Айжан бойындағы күш-қуатын мүмкіндігінше пайдалануға тырысатын өжет қыз. Жүрегінің тазалығы өз алдына бөлек əңгіме. Үнемі көңілді, жан-жағына шуағын шашып жүреді. Шынашақтай бойжеткен қазақ опера өнеріне үлес қосып жүрген əнші қыз. Халықаралық əн байқауларының жеңімпазы. Болашақта еліміздің өнер саласына өзіндік қолтаңба қалдырғысы келетін бойжеткенмен əңгімелестік.

– Астана қаласының тумасымын. Бала күнімнен өнерге жақын болдым. Құрбыларым қуыршақ ойнап жүргенде, мен музыка үйірмесіне қатыстым. Бір аптада бір рет қана ойнауға рұқсат сұрайтынмын. Отбасымда ата-анам мен әпкем бар. Жасым 24-те. Әкем –  кәсіпкер. Музыка мектебінтің фортепиано сыныбында білім алдым. Ата-анам өнер саласының үздігі болғанымды қалағандықтан, барлық жағдайымды жасады. Мектепте оқып жүргенде қатысқан байқаулардың барлығына әкем демеушілік жасайтын. Басты қолдаушым – ата-анам. Жарысқа кеткенде үйде тілеуімді тілеп отырады. Олар менің әнші болуымды армандады. Өзімнің де қалауым музыка болды. Музыка мектебін аяқтағаннан кейін вокал студиясында жаттықтым. Орта білім алу үшін музыкалық колледжде жалғастырдым. Биыл «Шабыт» Ұлттық өнер университетінің музыка факультетін тәмамдадым. Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрдым, – дейді Айжан.

Айжанның атағы Украинадағы «Х Factor» жобасында шықты. Көрермен өнерлі бойжеткеннің дауысына таңдай қағып, «опера әншісі» деп баға беріпті.  Жоғары ноталарды қиналмай айта алатын қабілеті үшін қазылар алқасының оң бағасын алды. «Ол кезең менің ең жұлдызды шағым» деп күліп еске алады өзі:

– Бұл жоба маған үлкен тәжірибе болды. Украинадағылардың ұйымдастырған сәтті бағдарламасы. Әр елдің өнерпаздарымен сынға түсу оңай болмады. Намысты қолдан бермеуге тырыстым. Сол байқаудан тапқан достарыммен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Телевизиялық байқау болғандықтан, менің танымалдығым арта түсті. Эстрадалық бағыттан гөрі, опера жанрында ән салғанды жақсы көремін. Опера – музыка өнерінің асқар шыңы. Бұл жанрдың күрделілігі – дауыс диапазонында, орындау техникасында. Көп ізденуді, жан-жақты дайындықты қажет ететін мамандық. Музыканы, тарихты, әдеби шығармаларды, ақындардың дастанын, өлеңдерін терең түсінбесеңіз, онда жақсы әнші болу өте қиын. Классикалық операға көп дайындаламын. Классикалық музыканы көбінесе тек еуропалық мәдениетке ғана тән дейтіндер бар. Тіпті, «қазаққа опера керек емес, бұл – бізге жат өнер» дегендер де болды. Дамыған елдердің опера театрлары сондағы халықтың мақтанышына айналған. Тіпті классикаға деген үлкен құрмет дәстүрге айналып кеткен. Бұл дегеніміз – сол халықтың өнерге деген үлкен махаббатының көрінісі әрі деңгейінің биіктігі. Өкінішке қарай, біздің телеарналарымыз бен радиоларымызды кілең батыстық арзан музыкалар жаулап алған заман боп тұр. Ән қоржынымда эстрадалық бағыттағы әндер де бар. Мықты сазгерлермен шығармашылық байланыстамын. Өзімнің де сазгерлік қабілетім бар. Мен ешқашан опера әншісі болғаныма өкінбеймін. Керісінше, операға деген махаббатымның шексіздігінен құдіретті өнер жолын таңдағанымды зор мәртебе санаймын. Әрі дауысымды күтіп-баптап, халыққа адал қызмет ету үшін барымды саламын. Әнші болып жаратылып, халықтың рухани өміріне тамшыдай болса да қызмет еткенімді бақыт санаймын. Болашақта жеке ән жинағымды шығару жоспарда бар.

Айжан армандарының барлығын өнермен байланыстырады. «Ерекше» болмысына қарамастан, жолындағы қиындықтардың барлығын жеңіп келеді.

– Өнер әлеміндегі шынайы достықты көріп өстім. Оны өмір дәлелдеп те келеді. Қашанда саналы, өзіне сенімді жандар ешқашан біреудің қуанышын қызғанбайды, керісінше, қуанады. Ал бақталастық пен көреалмаушылықты өзіне серік еткен жандарды ішкі дүниесі таяз, ой-санасы төмен, өзіне сенімі жоқ адамдар дер едім. Менің достарым аз. Көп досымның болғанын қаламаймын. Бала кезден бері достармен доп қуып, құрбылармен қуыршақ ойнамадым. Сол кезеңнен бастап, достарымның қатары сирек болды. Зардап шектім деп айта алмаймын. Әділетсіздікті көрдім, көріп те келем. Бірақ халықтың ақ батасымен көгеріп, талантыма сенгендіктен, еш нәрсеге мойыған емеспін, – дейді өнерпаз бойжеткен.

«Өмірлік қағидам – ізденген адам іздегенін табады. Ерте ме, кеш пе, бәрібір табылады. Арман жоғалмауы керек. Ең бастысы арман анық қойылса, бәрі соған жетелейді. Кейде өз өміріме қарап отырсам, көп адамдар кездейсоқ көмектесіп, мені әншілікке жеткізіпті. Солардың арқасында дене бітімімдегі «ерекшелігімді» де байқамадым. Маған кездейсоқ дүниелер ұнайды. Әр күніме жоспар құрмаймын», – деп ағынан жарылды өнерлі қыз.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз