшін сол маңда

Тұяқ керек төзімді.

БАЛАҚАЙ:

Бұзауқаным, қалайсың,

Қолымды кеп жалайсың.

Не болды екен қалауың,

Неге таңқы танауың?

БҰЗАУҚАН:

Тыңда, айтайын мен енді,

Саған сүтті берер кім?..

Танауыммен түрткілеп,

Идірмесем енемді.

БАЛАҚАЙ:

Қошақаным – қоңырым,

Мыңқ етпейтін момыным.

Бойыңды жүн құрсаған,

Не үшін керек бұл саған?

ҚОШАҚАН:

Көп қой мұның керегі,

Қыста апаң денені

Қорғап жүрер суықтан

Киім тоқып береді.

Қуат АХЕТОВ

Қызылорда облысы,

Жалағаш ауданы.

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз