Бауырларым əр қалада оқитындықтан үйге жиналудың уақытын Жаңа жылға туралаймыз. Мерекеде ауылға қайтып, туыс-туғанмен өткіземіз. Шырша сəндейміз. Əкем арнайы мал сойып, анам үлкен дастарқан жаяды. Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен, жылы тілекпен қарсы алуға тырысамыз. Ал одан екі апта бұрынғы Тəуелсіздік күніне бұлай қамданбайды екенбіз. «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева отбасымен бірге осы айтулы күнді тойлағандаойланып қалғанымыз да содан. Тəуелсіздік күнін отбасымен тойлаудың үлгісін көруге біз де бардық.

Гөзел апай мейрамханаға бас-аяғы алпысқа жуық туысын жинап алыпты. Оның жартысынан көбі – балалар. Көк жалаушаларын ұстап, жүгіріп жүр. Мейрам əрқайсымыз бір жалаушадан ұстап, əнұран шырқаудан басталды. Гөзел апай ішке өзі бастап кіріп, барлығымызды залдың ортасына жинады. «Бүгін қандай мереке?» – дейді. Балалар: «Тəуелсіздік күні!» – деп шулады. «Тəуелсіздікке кімнің арқасында жеттік?» – деп тағы сұрады. «Батырлардың!» – деп жауап берді олар. «Қазақстанды гүлдендіретін кім?» – дейді. «Біз!» – деп қолдарын көтерді балалар. Осы кезде Гөзел апай: «Əй, ата-аналар, жастар, сендер елімізге еңбек етпейсіңдер ме?» – деп қойып қалды. Сонда барып екі қолымызды көтеріп, біз де жамырай кеттік.

– Азаттық жолында талай батыр қан төкті, талай қазақ құрбан болды. Соның соңғысы – Желтоқсанның боздақтары. Бізге егемендікті қолымызға іліндіріп кеткен де сол азаматтар. Енді оны ұстап тұру – біздің парыз. Біздің халық азаттықтың ақ таңы ататын күнді ғасырлар бойы күтті ғой. Ендеше, Тəуелсіздік күнін неге отбасы болып, шат-шадыман көңіл күймен қарсы алмасқа?! Жаңа жыл дегенде бəріміз шыршаны жасандырып, аста-төк дастарқан жасаймыз. Ал өзіміздің Тəуелсіздік мерекесін думандатып өткізуге, отбасылық мейрамға айналдыруға не кедергі? Бұл алғашқымыз. Енді дəстүрге айналдырмақ ниеттеміз, – деді Гөзел апай.

52 ГЕКТАРҒА БАҚ ЕКТІМ

Қазақстанның даму бағытының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Танымдық мақсатта мейрамхана залына Гөзел апай «Агротуризм өнімдері – 2017» атты көрме ұйымдастырыпты.

– Біздің байлығымыз – жер. Оны тек игере берсек болғаны. Асқабақ, алма, алмұрт секілді ауыл шаруашылық өнімдерін қойғандағы мақсатымыз да балалардың қызығушылығын ояту еді.  Өйткені қазір барлығы қалаға қашады. Ешкім қызанақтың түбін қопсытып егін басында жүргісі келмейді. Алматыдан 40-50 шақырым жерде агротуризм саласы бойынша тұрақты көрме құрып, кішігірім бақша өсірмекпін. Əрі отбасылық демалыс орнына айналады. Балалар дүкеннен сатып алып жейтін, кейде тіптіөмірі көрмеген жеміс-жидектермен танысады, дəм татады. Алма жұлып жейді, құлпынай тереді. Сондай-ақ диірмен, арба секілді диқаншының, бағбан мен қойшының да пайдаланатын заттарын қоймақпын, – деп сөзін жалғады Гөзел апай.

Апай Кербұлақ ауданындағы Бəштей, Нұрым, Аралтөбе ауыл-дарында 52 гектар жерге бақ егіпті. Абайдың 170 жылдығы жақындағанда 170 еменнің көшетін екі жыл күтіп-баптап, бір жарым метрге жеткенде Нұрым ауылындағы мектептің жанына отырғызады. Қазір ол бақ «Абай бағы» деп аталады. Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне алма бағын ашқан. «Батыр ана» бағы да бар. «Менің шешем он бір құрсақ көтерген кісі. Ауылымыздан 130 батыр ана шыққан. Сол аяулы аналардың құрметіне «Батыр ана» бағын аштым», – дейді Гөзел апай. Ал биыл Мұхтар Əуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай 120 сəнағаш көшетін отырғызып, бақ ашыпты.

Балаларға да арнайы тапсырма беріп қойыпты. Балабақшаға барып жүрген балапандардан бастап, студент жастарға дейін сахнаға шығып өлең оқыды. Арасында Лəззəт Асанова, Ербол Сыпатаев сынды желтоқсан құрбандарының өмірін баяндап бергендері болды. Қайрат Рысқұлбековтың  бірнеше өлеңі жатқа айтылды. Балалар кеш бойы сахнаға бірінен соң бірі көтеріліп, тəуелсіздікке өлең арнады. Тəуелсіздік мерекесін отбасы болып тойлау идеясы қалай келгенін сұрағанымызда:

– Біз желтоқсан айы бастала салысымен Жаңа жылдың шыршасын жасап, қаланы құттықтаулармен толтырып жатыр деп ренжиміз. Азаттық алған күнімізге қарсы неге афишалар ілінбейді деп долданып жүргеніміз. Оған өзгені, үкіметті кінəлай бергеннен пайда жоқ. Əркім өзінен бастау керек деп ойладым. Тəуелсіздік күні тек мемлекеттік мекемелерде аталып өтіледі. Бірақ, отбасымен тойлаған ерекше əсер етеді ғой. Биыл бірінші рет отбасы, жақын туыстарымызбен тойлап жатырмыз. Сондықтан кемшіліктер болуы мүмкін. Дəстүрге айналғанда барлығы түзеліп, бір қалыпқа түседі деп отырмыз, – деп жауап берді.

ӘР ӨҢІРДІҢ ӨЗ ДОМБЫРАСЫ БОЛАДЫ

Көрме қазақтың ұлттық аспаптарымен де толығыпты. Тамақтанып болған соң балалар көрмеге қарай жүгірді. Домбыраның көптігіне таңданғандары сонша, біріншісін ұстап болар-болмастан келесісін көруге ұмтылады. Көрмеге жиырмаға жуық музыкалық аспап қойылған. Оның барлығын «Дала сазы» шеберханасының ұсталары Еркебұлан Уəлиев пен Мадияр Есенбайұлы əкеліпті.

– Шеберхананы 2011 жылы аштық. Қазір оншақты адам жұмыс істейміз. Біз домбыраны əр облысқа лайықтап жасаймыз. Бұрындары əр өңір домбырасының өз формасы болған. Олардың үлгісін Ұлт аспаптар музейінен алдық. Негізінен шеберханамыз тапсырыс орындайды. Балалардың домбырасын 20 мыңнан, ересектердікін 50 мыңнан бастап жасаймыз. Сахналық домбыралар 150 мың теңгеден жоғары. Баға аспаптың ағашына, жасауға кеткен күш пен уақытқа, домбыраның дыбысына байланысты қойылады. Шетелге ағашқа тапсырыс береміз. Оны күтеміз. Кейде ағаш дымқыл болып келеді. Оны əбден кептірмесе болмайды. Домбыра жонатын адам дыбысты айыра білуі керек, – дейді шеберлер.

Кез келген мерекеде сыйлық беріледі. Гөзел апай оны да ескеріп, кеш соңында балалар мен ата-аналарына өсімдіктерге қатысты түрлі ертегі кітаптар, бояғыштар, дидактикалық материалдарды сыйға тартты. «Қазақстан» шоколадын үлестірді. Əр шоколадтың соңына Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан алауы» өлеңін теріп, жабыстырған екен. Қонақтардың барлығы бірнеше рет хормен оқып, ұйымдастырушы қыздардың тапқырлығына риза болды. Ал біз 16 желтоқсан күні əр үйде осындай той-думан болса екен деген тілекпен қайттық.

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №1
2 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз