Банкте отырмыз. Бізге қызмет көрсетіп отырған оператор қыздың қабағы қатулы. Бірнәрсе сұрасақ, дүңк етіп жауап береді. Бір кезде қасымыздан жымиып бір қызметкері өте шықты. Соның артынша жаңа бізге қызмет көрсетіп отырған қыз қасындағы ан әріптесіне мойын бұрып: «Осындайлар ғой, өтірік күліп жүріп, бәрін бастыққа жеткізіп барады», – деп айтып үлгерді. Біреудің сыбырына құлақ түрген адам құсап, біз қалдық.

Қазпоштада отырмыз. Мұнда өмірі мәселесі шешілмейтін тұтынушылар келеді. Сол күні сенбі болып, кеңседе жалғыз ғана қызметкер қалған екен. Он адамға бір жауап беріп отырғандықтан, басынан буы шыға бастады. Кезек бізге келгенде, жаңағы қызметкердің ұялы телефоны шырылдап қоя берді. «Ало! Мәә, қазір қолым тимей жатыр. Жұмыста жалғыз отырмын. Мына жақтан клиенттер жан-жақтан жеп жатыр ғой, жеп жатыр!» – деп жаны кейіп сөйледі. «Мәселемізді айтсақ па, айтпасақ па?» деп ойланып біз қалдық.

Халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Көпшілікпен бірге кезекте тұрмыз. Паспорт беретін қыз ашулы. Үстелге қаламды тарс еткізіп қойып: «Қолыңызды қойыңыз!» деп дүңк ете түседі. Тіпті құжаттарды лақтыруға кірісті. Кенет қасына келіп қалған әріптесіне: «Анау апаң әлі отыр ма, бедірейіп? Қашан кетеді?» – деп тістене сөйледі.

Қарап отырып, қарадай қысыласың. Ал олар «Алдымда халық тұр-ау, ұят болады-ау. Мұндай тәрбиесіз екенімді көрсетпей-ақ қояын» демейді. Иә, шын мәнінде олардың тәрбиесі ақсап тұр. Тәрбие көрген адам қай жерде де өзін мәдениетті ұстайды.

Осындай ойлармен университетке келдім. Бұл жерде де сол жағдай. Анау мұғаліміміз «ресейлік біреу жазған диссертацияны дұрыстап аударып берсеңдер, балл қойып берем» деп әлсіз жерімізден ұстап тұр. Мына мұғалім: «Маған жоба жасап беріп, оны журналға айналдырып, Фейсбукке мақтап жазсаңдар балдарыңды жоғары қоям» деп ұялмай, саңқылдап ол тұр.

Қазір екінің бірі шетелдегі мәдениет туралы әңгіме айтқыш. Олардың айтуынша шетелдерде ұрлық болмайды екен, бастық қызметкермен тең екен, қызмет көрсететін мекемелер тұтынушыларына бір сөз артық айтпайды екен, көшесін ластамайды екен, бір-біріне мейірімді екен, ең бастысы әркім өз жұмысын жақсы біледі екен деген ертегіге ұқсас пәлсапа соғады. Ал бізді, яғни қазақ қоғамын мінсіз жасауға кім кедергі? Тәрбиесі кем бе, білімі кем бе?

Б.МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз