Торғайлар ұшып жүр. Бірде оң, бірде сол жақтан зулайды. Соны көріп  ұшқысы келген Арай қолдарын жайып жүгіре беріп, құлай жаздады. Оң аяғынан сусып кеткен тәпішкесіне қарап, жақтырмай қалды. Сосын аузы бүрісіп, «сен – жамансың»  деп, шетке тастай салды. Кішкене ғана қызыл тәпішке ренжігендей тырп етпей жатып қалды.

Көп ұзамай тәпішкеге құмырсқалар келе бастады. «Бұлар не істейін деп жүр?» деп таңырқаған Арай көз алмады. Үзік-үзік сызықшалар қозғалып жүрген секілді. Бірдеңе іздегендей тәпішкенің ішін оңды-солды кезіп жүр. Ештеңе таба алмай, қайта шығады. Құр қол шыққанына ренжімей, «енді мына жақты қыдырам» дегендей басқа жаққа бет алады.

«Мына жаққа барайықшы» деп өзара ақылдаспайды, «қай жер жақсы?» деп, ешкімнен жөн сұрамайды. Түк сөйлеспейді. Әрқайсысы өз бетімен тәуекел етіп, кете береді.

«Үндемей жүргеннен қалай іштері пыспайды?»– деп  таңданды Арай. Әне, біреуі алдында жатқан қуыс қурайдың ішіне кіріп кетті. «Сенен мен қалам ба?» дегендей екіншісі де оның соңынан ілесті.

Арт жақта қалған үш құмырсқа тәпішкеге бір кіріп, бір шығады. Әлі тамашалап жүр. Әлденені қимайтын сияқты. Кетер емес.

Арай ілгері басып, қурайға жақындады. Жалбыраған шашы жерге тиердей  еңкейіп, ішін қарады. Бір қарыстай ұзынша қурайдың іші құбыр сияқты кеуек. Бірақ біркелкі тегіс емес, бұжырлары, түктері бар екен. Оны қарағанда көрді.Тығылуға қолайлы. «Жасырынбақ ойнағалы жүр ме?» деп ойлады. Жоқ, олай емес екен. Сәлден соң басы қалай бұрылса, солай қарай безектеп кете берді.

«Бұлар неге тыным таппайды? Көлеңкеде дем алып отырмай ма? Мен болсам, сөйтер едім», – деп ойлады Арай. Бірақ құмырсқада ақыл аз ғой. Арай өзінің құмырсқадан әлдеқайда ақылды екенін біліп, іштей қуанды.

Осы сәтте Асқардың дауысы естілді:

– Арай, неғып тұрсың?Ана тәпішкеңе құмырсқалар кіріп алды ғой. Одан да өзің кимейсің бе? – деді.

Өзін кінәлі сезінген Арай қипақтап:

– Құмырсқадан ұялам, – деді сасқалақтап.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз