Бәріміздің әйтеуір бір сырқатымыз бар. Қатты мазаласа ғана дәрігерге жүгінеміз де, былайғы уақытта айтамыз да қоямыз. Үнемі ұнжырғамыз түсіп, шаршаңқы жүреміз. Кейде ауруымызды ешкімге айтпай жүре беретін комплекс те жоқ емес. Аурудың себептері, салдары жөнінде тыңғылықты біліміміз болғанда осы немқұрайдылықты тастар ма едік, бәлкім…
«Себепті нүкте» сауықтыру холдингінің бас емшісі Тұрсынгүл Әсемханмен Қазақстанда алғаш қолға алынған емдеу тәсілі туралы әңгімелескен едік. Тұрсынгүл ханым: «Дәрі-дәрмексіз-ақ адам өзін-өзі емдей алады», – дейді
.

– Қазір менің арман-мақсаттарым орындалып келеді. 2009 жылдан бастап массажды түп-тамырымен зерттеуге кірістім. Қытайға барып-келіп жүріп үйренуден басталды бәрі. Сосын 2010 жылдан бастап массаж жасауға кіріскенде байқағаным, халқымыз білместіктен, денсаулығына немқұрайды қарағаннан ауырып жүр екен. Өзім косметологпын, адамдар мейлі татуажға, мейлі массажға келсін, бәріне денсаулығын күтуге байланысты кеңестер беріп отырамын. Денсаулыққа қатысты білімім кеңіген сайын, осының бәрін өзіміздің қазаққа үйретсем деген мақсат ұялады кеудемде. Өзім қытайша оқығанмын, қытайдың медицинасын жүйелі түрде зерттедім. Үш жылдың алдында «cебепті нүкте» арқылы емдеуге болатынын білдім. Бұл – жаңадан пайда болған массаж.
«Себепті нүкте» арқылы емдеуді үйренуге Қытайдың Хубэй деген қаласына барғанда бел будым. Азиядағы нөмірі бірінші татуажист сонда тұрады. Асылы, содан сабақ алуға барғанмын. 3D эффектін беретін татуаж үйренуге барған мен, сабақтастарым арқылы «cебепті нүктелерге» массаж жасаудың құпияларын үйрететін мектептердің бар екенін білдім.
Содан «cебепті нүкте» арқылы емдеуді үйрену үшін Шың Жың қаласына тартып кеттім. Сөйтсем, ол жерде үйретумен емес, емдеумен айналысады екен. Ем қабылдаушылармен сөйлестім. Псориаздан, қан қысымының ауытқуынан, қант диабетінен түбегейлі айығып кеткен адамдардың әңгімесін тыңдадым. Ешқандай дәрі-дәрмексіз, осы массаждың арқасында емделген кісілер екен.
Бір күні өзім ізденіп жүріп «себепті нүктелердің» бірін тауып алдым. «Денсаулықты баптау, сақтау» орталықтарының бірінің басшысына татуаж жасауға барып, сол нүкте арқылы массаж жасап көрген едім, «Себепті нүкте» арқылы емдейтін мектептің мекен-жайын білетінін айтты. Сол жерге барып екі апта шеберліктен өттім. Массаждан әуелгі тәжірибем болғандықтан, шеберлік сабақтарынан тез өттім. Бізге ем үшін қызыл бұршақ салынған қоржынды пайдалану керек болды. Қызыл бұршақ болмағандықтан, қоржынның ішіне грелка салып алып үйренуге тура келді. Көп іздендім. Қытайша «Әр адам өзінің емшісі», «113 нүкте, 113 ауру» деген кітаптармен таныстым.
– «Себепті нүкте» арқылы емдеуді Қазақстанда алғаш болып қолға алған сіз болдыңыз ғой сонда?
– Иә, Қазақстанда бұған дейін «Себепті нүктелер» арқылы емдеу болған жоқ. «Себепті нүкте» деген – қытайдың дәстүрлі емінің ең оңайластырылған түрі. Бұны тайваньдық кісі зерттеп шыққан. Өзі жақында пайда болғанына қарамай, Қытайда үшінші медицина болып саналады. Болашақта энергиялық медицина деңгейіне көтеру бағытында зерттеліп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, әлемде екі түрлі медицина бар: біріншісі – еуропалық медицина (жедел жәрдем, система, антибиотик), екіншісі – үш мың-төрт мың жылдық тәжірибесі бар Қытайдың дәстүрлі медицинасы.
– «Себепті нүктенің» энергиялық медицина деп аталуының себебі неде?
– Басты қағидалардың бірі – адам энергиясын күшейту арқылы емдеу. Тайваньдық ғалым қытай медицинасына әуелден белгілі он екі канал, оған омыртқадағы екі каналды қосыңыз, осы он төрт каналдағы нүктелерді зерттеген. Әр ауруды емдеген кезде каналдағы нүктенің қай ағзаға қатысты екеніне мән берген. Бастапқыда ине терапиясы арқылы ем-дом жасап жүрген.

Каналдағы нүктені табу оңай шаруа емес. Қаншама жылдық тәжірибеден соң ине қолданбай-ақ, «себепті нүктелерді» саусақпен, шынтақпен уқалап, тітіркендіру арқылы емдеуге болатынына көз жеткізген.
Инемен емдеу бәрібір қанмен байланысты. Ал, мұнда дәрі де, екпе де қолданылмайды. Қытайдың дәстүрлі медицинасына сүйеніп каналдағы нүктелерге ине қадағанда, тітіркендіру әрекеті тек бір сызықпен жүреді. Ал, «себепті нүкте» арқылы емдегенде тітіркендіру күші суға тас лақтырғандай жан-жаққа тарайды. Қытайдың дәстүрлі емі үш тәсіл арқылы жүргізіледі. Бірінші – шөп дәрі. Емдік шөптер қазір бұрынғыдай таза емес. Оның үстіне қолдан химиялық жолмен егіліп жатыр. Тайваньдық ғалым әртүрлі шөптердің орнына тек имбирді ғана ұсынады. Өз ізденісімнен де байқағаным, әр аурудың рецебінде бір имбир жүреді екен. Имбирмен емдеудің жолдарын да мұқият үйрендім. Ал, енді иненің орнына, шынтақпен уқалауды, нүктелермен емдеудің орнына, «себепті нүктелермен» емдеуді жолға қойған. Менің емдеу тәсілім де осылай.
Бұрын әр ағзаға жеке диагноз қоятын еді, мұнда атаулы диагноз жоқ. Әр «себепті нүктенің» өзінің емдейтін аурулары бар. Бастың ауруларын бастағы «себепті нүкте» арқылы емдейміз. Баста да көз, құлақ ауруы, өспе, бас айналу сынды аурулар болса, соны бастағы екі нүкте арқылы емдейді. Ал, иықтағы нүкте иық, шынтақ, жауырын ауруларын, омыртқаның шетіндегі нүкте бүкіл ішкі ағзалардағы ауруларды емдейді. Жамбастағы нүкте тізе ауруын емдейді, осылай жалғаса береді. Сонда «себепті нүктелер» мүшелердің жалғанған жерінде, сүйек пен еттің арасында орналасқанын байқаймыз.
Үшінші тәсіл – нүктені қыздыру. Қытай емінде қыздыру әдісі шоқпен жүргізілетін, біз кішкентай қоржынға бұршақ салып, оны қысқа толқынды пеште қыздырып пайдаланамыз. Сосын адамның жылы энергиясын күшейту үшін қоржынды жакет секілді кигізіп қоямыз. Бұршақ салынған қоржынды қанша минут пайдалану аурудың асқынуына байланысты. Имбир ішкі ағзалардағы суықты айдау үшін, шынтақпен тітіркендіру ішкі ағзаларды тітіркендіру арқылы жылы энергияны ояту үшін қажет. Бұл тәсіл ине терапиясына қарағанда он есе жылдам энергия бөлуге көмектеседі. «Себепті нүкте» емінің негізгі әдісі сауықтыру емес, реттеу. Ішкі ағзалар ретке келгенде, өз-өзін кез келген аурудан емдеуге қабілеті жоғарылайды. Ағзаның иммунитеті белсенділікке жетіп, өзін-өзі емдеп жазады.
Ал, қызыл бұршақ 1700 жылдың алдында зерттеліп қойыпты. Асқа қолдансаң қан көбейтеді, бізше қыздырып қолданса адамның жылы энергиясын арттырады.
– Тайваньдық ғалымның «Себепті нүкте» арқылы емдеуді ойлап табу кезеңдерімен, тәжірибесімен бөліссеңіз?
– Ол кісі жиырма жыл шөп дәрігері болған. Тамыр ұстап, шөп дәрі беріп, ине терапиясымен ем жүргізген. Емдік шөптермен айналысып жүргеніне жиырма жылға жуықтағанда әйелі омырау ісігіне шалдығады. Әйелінің: «Мені емдей аласың ба?» – деген сауалынан соң, тағы ізденген ғалым қытай медицинасы да, батыс медицинасы да обырды түп тамырымен емдей алмайтынына көз жеткізеді. Химия қолдану арқылы ауруды қатыруға болса да, ол бәрібір уақытша.

Бұл кісі өзі қытай медицинасының маманы болғанымен, тәжірибесінде бұрын-соңды бұл ауру кезікпегендіктен, батыс медицинасына жүгінеді. Ең мықты деген дәрігерге апарып, ота жасатқызады, химия қабылдатады. Әйтсе де, екі жылдан кейін ауру қайта асқынып, тіптен, сүйекке кетіп бара жатқаны белгілі болады. Содан әйелін тауға, экологиялық таза аймаққа алып кетіп, әртүрлі шөп дәрілермен емдеуге кіріседі. Қытай емшілерінен ең жақсы деген шөп дәрілер алдырады. Үш жылға жуық емдеуге әрекеттенген өз еңбегінің нәтиже бермегеніне қысылған ғалым, лажсыздан әйелін «рахатта ажал құшу» орталығына апарады. Бұл – өлімі таяп, ауыр азаптанып жатқан адамдарға екпе егіп, тез ажал құшуына көмектесетін орталық. Ондағылар әйелінің жеті күн ғана өмірі қалғанын айтады. Қатерлі ісіктің соңғы сатысында адам денесі жан шыдатпастай қақсайды. Оның үстіне әйелдің іші ісіп кетеді. Сол жеті күнде қолынан келгеннің бәрін жасауға бекінген ғалым, әйелінің денесін уқалап массаж жасап, аз да болса ауруды жеңілдеткісі келеді. Нүктелерді қуалап массаж жасап отырып құйымшаққа келгенде әйелінің қатты ауырлық сезінгенін байқайды. Құйымшақтағы нүктені бес-алты минут уқалаған соң әйелі ішінің ауруы басылғанын айтады. Ғалым «бұл аурудың себепті нүктесі бар екен» деген ойға келеді.
Дәрігерлер «Жиң Шыңның» бір түрі «Хуң Шың» деген өте ыстық бір дәріні ұсынады. Қазіргі медицинада қатерлі ісікті суықпен емдейді. Химияның өзі суық, ыстыққа жолауға, шөп дәрі ішуге болмайды. Себебі, шөп дәрі қан айналымын жиілетеді. Әйелдің дәрігерлері керісінше, ыстықпен емдеп көруге кеңес береді. Енді күнде әйеліне «Хуң Шыңды» қою қылып қайнатып беріп, аурудың нүктелерін тауып, массаж жасай береді. Жеті күн артта қалғалы қашан?! Әйел біртіндеп жақсарып, аяғынан тік тұрып жүре алатын дәрежеге жетеді.
«Себепті нүкте» арқылы емдеуге болады деген ойын өзінің жұмысына емделуге келген науқастарға сынап көріп жүреді. Сол зерттеуін біртіндеп қағазға түсіруді де бастайды. Уақыт жылжып жатыр, әйелінің ғұмыры енді он айға созылады. Біраз тәжірибеден соң «адамның жылуы күшейгенде қатерлі ісікті де жоюға болады» деген ойға келген ғалым тағы іздене береді. Қаншама уақыттан бері қатерлі ісік жасушалары барлық денеге жайылып кеткен, оның үстіне бірнеше рет химия қабылдаған әйел бәрібір қайтыс болады. Өзінің өсиет хатында: «Біз ісікпен он ай күрестік. Бәрі асқындырып алғанымыздан. Асылы, оны емдеуге болады екен. Сен осыны әрі қарай зертте», – деп жазып қалдырыпты.
Әйелінің өсиетінен кейін әрбір «себепті нүктені» елу-алпыс адамға тәжірибе жасап зерттейді. Бұған бес жыл уақыт кетеді. Кітап жазуға отырады. Кітабы дайын болғасын машыққа шығарады, шәкірт тәрбиелейді. Әйелі 2002 жылы ауырса, 2007 жылдан бастап зерттеуге кіріскен ғалым бес жыл еңбектенді, ендігі бес жылдан бері «себепті нүктемен» емдеу арқылы қаншама науқасқа
көмектесті. «Себепті нүкте» емі қазірдің өзінде біраз елге тарады. Тайваньда, Малайзияда, АҚШ-та, Қытайда филиалдары бар. Міне, Қазақстанда да жолға қойып жатырмыз. Жақында арнайы осыны оқытатын мектеп аштық.
– «Себепті нүкте» арқылы қандай ауруларды емдеуге болады?
– «Себепті нүктені» емдеу деп те, баптау деп те айтады. Негізінде «себепті нүктенің» емдеу тәсілі – адамды баптау. Ауырудан сақтау, ішкі ағзалардың жұмысын реттеу арқылы ем жүргіземіз. Ішкі ағзалары реттелген адам кез келген аурудан айыға алады. Мәселен, қазір осы тәсілмен Қытайда қатерлі ісікті емдеп жатыр.
– Дәрі-дәрмексіз «себепті нүктелерге» массаж жасау арқылы емдеуді үйренген адам өзіне ем жүргізе ала ма? – Бұл тәсіл ауруды емес, адамның өзін емдейді. Адамдар табиғаттың заңымен жүрсе, күнделікті өмір сүру тәртібін сақтаса, ешқандай ауруға шалдықпайды. Адамның сырқатқа шалдығатыны – салауатты өмір салтының бұзылуынан. Осыған орай қазіргі медицина сол салдарды емдейді. Аппарат диагноз шығарғанда, қан құрамынан табылғанда ғана емдеуге қабілетті. Ал, «себепті нүкте» арқылы ауруды түп тамырымен зерттеуге мүмкіндік аламыз. Соның арқасында денсаулықтың бұзылу себептерімен күресеміз, бұл аурудың өзімен күресуге жол ашады.

Туғаннан қайтқанға дейінгі адамның өмір сүру қайнары – жылу энергиясы. Жылы энергиясы таусылған адам әрі қарай өмір сүруге қабілетсіз. Мысалға қайтқан адамның денесінің мұздайтынын-ақ алыңыз. Дұрыс тамақтанбау, спортпен айналыспау, офисте кешке дейін тапжылмай отыру, қала берді кондиционер ішкі энергияның бұзылуына алып келді. Әсіресе, кондиционер пайда болғалы аурулар асқынып кетті. Табиғаттың заңында адам терлеу керек. Жаз ба, шілде ме, ол уақта терлеу табиғи процесс. Денедегі уытты термен шығарып жіберу ләзім. Жаз бойы желдеткіштің астында отырамыз. Кондиционер қатерлі ауруларға шалдықтырады. Салқын сусындар да зат алмасу процесін нашарлатады.
– Сонымен, «себепті нүктені» уқалау арқылы диагноз шығара аласыздар ма?
– Қытайдың дәстүрлі медицинасында диагноз қою «ваң», «він», «вің», «че» деген төрт тәсілмен жүргізіледі. «Ваң» дегеніміз – көзбен қарау, жүзіне, терісіне, тіліне, көзіне қарау арқылы ауруды анықтау. «Він» дегеніміз – сұрау, науқаспен тілдесу арқылы себептерді білу. «Вің» дегеніміз – тыңдау, ем алушы сөйлеп отырғанда үніне, дауыс ырғағына мән беру, жүрекпен сөйлесу. «Че» дегеніміз тамыр ұстау, тамыр соғысынан диагноз шығару. Біз «себепті нүктені» уқалап, соған тиесілі ағзаларға көбірек үңілеміз. Мәселен, белдің «себепті нүктесі» жоғары жақта. Сол «себепті нүктені» уқалағанда қатты ауырса, белдің ауруы белгілі болады. Әйелдік аурулардың «себепті нүктесі» құйымшақта. Құйымшақты уқалағанда қатты ауырса, әйел ауруларынан хабар беріп тұрғаны. Тізенің «себепті нүктесі» құйымшақтың екі жағында. Балтыр бұлшық еттерінің «себепті нүктесі» желкеден төмен қарай, жауырынның төңірегінде. Қолдың, табанның нүктесі бар өз алдына. Өкшені «себепті нүктесі» арқылы табанда емдеуге болады. Мысалы, оншақты жыл өкшесі ауы-рып жүрген науқас «себепті нүктесін» екі күн уқалағанымда-ақ жазылып кетті. Бастысы, «себепті нүктені» дәл тауып, дұрыс уқалап тітіркендіре алуда. Сонымен қатар, аурудың жеңіл-ауырлығына, қанша уақытқа созылған мерзіміне, асқынуына қарап ем жүргізу де маңызды. Емдеу бес фактордан тұрады. Біздікі жоғарғы шеберлікпен емдеу: массаж жасау және жылы энергиясын күшейту. Бұл емнің 20-30 пайызын ғана құрайды. Бұдан бөлек төрт фактор бар: 1. Уақытымен ұйықтап, ерте ояну; 2. Тұрақты спорт; 3. Жылы тамақтану, суықтан бас тарту (емделуге келген науқастарды бірден суық астан да, сусыннан да, кондиционерден де аулақ болуға үндеймін); 4. Көңіл күй. Көңіл-күй – ауруды болдырмаудың да, тез емделудің де негізгі себептерінің бірі. Стресс, ашушаңдық ауру шақыратынын білесіздер. Осыны ұстану аса қиын емес, кәдімгі салауатты өмір салты.
Қытайда қазір дәстүрлі жолмен емдеу мемлекет көлемінде қолға алынып, ауруларды антибиотиктермен емдеу жойылып жатыр. Әрине, батыс медицинасын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, сыртқы жарақаттарға дер шағында көмек көрсету, қан кеткенде қан құю, ауа жетіспегенде аппаратпен көмектесу сынды жедел жәрдем қызметі керек.
Адам жылы энергиясы таусылғаннан ауырады. Қатты суық өтіп кеткен адамдарда Янь өшіп қалады да, Инь басым болып кетеді. Ондай адамдар суықты қалап отырады. Кондиционердің салқынын сезбейді де. Менен массаж алғаннан кейін тоңғақ болып алады. Себебі, Янь күшейеді.

– Аурудың алдын алуға ұсынар кеңестеріңіз бар ма?
– Бір орында ұзақ отыра беруге болмайды. Қырық-қырық бес минуттан кейін міндетті түрде қимылдау қажет. Сосын энергияны көтеретін нүктелерді білу артықтық етпейді. Жұмыс уақытында шаршай бастағанда, ұйқы келгенде, қастың астында, мұрынның түбінде екі көздің нүктесі бар, соны бір басып, екі уқалап үш секундтан істеу керек. Ескеріңіздер, нүктені уқалау тәсілі үш секундтан аспауы тиіс. Желкеңіз тартылса, иықты көтеріп артқа қарай айналдыру остеохондроздың алдын алады әрі емдейді. Отыз-қырық минут сайын осы әдісті жасаңыздар. Мұның энергияны күшейтуге де септігі бар. Тізеден төрт елі төмен бір нүкте бар, энергияны ерекше көтеретін нүкте. Сол нүктені үнемі басып отырған адам үш шақырым жол жүретін энергия жинайды.
Адам денесі 70-80 пайыз сұйықтықтан тұрады. Суықтық қанды ұйытып қояды. Жылылық қанның жұмыс істеуін жақсартады. Қарасаңыз, көп адамға суық өтіп кеткен, қол-аяғы мұздаған, дене температурасы 36,5 градустан көтерілмейді.
Ғалымдар бір науқасты зерттегенін оқығанмын. Өмірден өтуіне бір ай қалғанда әлгі науқастың дене қызуын өлшесе 35 градус, бірнеше күннен кейін 32 градус, тағы бірнеше күннен кейін 28 градус. Әрі қарай 22, 21, 19 градус болып төмендей берген де, соңғы күні 3 градус, 2 градус болып, ақыры мұздап қайтыс болған. Жылы энергия – өмір өлшемі екені осы. «Денсаулықты баптау, сақтау» орталығын Қазақстанда ашу да –алдағы мақсаттарымның бірі. Бізде әлі күнге мұндай орталықтар жоқ. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылға амал етуді үйрететін орталық осы болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Ү.ҚАЗЫБЕК
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз