ЕРТЕДЕ бір құс ормандағы биік ағаштың басына ұя салыпты. Ұясында төрт балапаны бар екен.

Бір күні ұясында отырған құсты түлкі көріп қалады.

–  Әй, құс, маған бір балапаныңды берші! Қарным ашты! – дейді түлкі.

Құс ашуланып:

– Бермеймін! Жемтігіңді басқа жерден ізде, – дейді.

– Бермесең, мына ағашты шауып құлатамын!

Мына ұзын құйрығымды көрдің бе? Бұл жай құйрық деп ойлама. Ішінде өткір қылыш бар, – дейді қу түлкі құйрығын бұлғандатып.

Бейшара құстың зәресі ұшады.

– Шаппашы, түлкіжан! Бір балапанымды құрбандық етейін. Қалғанына тие көрмеші, – деп бір балапанын төменге лақтырады.

Қу түлкіге керегі де осы еді. Балапанды қақшып алып, тайып тұрады.

Балапанынан айырылған құс қатты қайғырып, зар жылайды. Оның дауысын сол маңайда ұшып жүрген бір қарға естіп қалып, қасына ұшып келеді.

– Достым, неге жыладың? Қандай бәлеге душар болдың? – деп сұрайды қарға.

– Жыламай қайтейін?! Түлкі балапанымды жеп қойды, – дейді құс.

– Түк түсінсем бұйырмасын?! – дейді қарға таңғалып. – Ұяң ағаштың басында тұр. Түлкі ағашқа өрмелей алмайды.

Сонда қалай жеді?

– Өзім бердім. Түлкінің белінде қылышы бар екен. Сол қылышпен ағашты шауып құлатпақ болды, – дейді құс.

– Әй, ақымақ-ай! Түлкінің қылыш дегені – құйрығы. Онымен ағаш құлатпақ тұрмақ, шыбықты да сындыра алмас. Түлкі сені алдап соғып, балапаныңды олжалағанына мәз болып отырған шығар. Ол қарны ашқанда тағы да келеді. Сол кезде «қылышыңды қынабынан суыр да, ағашты шаба бер» деп айт. Көресің, түлкі түк те істей алмайды, – дейді оған қарға.

Айтса айтқандай-ақ, келесі күні түлкі тағы да келеді.

– Құс, маған балапаныңды бер! Әйтпесе, ағашты құлатамын, – дейді түлкі.

Құс:

– Құлата бер! Балапанымды бермеймін – дейді.

Түлкі:

– Онда өз обалың – өзіңе, – деп құйрығымен ағашты ұрғылай бастайды. Ары ұрғылайды, бері ұрғылайды, ақыры шаршап қалады. Әбден болдырған түлкі ағаштың түбіне отыра қалып:

– Саған бұл ақылды кім үйретті? – деп сұрайды.

– Елдің ақылын қайтемін?! Құйрықпен ұрған ағаштың құламайтынын өзім де білемін, – дейді құс.

– Қайдам?! Сенің бұған ақылың жете қоймайды.

Ормандағы ең ақылды құс қарға деп естіген едім. Саған ақыл үйреткен де сол шығар? Мен оны ұстап алып, сазайын тартқызамын әлі, – дейді түлкі.

Сөйтіп түлкі орманды кезіп, қарғаны іздеуге кіріседі. Қарға бірден табыла қоймайды. Түлкі сабылып жүріп, әбден шаршады.

Бір кезде ол бір ашық жерге жантайып жатып, демін алмақ болады.

Қанша жатқанын кім білсін, әйтеуір, бір кезде түлкі төбеде ұшып бара жатқан қарғаны көреді. Түлкі дереу тілін салақтатып, өліп қалғандай болып тырп етпей жата қалады. Қарға да жерде жайрап жатқан түлкіні байқап қалып: «Мына түлкіге не болған? Өліп қалған ба? Барып көрейінші» деп ойлайды.

Қарға түлкінің қасына ұшып келіп, үстіне қонады. Осы кезде түлкі оны шап беріп ұстап алады.

– Түстің бе қолыма! Құсқа ақыл үйреткен сен ғой?! Енді менен құтылмайсың! – дейді түлкі тісін қайрап.

– Өтінемін, мені бірден өлтіре көрмеші! Ақыры өш алғың келген екен, мені анау тұрған таудың басынан төменге лақтырып жібер. Сонда жаным қиналып, әбден сазайымды тартар едім, – дейді оған қарға.

«Шынымен-ақ, бірден жей салмай, біраз қинайыншы мұны. Өзі айтқандай, таудан лақтырып, сүйектерін быт-шыт қылайын. Шырқыратып, әй, бір өшімді алайын» деп ойлайды түлкі. Сөйтіп ол қарғаны биік таудың басына алып шығады. Бар пәрменімен жүгіріп келіп, төменге лақтырып жібереді. Қарғаға керегі де сол еді. Ол қанатын жайып жіберіп, аспанға ұшып кетеді. Осылайша ақылды қарға түлкіден айласын асырып, ажалдан аман қалған екен.

Орыс тілінен аударған
Бағдат МӘЖИТОВ

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз