Сезім Қаһарман – кішкентай əнші. Өзі сүйкімді, қылығы тəтті, ал дауысы… Дауысы кəдуілгі кəсіби əншілерден кем түспейді. «Сезімнің халық арасына танылуы қызық оқиғаны еске түсіреді», − дейді анасы. Сөйтсек, əлеуметтік желіде сыпыртқыны микрофон ретінде пайдаланған баланың бейнежазбасы көпті таңдай қақтырыпты. Ол бейнежазбаны сендер де көрген боларсыңдар, бəлкім.

Сезімнің тілін қызықтап, сұрақты алдымен өзіне қойдым. Ары қарай анасы Əйгерім де əңгімемізге араласып отырды. Ал Сезім үлкен əншілерше салмақты сұхбат бере білді.

Тілші: Сезім, қанша жасыңнан бастап əн айтасың?

Сезім: Мен қазір алты жастамын. Алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа барамын. Əнді үш жасымнан бастап балабақшада айтып жүрдім. Əн айтқан маған өте ұнайды.

Тілші: Əн айтуға кім себепкер болды? Отбасыңда өнерге жақын адам бар ма?

Əйгерім Мұзарапова: Сезімнің əн айту қасиеті қанында бар десем болады. Себебі, ата-əжесі де өнерден алыс емес. Əжесі Түймегүл Төлегенова Ақарық ауылындағы «Əжелер ансамблінің» белсенді мүшесі. Əкесі Кеңпейіл Еркін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың музыка бөлімін бітірген.

Тілші: Ең алғаш сахнада 4 жасыңда өнер көрсетіпсің. Сол кездегі сезіміңді бізге айтып берші?

Сезім: Үлкен сахнаға шыққанымда анам: «Сезім, сен қорқып тұрған жоқсың ба?» − деп жиі сұрады. Жоқ, мен қобалжымадым. Халыққа əнімді дұрыс жеткізгім келеді. Сондықтан сахнада қорыққанымды ұмытып кетемін.

Тілші: Əнді дұрыс айту үшін ұстаздардан сабақ алып тұрасың ба? Əн таңдауға кім көмектеседі?

Əйгерім Мұзарапова: Сезім осы кезге дейін ешқандай əн үйірмесіне барған емес. Себебі, қызымыздың əнші болғанын қаламадық. Алайда, Сезімде табиғи дауыс бар. Сондықтан қыркүйек айынан бастап вокал курсына береміз деп шештік.

Сезім: Мен əнді өзім таңдаймын. Сосын анама «осыны айтайыншы» деп өтініш жасаймын.

Тілші: Сезім, кімді үлгі тұтасың?

Сезім: Əкемді. Мен ол кісіні өте қатты жақсы көремін. Ал, əншілерден Жанар Дұғаловаға ұқсағым келеді.

Тілші: Биге де икемің бар сияқты. Би үйірмесіне барасың ба? Жалпы, қандай істермен айналысасың?

Əйгерім Мұзарапова: Рас айтасыз, Сезім жақсы билей алады. Болашақта əнді де, биді де қатар алып жүргісі келеді. Алайда, ата-ана ретінде бірінші біліміне көп талап қоямыз. Қазіргі кезде ағылшын тілі үйірмесіне барып жүр.

Тілші: Концерттерде Сезімді бояндыруға тура келеді. Бұл – сахна талабы. Ата-ана ретінде сіздің пікіріңіз қандай?

Əйгерім Мұзарапова: Қызымның костюмдері мен шаш үлгілерін өзім дайындаймын. Бұл тұрғыда ешкімге сенім арта алмаймын. Себебі, əр ана өз баласының əдемі болғанын қалайды ғой. Біз сахнада боянбаймыз. Қыз бала болғасын кейде еркелікпен «далап жағып бер» дейді (күліп). Тек бір рет қана конкурс талабымен фотосессия кезінде кəсіби мейк жасатқаны бар.

Тілші: Сезімге əлеуметтік желілерді қолдануға рұқсат бересіз бе?

Əйгерім Мұзарапова: Қазіргі таңда ғаламтордан мультфильм көрмейтін бала жоқ шығар. Сезім де арнайы бақылаумен күніне бір-екі рет мультфильм тамашалайды. Инстаграмда қызым екеумізге ортақ sezim_aiqerim атты парақшамыз бар. Оған Сезімнің жетістіктерін, əн айтқандағы видеожазбаларын салып отырамын.

Тілші: Сол Инстаграм парақшаңызда «Сезімнің көпшілік ықыласына бөленуіне сыпыртқы ұстап əн айтқан видеосы əсер етті» депсіз. Көпті шулатқан бейнежазба жайлы айтып беріңізші…

Əйгерім Мұзарапова: Бірде Сезім əжесінен «Ағажан Лəтипа» əнін үйреніп алды. Шай ішіп отырған кезімізде сыпыртқыны алып, əніне басты. «Кешке əкесі жұмыстан келгенде көрсетемін» деп видеоға түсіріп алғам. Алайда интернеттен осылай таралады деп ойламадық. Жаз мезгілінде шыбын ұратын шапалақ та əр жерде жатады ғой, түсінетін шығарсыздар (күліп). Сол шапалақты Сезім ұстап алып, жиі əн айтатын. Ол бейнені де «қызымыз бойжеткенде көрсетеміз, естелік болсын» деп жазып алғанмын.

Сезімнің осы бейнежазбаларының көрілімі өте көп болды. Содан кейін концерттерге де жиі шақырыла бастады. Бірақ, біздің «əлеуметтік желінің жұлдызы болсын» деген ниетіміз болған емес.

Тілші: Сезім, сенің ең үлкен арманың қандай? «Ұланды» мектеп жасындағы достарың оқиды. Оларға əн əлеміндегі жетістіктеріңді айтып берші?

Сезім: Менің арманым – халқымның көңілінен шығатындай əнші болу.

Тілші: Ой, бəрекелді!

Сезім: Мен былтыр «Кызылорданың кішкентай ханшайымы – 2016» бай-қауында бас жүлде иелендім. «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концертінде өнер көрсеткенім үшін «Аяла-Ботақан» қайырымдылық қорының алғыс хатымен марапатталдым. «Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат» атты байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Менің жетер жетістіктерім əлі алда (күліп).

Тілші: Əңгімелеріңізге рахмет! Арманың орындалсын, балапан!

 

Əңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.
Қызылорда қаласы
«Ұлан», №26
27.06.2017

 

 

11 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз