Әй, балақайлар! Сендер мына біз сияқты ақсақал аталарды о бастан осылай жаралған деп ойламандар. Бір кезде біз де сендердей бала болғанбыз. Балалықтың талай қызығы мен шыжығын бастан кешкенбіз. Енді солардың өз басымнан өткен біреуін айтып берейін.
Ауылда тұратынбыз. Менің мектеп табалдырығын алғаш аттаған жылым. Бір күні аулада ақ күшігіммен ойнап жүр едім, біреу қақпа жақтан:
– Әй, Еркін, бері келші, – деді.
Қарасам, біздің көшеде тұратын Алдан деген бала екен. Бардым. Ол қол алысып тұрып:
– Ей, Еркін, біздің ауылға соғыс туралы бір күшті кино келіпті. Кеше көрдім. Кер-ре-мет енді! Бүгін тағы барсам, бір де билет қалмапты. Сол киноны сенің де көргің келе ме? – деді.
– Иә, көргім келеді. Бірақ билет жоқ болса қалай көреміз?
– Мына Алдан ағаңа ерсең, билетсіз-ақ көресің, – деді күліп. – Кеше ана Ермек пен Еркебай да кіре алмай жұр екен, екеуін де алып кірдім. Және ел құсап құйрығымызды ауыртып, қатты орындықта отырып көргеміз жоқ, рақаттана жатып көрдік.
– Сонда оны қай жерде «рақаттана жатып көреміз?».
– Өй, оны барғанда бір-ақ білесің. Қазір айтсам қызығы кетіп қалады.
– Сонда киноны тегін көреміз бе?
– Өй, сен де қызық екенсің! Тегін кино болушы ма еді? Дегенмен арзандау. Бір билеттің ақшасын төлесең, бүгін де, ертең де көресің. Сонда біреуі тегін деген сөз емес пе? Одан артық не керек саған? Қалай, көргің келе ме?
– Жарайды, көрейік.
– Келістік.
Екеуіміз осылайша уәделестік те, жай-жайымызға кеттік.

***
Алдан менен үш-төрт жас үлкен. Мен бірінші сыныптың, ол төртінші сыныптың оқушысы. Өзі қолынан біраз нәрсе келетін пысықай бала болатын. Ол киноға кірудің де бір амалын тапқан ғой деп ойладым.
Уәде бойынша сағат 7-ге қарай жаңа клубқа бардым. Адам көп екен. Бір уақытта жан-жағына жалтақтай қарап Алдан да жетті. Мені көріп кәдімгідей қуанып қалды. Шетке шығарып ақшасын алды да:
– Мына қаптаған адам кіріп болсын. Ермектер де келсін, – деді. Күн батып, қас қарая бастаған. Сәлден кейін-ақ клубтың есігі айқара ашылып, адамдар ішке кіріп болды. Біз күткен Ермек пен Еркебай да келіп жетті.
Алдан жан-жағына сақтана қарап алып:
– Ал, кеттік! – деді.
Клубты сыртынан айналып, артқы басына бардық. Алдан сатыны көтеріп, қабырғаға сүйеді де, өзі алдымен төбеге шықты. Одан кейін Ермек пен Еркебай, ең соңында мен шықтым.
Шатырдың іші қараңғы. Алдан төбенің орта шеніне, Ермек пен Еркебай одан берірек жайғасып жатты.
– Еркі-ін, бері кел, – деп, Алдан мені сыбырлап шақырды.
– Міне, мына жерден қара, – деп, ол маған бір орынды нұсқады. Сонда барып, екі тақтай арасындағы саңлаудан төменге сығалап едім, экран жартылай ғана көрінді. Толық көргім келіп, біресе олай, біресе былай қарап мазам кетті.
Соны байқаған Алдан:
– Қалай, жақсы көрінбей жатыр ма? – деді сыбырлап.
– Иә, – дедім мен.
– Онда бері кел. Еңбектеп қасына бардым.
– Міне, мына жерден қара, – деп, ұзынша бір саңылауды нұсқады. Соған барып етпетімнен жата қалып сығалап едім, экран толығымен көрінді. Қыбыр етпей жатып көрдім. Бір кезде Алдан басын көтеріп:
– Қалай, жақсы болды ма? – деді.
– Өте жақсы. Тіпті залдағы адамдарға дейін көрініп тұр.
– Өй, залды қайтесің, киноға қара, – деп, ол өзі де келіп, менімен бірге көрді.
Сол кезде Еркебай:
– Біз де сендермен бірге көрейікші, – деп, Ермекті ертіп, қасымызға келді. Төртеуміз бір жерге үймелеп едік, тақтайдың мардымсыз тесігі бірімізге жетсе, бірімізге жетпей қалды.
– Өй, маған жақсы көрінбей тұр. Алдан, сен ары таман жатшы! – деді Еркебай.
– Ей, екеуің өз орындарыңа барсаңдаршы! – деді Алдан қызарақтап.
– Жоқ, біз де осы жерден көргіміз келеді. Енді сендер біздің орынға барыңдар, – деп Еркебай да қырсыға қалды.
Маған ғой кино жақсы көрініп тұрды. Оқиғасына қызығып, «енді не болар екен?» деп жатқанымда, орынға таласқан Алдан мен Еркебай бірін-бірі итеріп, жұлқыласып қалды. Сол кезде төбенің астынан қаққан біраз тақтайы қақырап кетіп, Алдан екеуіміз салдыр-гүлдір құлап, гүрс етіп залға түстік! Қараңғыда жұрт клубтың төбесі құлаған екен деп, у-шу боп сыртқа жүгірді! Дүрліккен елмен бірге біз де далаға шығып кеттік.

– Қалай, еш жерің ауырған жоқ па? – деді Алдан.
– Жоқ, ауырған жоқ. Жаңа құлап түскенде сенің басыңа ұрып алып едім, аздап мұрным қанапты.
– Е, ештеңе. етпейді. Менің шекем орындыққа оңбай тиді. Міне, ісіп кетіпті. Аздап ауырып тұр.
– Айтпақшы, Ермектер не болды? –дедім мен.
– Өй, олар кұлаған жоқ, төбеде қалды. Еркебай бұзық құласа болатын еді.
Алдан екеуіміз біраз жерге дейін бірге келдік те, «сау бол» десіп, үйді-үйімізге кеттік.
Жолда келе жатып: «Құдай мені бір сақтады-ау! Құлағанда бір жерім сынса не болар едім!? Әжемнің: «Жаман іс жарға жығады» дейтіні осы екен ғой!» дедім ішімнен.

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз