Бұл жолы сұқбатқа Астанадағы балаларды оңалту ұлттық орталы-ғындағы логопед маман Саян Тұрысбекованы шақырдық. Ол 26 жылдан бері балалар мен ересектердің тіл ақауларын емдеп жүрген маман. Логопедпен әңгімеміз тіл кемістігінің алдын алу мен емдеу жөнінде өрбіді.

– Саян Кәрімтайқызы, баланың тілі шыға бастағанда әке-шешесі нені білуі керек?

– Сөйлеу туа қалыптасатын қабілет емес. Баланың сөйлеуі өмірге келгенінен бастап ата-анасының, айналасындағы адамдардың сөйлеу мәнері мен тәрбиеден және оқытудан қалыптасады. Сәби дүние есігін жылап ашады. Одан кейін 2-4 айында уілдейді, 5-8 айында былдырлайды, 11 айынан бастап сөздер айта бастайды. 1-1,5 жастағы баланың сөздік қорында шамамен 10-15 сөз болуы керек. Бұл әр балада әртүрлі болатын процесс, дегенмен 1 жас 3 айынан бастап бала «гүл, ат, доп» деген бір буынды қысқа сөздерді айта алуы қажет. 2 жаста баланың сөздік қорында – 300, 2,5-3 жасында 1000 сөз болуы тиіс, 2,5 жаста «су ішем, нан жеймін» деген сияқты қысқа тіркестермен қалауын жеткізе білуі тиіс. Содан кейін сөйлем құрап үйренеді, 3 жасында жасына сай тақпақ пен қысқа ертегілерді мазмұндап айта алатын шамада болады. Бұл – баланың сөйлеп үйренуінің қалыпты даму кезеңі. Ата-ана онтогенезді, яғни сөйлеу тілінің қалыпты кезеңін жақсы білуі қажет. 2-3 жас баланың сөйлеуі қарқынды дамитын уақыты, яғни сензитив кезең. Кейбір ата-аналар баламен жұмыс істейтін дәл осы кезеңді жіберіп алады, содан баланың сөйлеуі кешеуілдейді. Сондай-ақ үлкендердің баланың тіліне ілесіп, еркелетіп, сөздерді бұрмалап сөйлеуден аулақ болғаны дұрыс. Әдетте балалар еліктегіш болып келеді. «Үп ішесің бе?», «ұқ дейсің ба?», «піш дейсің бе?» деп сөйлеу мүлдем дұрыс емес. Ата-ана о бастан сөзді бұрмалай, дыбыс-тарды таза шығарып, дұрыс сөйлеуді үйрету керек.

– Баланың тілі кеш шығуына әсер ететін негізгі жайттарды айтыңызшы…

– Тілдегі кемістіктерге әртүрлі факторлар әсер етеді. Соның бірі жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулардың салдарынан баланың миы зақымданады. Екінші, босану кезіндегі жарақаттар. Кейбір балалар
дүние есігін ашқанда жыламайды. Бұл құрсақта жатқан балаға оттегі жеткіліксіз болған деген сөз. Оттегі жетпей туылған нәрестелердің тілі кеш шығады. Кейбір балалардың кіндігі оралып қалып жатады. Ол да баланың миына оттегі баруға кедергі келтіреді, ертеңгі күні баланың тілінде қандай да мүкістік болуына ықпал етеді. Жырық ерін, жырық таңдай да баланың сөйлеуін түсініксіз етеді. Адамның ауыз қуысының жағдайы, тілшіктің қысқа болуы, тістемнің ақаулығы да дұрыс сөйлей алмауға себеп. Сондай-ақ өмірдегі әртүрлі жағдайлардың әсерінен орталық жүйке жүйесінің зақымдануы да сөйлеудің бұзылуына әсерін тигізеді.

– Сөйлеуі кешеуілдеген балалармен үйде қандай жұмыс жүргізілуі керек?

– Баланың сөйлеуінің қарқынды даму деңгейін саусақтарына қарап байқауға болады. Мысалы жеті айлық бала жұдырықтан сұқ саусағын көрсете алса, келешекте ешбір ақаулықсыз сөйлейді дегенді білдіреді. Сөйлеу тілінің орталығы мида, ми қыртысында орналасады. 2-3 жаста бала қоршаған ортамен таныса бастайды. Осы жас аралығында ми тез қабылдағыш, сөйлеу тіл мүшелері де икемделгіш болады. Бұл баланың қоршаған ортаға деген қызығушылығы артып, білгішбекке айналатын кезі. Көрген-білгенін, естігенін қағып алатын кезі. Балалар осы уақытта «Неге?» деген сұрақты көп қойып, «Негебекке» айналады.
Қазіргі ата-аналар тіршіліктің қамымен ертеден қара кешке дейін жұмыста. Кешке шаршап келгенінде «балам сұрақ қоймаса, мазаламаса болды» дейтіндер де бар. Содан кішкентай баланың қолында телефон,
планшет жүреді. Одан қалса күні бойы телевизорға телміреді. Нәтижеде баламен сөйлесу шет қалып қояды. Ата-ана баламен сөйлесіп, танымын кеңейтпесе, ұйқыға жатар кезде ертегі оқып бермесе, сөздік қор қайдан дамиды?! Бұл – қазіргі балалардың сөйлеуінің кешеуілдеуіне негізгі себептің бірі. Балаға телефон, планшет ұстатқаннан гөрі, бір уақыт құммен, ермексазбен, құрастырғыш ойыншықпен ойнауына жағдай жасау керек. Мұны ұсақ саусақ моторикасы дейміз. Кезінде әжелеріміз немерелерін алдына алып, саусақтарын бүгіп отырып:
«Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек», – деп саусақтарын санамалап, «Қуырмаш» ойнататын. Бесік жыры мен ертегі айтып беретін. Мұның бәрі баланың тілінің тез сөйлеуіне, миының жетілуіне әсерін тигізеді.

– Қандай жағдайда балаға лого-педтің көмегі керек деп алаңдаған дұрыс?

– Егер бала 4-5 жасында «с-ш», «н-ң», «н-м» дыбыстарын бұрмалап, бір-бірімен алмастырып сөйлесе, сақауланса, кекештенсе, тез сөйлеймін деп тұтықса, логопедтің көмегі керек. Баланың сөздік қоры өзі қатарластарымен салыстырғанда аз болса, ойын дұрыс жеткізе алмаса да алаңдаған абзал. Логопедтер баланың айта алмай жүрген дыбыстарын дұрыс айтуына, сөздік қорын толықтыруға, сөйлеуін дамытуға көмектесеміз. Баланың сөйлеуіндегі қандай да ақаулықты анықтау үшін невропатолог, психолог, психотерапевт, сурдолог сынды мамандармен бірлесіп жұмыс істейміз. Содан кейін баланың сөйлеу тіл мүшелерінің бұлшықеттерін, ауыз қуысын тексереміз. Таңдайы жоғары ма, тістемі дұрыс па, тілінің астындағы тілшігі қысқа емес пе, бәрін зерттейміз. Сөйлеуге қатысатын ерін мен тілдің, жақ пен тістің, таңдайдың дыбысты айтудағы қозғалысын қараймыз. Содан кейін баланың айта алмай жүрген дыбыстарын арнайы жаттығулармен көрсетеміз. Тілдің өзі – бұлшықет. Бұлшықетті ширатып, жаттығу жасап тұру керек емес пе? Тілге, ерінге, ұртқа да артикулияциялық жаттығу қажет. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар «сөйлеуі кешеуілдеді» деп, 5 жастағы баланы логопедке әкеліп тұрады. «Осы уақытқа дейін қайда жүрдіңіздер?» – деп сұрасаң: «Кезінде әкесі кеш сөйлеген не анасының тілі кеш шыққан» дегенді алға тартады. Сөйтіп уақытты өткізіп алады. Мектепке баратын уақыт келгенде ғана баланың дыбыстарды бұзып айтатынын байқап, логопедтің есігін қағады. Бұл дұрыс емес. Өйткені 5 жаста баланың сөйлеуінде барлық дыбыстар қалыптасып болады.

– Бала қай жасында «р»-ды анық айта алуы керек?

– Баланың «р» дыбысын «л», «и»-мен алмастырып айтуы 5 жасқа дейін табиғи нәрсе. Бұл ең соңында қалыптасатын дыбыс. Егер 5 жастан асқан бала дұрыс айта алмаса, түзету жұмыстарын жүргіземіз. «Р-л», «т-д»
дыбыстарын жоғарғы позициямен айтқанда тіл жоғары көтеріліп, таң-дайға жақындауы керек. Логопедтер айнаның алдына отырғызып қойып, балаға «р» дыбысының дұрыс артикуляциясын, яғни дұрыс айтылуын көрсетіп береміз. Бұдан нәтиже аз болған жағдайда баланы стоматолог-хирургтарға жіберіп, олар тілшікті кесумен мәселе шешіліп жатады. Бірақ, бұл да бала үшін психикалық жарақат. Сондықтан тәжірибелі логопедтер хирургиялық әдіске емес, арнайы құралдардың көмегімен тілшікке уқалау әдісін жасайды. Сондай-ақ арнайы динамикалық және статикалық артикуляциялық жаттығулар арқылы тілшікті созамыз. «Р»-ды механикалық әдіспен – арнайы құралмен қойып, буында, сөзде, сөйлемде анық айтуға машықтандырамыз. Кейбір балалар еліктегіш келеді. Үйінде әкесінің не анасының «р»-ды айта алмайтынына еліктейді. Еліктеудің де соңы сақаулыққа әкеледі.

– «Ң»-ды айта алмайтын «ауру» дендеп барады. Мұны тіпті ерекшелік көретіндер де кезігеді. Бұл жөнінде не дейсіз?

– «Н» мен «ң»-ды айыра алмау – фонематикалық қабылдаудың бұзылуынан болуы мүмкін. Бұл сөйлегенде айқын білінбегенімен, мектепте диктант жазғанда анық көрінеді. Балалар қалай естиді, тап солай жаза салады. Оны ұстаздар сауатсыздық деп түсініп, оқушының оқу үлгерімі төмендей береді. Мысалы, «ң» мен «н»-ны дыбыстағанда тілдің қалпын балаға ұғындыруымыз керек. «Ң» дегенде тілдің артқы жағы жұмсақ таңдайға жанасады да, үн мұрыннан шығады. «Н» дегенде тілдің ұшы жоғарғы тістің артына тіреледі. Осыны балаға түсіндіру қажет. Егер бала логопедтің көрсетуі бойынша да дұрыс айта алмаса, онда механикалық әдісті қолдану керек. Яғни балаға өзі айта алатын «Н» дыбысын айтқызып тұрып, арнайы құралмен тілді артқа қарай итереміз. Сосын «мың» деген сан есімді «мын» деп, «мең» деген зат есімді «мен» деп айтудан мағынасы бұзылатынын ұғындырамыз. Осы жұмыстардан кейін бала «н» мен «ң»-ды, жалпы ұқсас дыбыстарды айыра алатын болады. «Ң» дыбысының дұрыс айтылуын айнаның алдында қайталау арқылы ғана түзетуге болады.

– Жиі болмаса да асыққанда, бірнәрсеге қобалжығанда тұтығып (кекештеніп) қалатын балалар бар. Тұтығудың себебі мен емдеу жолы қандай?

– Тұтығу дегеніміз – сөйлеудегі ырғақ пен сарынның бұзылуы. Тұтығу балада 2-6 жастар шамасында білінеді. Сондай-ақ, сөйлеу қабілеті тез дамыған балаларда сөйлеу функциясына күш түскеннен де байқалады. Кей жағдайда баланың психологиялық жарақат алуынан, яғни бірнәрседен қатты қорқып қалуынан болады. Бала тәрбиесінде баланы қатал жазалау, қорқыту да тұтығуға душар етеді. Сондай-ақ сөздік дамуы тежелген балаларда орталық жүйке жүйесінің белгілі бір құрылымдарының зақымдануынан кекештік болады. Тұтығуды психолог,
невропатолог сынды мамандармен тізе қоса отырып емдейміз. Баладағы қорқыныштың себебін анықтап, жоюға тырысамыз. Кей жағдайда баланың тұтығып сөйлеуіне ата-анасы өзі жол беріп жатады.

– Қандай жағдайда?

– Балабақша жасындағы балаға ұзын-сонар шумақты өлеңдер жаттатады.
Ондай ұзақ жолды өлең жаттауға баланың психикасы дайын емес, содан да бала тұтығады. Содан кейін отбасындағы қостілділік, үштілділік те кей жағдайда тұтығуға себепші. Балам жан-жақты болсын деп, дұрыс сөйлей алмай жатқан балаға екінші, үшінші тілді үйретуді міндеттейтін ата-аналар бар. Үйде, балабақшада әуелі орысша тіл сындырып, сосын қазақ сыныбына барғандар қазақ тіліне тән дыбыстарды, яғни ә, ғ, қ, ң, ө ,ү, ұ, һ, і дыбыстарын дұрыс айта алмай қиналады. Егер бала үш жасында өзінің ана тілінде анық, таза сөйлейтін болса ғана екінші, үшінші тілді үйретіп бастауға болады. Басқа тіл кемістіктеріне қарағанда тұтығудың баланың мінез-құлқының өзгеруіне әсері зор. Мұндай балалар қатарластарымен ойнауға, сөйлеуге қысылады, өз ортасынан оқшауланады. Сондықтан мұндай сөйлеу кемістігін баланың мектеп жасына дейінгі кезеңде ертерек емдеу, түзету оңды болмақ.

– Тілдік ақаулар тұқым қуалай ма?

– Тұтығудан басқа тіл кемістігінің ешбірі де тұқым қуаламайды.

Сұқбаттасқан
Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз